Президент • 22 Мамыр, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысты

1296 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Арқаның төрінде жатқан Қостанайдың ел тарихы мен бүгінгі дамуындағы маңызы ерекше. Қазақтың жерін түйенің қомында, аттың жалында жүріп қызғыштай қорғаған батырларды айтпағанда, халқымыздың рухани бәйтеректері Шоқан мен Ыбырайды, Алаш арыстары Ахметті, Міржақыпты, Елдесті, ұзын-сонар тізе беруге болатын ғалымдар мен ақындарды, игі жақсыларды берген қастерлі өлкенің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысты

Мемлекет басшысы облыс орталығындағы су жаңа Жас­тар сарайына келді. Мұнда екі күннен бері көрші ел – Ресей мен Қазақстанның волонтер жаста­ры мен қоғамдық ұйымдар өкіл­дерінің қатысуымен «Во­лон­терлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастар форумы өтіп жатқан. Фо­румда волонтер жастар Қазақстан Пре­зи­денті алдында өздерінің үздік жобаларының тұсаукесерін жасады және ұсы­ныс­тарын айтты. Олардың әр­қайсысынан игілік пен ізгі­лік­тің, қайырымдылық пен мейі­рімділіктің шапағаты нұр шашып тұрғандай. Мик­ро­фон­ды бірінші болып алған Ре­сей во­лонтерлік орталықтары қауым­дастығы кеңесінің төрағасы Ар­тем Метелев Ресейдегі үлгі бо­­лар жақсы істер туралы айтты.

Мысалы, медик-волонтерлік қоз­ғалысы соның ең жарқын кө­рі­нісі деуге болады. Ресейдегі 24 мың болашақ дәрігер болатын жас мамандар ауруханаларға барып, медбикелерге 2,5 миллион сағат көмек көрсетті. Олар профилактикалық акция жүр­гізіп, донор болады немесе се­лоларға барып, дәрігер жоқ жерлерде тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетеді. Бұл жоба ие­лері «Қазақстан медицина жас­тары» қоғамдық ұйымымен ке­лісімге қол қойды. Енді олар Қа­зақ­станнан өзінің офисін аш­қы­сы келеді. А.Метелев медици­наны таңдаған қазақстандық жас­тарды өз отандастарының осы бастамасын қолдауға ша­қыр­ды. Сонымен қатар эколо­гия­лық «Таза ойын», қайырым­ды­лыққа шақырған «Менімен бірге арманда», «Қайырымды сая­­хат» жобалары туралы да әң­гіме қозғады. 

Қазақстандағы волонтерлер желісін басқаратын Вера Ким еліміздегі волонтерлік істің дамуын елордамыздың тарихымен байланыстырды. 

– Арқа төрінде елордамыз орнықты, онда Азиада, ЭКСПО сияқты халықаралық ірі шаралар өтетін болды. Міне, осыған орай тұтас волонтерлер пулы қалыптасты. Қазақстандағы во­лонтерлік қозғалыс мемлекеттің қолдауымен өріс алғанын айтуға тиіспін. 2016 жылы Волонтерлік туралы заң қабылданды, оны жасауға волонтерлердің өзі атсалысты. Мен өзім сол заңды жасау сатыларының басы-қасында болған жұмысшы тобының мү­ше­сімін. Қазір Қазақстанда 200-ден аса волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді. Волонтерліктің әлеу­меттік, төтенше оқиғалы, жа­нуарлармен жұмыс және эт­но, медициналық бағыттары тез дамып келеді. Қазақстанда қа­зір ұлттық волонтерлік желі жұ­мыс істейді. Республикалық «Жеңіс» жобасы осы желінің бет-­бейнесі болып саналады. Осы залда отырғандардың көп­ші­лігі де «Жеңіс» жобасының волон­терлері. Ұлы Отан соғысының 5 мыңнан астам қатысушысы мен тыл арда­геріне көмек көр­сетілді, – деді В.Ким. Еліміздегі мұнан басқа да жүректі елжіретер волон­терлік игі істерді баяндаған ол сө­зінің соңында 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялау­ды ұсынды. 

 Сонымен қатар Ресейдің «Победа» волонтерлер қоғамдық қозғалысы орталық штабының төрайымы Ольга Омельченкова адамзатқа зор қасірет әкелген Ұлы  Жеңіске 75 жыл толатын 2020 жылы әр елдің волонтерлерін үлкен халықаралық бір командаға бірігуді ұсынды.

–Бұл форумда қазақстандық волонтерлер біздің осы жобамызды қолдайтындықтарын білдірді. Енді оны Қазақстан басшылығы да қолдаса деген үмітіміз бар, – деді О.Омельченкова.

Ресейлік және қазақстандық волонтерлердің тамаша істерін тыңдағаннан кейін сөзді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алды. 

– Мен достық салтанат құр­ған осы залда жарқын көңілді, өзара түсініскен, игі мақсат­тар жолында бірге болуды қала­ған жастарды көргеніме қуаныш­ты­мын! Айтпақшы, мен Бірік­кен Ұлттар Ұйымында қызметте болғанда халықаралық волонтер­лерді қолдаған едім. Мен сіз­дер­дің «2020 жылды Волонтер­лік қозғалыс жылы болсын» деген түйінді, тұжырымды ұсыныс­тарыңызды қолдаймын!  – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. 
Президент волонтерлік ап­пақ жүректен шыққан жақсы ниет­тердің жаршысы, шынайы пат­риоттық сезімнің, елге қызмет етудің үлгісі екенін айтты. Во­­лонтерлік қозғалыспен бірге жақ­сылықтар, игі істер еріп жүреді. Волонтерлік әрбір жасты жақсы іске, арманға талпындырады, ал олар жасаған игіліктер әркімнің өз табысының тарихына айналады. 

Мұнан кейін Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жас­тар саясаты жөнінде мемлекет атқарып отырған істерге тоқ­тал­ды.

– Мемлекеттік органдар ме­нің тапсырмам бойынша жас­тар­дың білім алуын, кәсіптік маман­дықтарды меңгеруін, жұ­мысқа орналасуы мен сапалы демалысын күнделікті қада­ғалап, тексеретін болады. «Жас кәсіпкер» бизнес-бастамалар бағдарламасын, стартап жо­ба­ларды қолдайды, жұмысы, білімі жоқ жастардың мәселе­лері шешімін табады. Біз ең алды­мен жұмысы, кәсібі, еңбек тәжі­ри­бесі жоқ жастарды жұмысқа ор­на­ластыратын арнайы бағдар­лама жүргіземіз. Біз «Дипломмен – ауылға!», «Сер­пін» бағдар­ламалары шеңберінде бі­лікті жас ма­ман­дарды қолдауды күшейтеміз, – деген Қасым-Жо­март Кемел­ұлы во­лон­терлер­ді осындай мем­лекеттің алдын­да тұрған әлеу­меттік мәселелердің шеші­мін табуға белсене араласуға шақырды.

Мемлекет басшысы Үкі­метке, әкімдерге волонтерлік қозғалысты барынша қолдауға тап­сырма беретіндігін де айтты. Волонтерлік ағарту орта­лық­тарын ашуды, сауатты ақпа­раттық саясат жасау­ды, әлеу­меттік желілерде волон­терлік инфрақұрылым құрудың аса маңыздылығын атап көрсетті.

– Көптеген азаматтық бастамалар, волонтерлік әлеуметтік жобалар әлеуметтік желілерде пайда болады. Азаматтық ұстанымы бекем, белсенді жандар әлеуметтік маңызды жобалар ұсынады. Біз оларға барынша көңіл бөліп, қолдау көрсетуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент ресейлік жастар өкілі айтқан Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында халық­аралық экспедиция құру туралы бастамасын қолдайтындығын, сонымен қатар Алматы, Ақтөбе қала­лар­ындағы, Маңғыстау облысындағы волонтерлердің игі істеріне риза­шылығын білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев іргесі бөлінбеген көрші екі елдің ынтымағын жастар жасайтынын көлденең тартты. Алдағы уақытта халықаралық «Жыл волонтері» сыйлығын бекітуді ұсынды. Ол үздік волонтерлік бастамалар мен жобаларға, креативті істерге бері­летін болады. Оны талқылау үшін екі елдің үздік волонтерлері кіретін тұрақты Волонтерлік ке­ңес құрылуы керек. 

Форум алдында Қазақстан Президенті Қазақстан мен Ре­сей жастарының STARTUP-жо­­­баларының көрмесін аралап, Қостанай облысы Жастарға қыз­мет көрсету орталығының жұмы­сымен танысқан болатын.

Кен десең де, дән десең де алдымен ауызға ілінетін Қостанай соңғы жылдары қайта өңдеу өнеркәсібімен қара үзіп, әсіресе машина жасау ісінде Қазақстанда көш бастағаны белгілі. 

Қостанайға жұмыс сапары­­мен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен об­лыс орталығындағы «Сарыарқа­Авто­Пром» зауытына ат басын бұрған болатын. Мемлекет басшысы мұнда машина құрастыру кәсіпорнының жұмысымен таныс­ты. Биыл «СарыарқаАвтоПром» автозауыты 38 миллионнан аса теңгенің өнімін өндірді. Жылдың алғашқы тоқсанында 5306 жеңіл және жүк машинасын, автобустарды сапқа қойды. Бұл – өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 1,8 есе көп. Зауыт басшылығы жыл аяғына дейін 20000 жеңіл және коммерциялық машиналар құрастыруды межелеп отыр. Енді Қостанай автозауыты автомобильдерді сыртқа бұрынғыдан үш есе көп шығарады. Биыл автомобильдер Ресей мен Тәжікстан сияқты Кеден одағы елдеріне 30 пайызға артық сатылатын болады. Содан кейін Қазақстан Президенті шанақтарды бояйтын әмбебап цехтың және ірі бөлшектер арқылы құрастыру әдісі бойынша (DKD) автомобильдерді серия­сымен шығаратын цехтың жұ­мыс­тарын көрді.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның бүгінде әлемдік сапа стандартына сәйкес заманауи жоғары технологиялық экономика құрып жатқанын атап өтті. Сондай сапа көрсеткішінің бірі қостанайлық зауыт шығаратын брендті өнім JAC автомобилі болып отыр. Осы марканың 535 машинасы сапқа қойылды. Бренд желісі «JAC Т6 Pickup» деп аталатын жеңіл машинаның жаңа моделімен және «JAC N Х200» жүк машинасымен толыға түсті. Қостанайдан шыққан автобус­тар еліміздің автобус парктерін жаңалайды. Қазірдің өзінде 50 автобус Атырауға кетсе, жақында Шымкент қаласына 300 автобус жіберіледі. Жалпы, зауыттың өндірістік қуаты – жылына 28 мың­нан астам автомобиль. Кәсіп­орын қазіргі уақытта Ankai, MAN, JAC, HYUNDAI және Lovol автомобиль маркаларын шығарады.

Сонымен қатар осы салада жұмыс істейтін шетелдік инвес­торлар Қазақстан Президентіне өздерінің жобасын таныстырды. 

Мемлекет басшысы Қостанай қаласындағы жақында ғана ашыл­­ған «iKomek» орталығына келді. Бұл еліміздегі Нұр-Сұлтан қа­ла­сынан кейінгі екінші қызмет көр­сету орталығы болып табылады. 

Мемлекет басшысына «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жү­зе­ге асырылу барысы жөнінде мә­лімет берілді.

Сонымен қатар Қазақстан Пре­зиденті мониторинг және шұ­ғыл әрекет ету ахуалдық орта­лы­ғының жұмысымен танысты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікі­рінше «iKomek» орталығының тә­жірибесін республиканың бар­лық өңіріне кеңінен тарату қажет.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму саласына қосқан үлесі үшін «Милх» ЖШС-нің директоры Сергей Блокты, Рудный қала­сы ауруханасының бас дәрігері Талғат Қайкеновті, «Алюмин­строй» ЖШС-нің директоры Абай Мұқановты, «ГРИН» Қостанай облысы азаматтық альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Ди­нара Өтебаеваны және білім беру саласының ардагері Станислав Щегельскаяны алғыс хаттармен марапаттады.

Қостанайға сапарының со­ңында Мемлекет басшысы Қос­та­най ауданындағы «Олжа Садчи­ковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, өндірістік көрсеткіштерімен танысты.

Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлы жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.

Кәсіпорын Қостанай облы­сы­ның ішкі сұранысын және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнім­дерімен қамтамасыз етеді. Президент он­да ауыл шаруа­шылығы тауар­ларын өндіру­шілермен кез­десіп, әңгімелесті. Диқандар ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы жетіс­­тік­­терді тілге тиек етті. Соны­мен қатар пробле­ма­ларды да ортаға салды. Бел­гілі ди­қан, кәсіпкер Олег Да­ни­лен­ко көктемде  берілетін кредит­тің қайтару мерзімі өте тығызды­ғын айтты. Мем­лекет бас­шысы елі­міздің азық-түлік қауіп­сіздігін қам­та­ма­сыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аг­рар­лық сала­сының дамуын жоға­ры бағалады. 

Үкіметтің көмегімен бұл проб­лемаларды шешу жұмыстары күшейтіледі. Ал жер мәселесіне ке­лер болсақ, кім жұмыс істейді, жер соған тиесілі. Екіншіден, жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл – менің Президент ретіндегі тү­бегейлі ұстанымым, – деді Мем­лекет басшысы.

Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жо­март Тоқаевқа алғыс айтты.

ҚОСТАНАЙ