Экология • 21 Мамыр, 2019

Алматыдағы ботаникалық баққа жақсарту жұмыстары жүргізіледі

1026 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының әйгілі ботаникалық бағы адам танымастай өзгереді. Жуырда жасыл желекке оранған көгал мекенге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Өсімдіктерді суару жүйесі қолға алынып, жұмсақ әрі жайлы жол төселеді. Баққа кіретін үш бірдей алып қақпа орнатылмақ.

Алматыдағы ботаникалық баққа жақсарту жұмыстары жүргізіледі

Тоғандар кеңейтіліп, арық жүйесі толықтай жаңартылады. Жобаны жаңарту кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустар, зағиптер үшін арнайы белгілер қоюға аса мән беріледі. Мамандар құрылыс жұмыстары кезінде жасыл желекке ешқандай зиян келтірмеу  жағдайы жіті назарда болатынын жеткізді.

«Біз баққа биыл күзде 1000-ға жуық ағаш және 10 мың гүл отырғызуды жоспарлап отырмыз. Егер мүмкіндік болса, одан да көп егеміз. Бейнебақылау құрылғыларын орнату да жоспарда бар. Әзірге оның нақты саны қанша болары белгісіз. Дегенмен, бұл вандализммен күресіп, халықтың қауіпсіздігі мақсатында қойылады», – дейді «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспанов.

Бақтағы жақсарту жұмыстарын көруге келген қала әкімі Бауыржан Байбек, барынша табиғи ландшафты сақтап, оны аз ғана өзгерту керектігін тапсырды.

Еске салсақ, Ботаникалық бақ 17 гектардан астам аумақты алып жатыр. Құрылыс жұмыстары барысында бақ жабылмайды. Тұрғындар бұрынғысынша жұпар ауамен тыныстап, серуендей алады.