Аймақтар • 21 Мамыр, 2019

Алматылық мектеп оқушысы білім грантын жеңіп алды

985 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда жоғарғы сынып оқушылары арасында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан білім бәйгесі өз мәресіне жетті. Алматы қаласының 8 ауданынан бақ сынаған жүз оқушының ішінен дара шыққан 25 шәкірт, жүлделі орын үшін таласты.

Алматылық мектеп оқушысы білім грантын жеңіп алды

Тыл ардагері, ардақты ана Қасыл Қатықбаева атындағы білім грантын жеңіп алған, батыр ананың атымен аталатын №168 мектептің 11 сынып оқушысы Тоғжан Баянова. Зерделі түлек Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болып отыр. Бас жүлде оқу гранты болса, бірінші орынға – 500 мың теңге, екінші орынға – 300 мың теңге, үшінші орын иесіне 200 мың теңге қаржылай сыйақы табысталды.

«Жастар жылы» аясында қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған байқауға Алматы қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханұлы демеушілік жасаған. Ұйымдастырушылар іс-шараның негізгі мақсаты ұстаздардың мәртебесін арттырып, оқушыларды ұстаздық мамандыққа тәрбиелеу екендігін айтады.

«Әртүрлі байқаулар болып жатады. Бірақ мына байқаудың ерекшелігі, біріншіден, мұнда болашақ қазақ тілі пәнінің ұстазы таңдалды. Меніңше, қазақ тілін, өз ана тілін көтерген адам жаман болмайды. Ұстаз болам деген адам шын мәнінде осыған сенуі керек», – дейді жеңімпаздарды марапаттауға келген қала әкімі Бауыржан Байбек.

АЛМАТЫ