Экономика • 21 Мамыр, 2019

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 320-ға жуық жоба іске қосылады

894 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгін Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында арнайы экономикалық (АЭА) және индустриялық аймақтарды (ИА) дамыту мәселесі қаралды. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 320-ға жуық жоба іске қосылады

ҚР ИИДМ деректеріне сәйкес, елімізде қазіргі таңда 12 АЭА және 23 ИА құрылып, жұмыс істеп тұр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр барлық АЭА инфрақұрылымының құрылысына бюджет шығындары 314,3 млрд теңгені, бұл ретте тартылған инвестиция көлемі 910 млрд теңгені құрағанын айтты. Яғни, АЭА инфрақұрылымына салынған 1 бюджет теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартуға жол берді.

«Арнайы экономикалық аймақ аумақтарында барлығы 183 жоба іске қосылды, олардың ішінде шетелдік қатысумен 46 жоба бар. 15,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылды», деді Р. Скляр.

Индустриялық аймақтарда инвестициялар көлемдері шамамен 183 млрд теңгені құрайтын 168 өндіріс іске қосылды. 8,5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Бұл ретте, Индустриялық аймақ инфрақұрылымына 85,9 млрд теңге салынды. Осылайша, салынған 1 бюджет теңгесі 2,1 теңге инвестиция тартты.

Р. Склярдың мәлімдеуінше, 2021 жылға қарай АЭА аумақтарында 2 трлн теңгеден асатын сомаға 147 жоба іске асырылатын болады. 2019 жылы шамамен 1200 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 160 млрд теңгеден аса сомаға 36 жоба іске қосылады.

Индустриялық аймақ аумақтарында 2021 жылға қарай 520 млрд теңге сомасына 173 жоба іске қосылатын болады. Олардың ішінде ағымдағы жылы жалпы сомасы 163 млрд теңгеге 40 жоба іске асырылатын болады.

Энергетика вице-министрі Ә. Мағауов, өз кезегінде, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА дамыту туралы баяндады. 2019 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Арнайы экономикалық аймақты іске қосқан сәттен бастап 10,1 млрд теңгеге өнім өндірілді, 2 600  жұмыс орны құрылды.

АЭА іске асырылып жатқан негізгі жобалар — полипропилен мен полиэтилен өндірісі. Оның  жалпы құны $9 млрд құрайды. Осы екі жобаның ЖІӨ үлесі 1,5% құрайды. Бұдан өзге арнайы экономикалық аймақта жеке инвесторлардың полиэтилентерефталат, метанол және циклогексан өндірісі жобаларын іске асыруы күтілуде. Олар қазір пысықталуда.  

Бұл жобалар шамамен $2,5 млрд көлемінде инвестицияны тартады. Құрылыс кезеңінде 10 000-ға дейін және пайдалану кезеңінде 1 500 жұмыс орны құрылатын болады.

Арнайы экономикалық аймақтардың жұмысындағы «Самұрық-Қазына» қорының жұмысы туралы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры Ә. Пірметов баяндады. Оның айтуынша, 2016 жылы қазанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымының барлық 68 нысаны пайдалануға берілді, 2015 жылы шілдеде «Қорғас» АЭА Құрғақ порты пайдаланыла бастады. 2015 жылдың 29 шілдесінен бастап 2019 жылдың 1 мамыры аралығында құрғақ портта ЖФЭ (жиырма футтық эквивалентінде) 317,4 мың контейнер өңделді. 2018 жылы «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА-да 9,3 млрд  теңгеден астам жеке инвестициялар игерілді.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы А. Есімов Қордың инфрақұрылым құрылысын негізгі жүргізуші екенін атап айтты. Құрылысты бір жыл бұрын - 2020 жылдың соңында аяқтау көзделген.  «Химпарк Тараз» АЭА бойынша 7 жылда 30 млрд теңге игерілді, оның ішінде 8 млрд теңге өткен жылы игерілді. Осы индустриялық аймақты басқа жобалармен толықтыру міндеті тұр.

Сонымен қатар басқаруында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар бар бірқатар өңірлер тыңдалды.  Өңірлерде АЭА пен ИА қазіргі дамуы туралы Шымкент қ. әкімі Ғ. Әбдірахымов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов баяндады.

Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек бір ай бұрын арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңға мемлекеттік қолдау шараларын алу рәсімдерін жеңілдететін, сөйте отырып, басқарушы компанияларға қойылатын талаптарды күшейтетін бірқатар өзгерістер енгізілгенін атап айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылатын болады.