Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Қытайдың Lovol маркалы тракторын шығаратын цех ашылды

990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оған облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Қытайдың Lovol Heavy Industry Co.Ltd. компаниясының басқарма төрағасы Ванг Гуэйминь қатысты.

Қытайдың Lovol маркалы тракторын шығаратын цех ашылды

Қытайлық инвестор әріптес жылына 70 мың трактор, 50 мың комбайн, жол жасау және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруда әлемдік деңгейдегі көшбасбасшы компанияның бірі. Цех өткен жылдың екінші жартысынан бастап жұмыс істей бастаған болатын. Өзінің ашылу салтанатына дейін 100 тракторды құрастырып, сатып та үлгерді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов цехтың ашылуын өңір экономикасын, машина жасау саласын дамытудағы маңызды оқиғаның бірі деп бағалады. 

«Қазақстанда машина жасау, әсіресе ауыл шаруашылығы техникаларын шығаруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, құрастыратын техникалардың құрамдас бөлшектерін әкелу баж салығынан, қосымша құн салығынан босатылды. Сондай-ақ шаруа техника сатып алса, оған республикалық бюджет есебінен 25 процент көлемінде субсидия төленеді. Біздің облысқа биыл тек субсидия үшін 12,5 миллиард теңге берілді. Бұл үлкен көмек. Цех жылына 3 мың трактор шығаратын қуатпен жұмыс істейтін болады. Демек, біз тек өзіміздің облысты ғана емес, елімізді трактормен қамтамасыз етеміз, оны экспортқа шығару үшін өндіретін боламыз», деді Архимед Бегежанұлы. 

Цехтың ашылу салтанатына қатысқан Shandong Lovol Heavy Industry International Trading CO., LTD комнапиясының басқарма төрағасы господину Ван Гуймин жүзеге асқан осы жоба үшін әріптестерге, оның ішінде «ҚазАгроФинанс», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдарына, мемлекет үкіметіне, Қостанай облысының басшылығына рахмет айтты. 

«Біз трактор құрастыру цехының ашылуы үшін «АгромашХолдингKZ» компаниясымен үлкен жұмыстар атқардық. «АгромашХолдингKZ» Қазақстандағы ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын ірі өндіріс, біздің компания да осы салада тек Қытайдағы ғана емес, әлемдік деңгейдегі көшбасшы. Біздің Италияда сынақ-зерттеу орталығымыз бар, компанияда 15 мың жұмысшы жұмыс істейді, сонымен қатар көптеген елдерде өкілдіктер бар. Қазақстан Қытай үшін стратегиялық әріптес болып саналады» деді Ван Гуймин мырза.

Инвестициялық жоба құны 3,6 миллиард теңгені құрайды. Жергіліктендіру көлемі қазір 30 процент шамасында, алдағы жақын жылдары ол 50 процентке жеткізіледі. Цех өз қуатына толық жеткенде 180 жұмысшыға орын болады. Жұмысшылардың, мамандардың барлығы жергілікті азаматтар. Оларды қытайлық мамандар цех базасында үйретіп, оқытады.