25 Мамыр, 2013

«Елім-ай» деп өткен ер баба

1108 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Елім-ай» деп өткен ер баба

Сенбі, 25 мамыр 2013 2:52

Тәуелсіздік еліміздің өткен тарихын біліп алуға, зерттеуге, қуаныш-шаттықты көзге елестететін тойлар өткізуге мүмкіндік берді. Кеңес заманында қазақ деген атауды ептеп елжірей айтсаң «ұлтшылсың» деп тап беріп таңба басатын, жәбір-жапа көрсететін қисынсыздық түгелдей болмағанымен, саябырси бастағанының өзі тарихымызды білуге, елдігіміздің ерекшелігін тануға, сөйтіп, ұлттық намысымызды оятуға мүмкіндік бергеніне қуанып жүрміз. Ұзағынан болғай!

 

Сенбі, 25 мамыр 2013 2:52

Тәуелсіздік еліміздің өткен тарихын біліп алуға, зерттеуге, қуаныш-шаттықты көзге елестететін тойлар өткізуге мүмкіндік берді. Кеңес заманында қазақ деген атауды ептеп елжірей айтсаң «ұлтшылсың» деп тап беріп таңба басатын, жәбір-жапа көрсететін қисынсыздық түгелдей болмағанымен, саябырси бастағанының өзі тарихымызды білуге, елдігіміздің ерекшелігін тануға, сөйтіп, ұлттық намысымызды оятуға мүмкіндік бергеніне қуанып жүрміз. Ұзағынан болғай!

ІV ғасырға жуық, яғни 360 жыл құлдық психологияда, көрінгеннің табанында езіліп, аузына қарап күн көруге, қабағына қарап сөйлеуге дағдыланып қалғанымыз азаттық дәуірде сезілмейді, елпілдеп тұратынымыз қазір байқалмайды деп ешкім айта қоймас. Әйтеуір, келгеніне ширек ғасыр болған азаттық еңсемізді көтеруде. Осылай ата-бабамыздың, өнерпаздарымыз бен батырларымыздың, хан мен қаралардың дүниеге келген жылын, күнін, жасаған жақсылықтары мен ерліктерін түгендеп жатқан жайымыз бар.

Өткен бабаларымызды құрметтеу кезінде әрқайсысының елге сіңірген еңбектері мен артында қалған мұраларының салмағы мен ғибраты міндетті түрде есепке алынуы шарт. Әйтпесе, тарихи оқиғаның қою-сұйығы, ауыр-жеңілдігі, парасаттылығы мен парықсыздығы араласып кетуі ғажап емес. Осы тұрғыдан келгенде өкімет тарапынан мән беріліп тізімге түскендердің республикалық деңгейде аталатын тұлғалар жайлы арнайы шешім жасағанның ешбір артықтығы, сөкеттейтіні жоқ. Атақты тарихшы, академик М.Қозыбаевша айтсақ, «біз соңғы он жыл шамасында, әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары ата тарихымызға үңілу үстіндеміз. Оның басты себебі – Ресей империясы тұсында тарихымызды отаршылдар жазды, советтік заманда Қызыл империяның мүддесіне негізделіп жасалды» (Манаш Қозыбаев. Тұлғалар тұғыры. 2009. 244-бет) деген сүбелі ойды айтқан еді. Манаш большевиктік идеологияның тоқпағын біраз соқса да өз халқына жаны ашығандықтың белгісін сездірген кезде талай сөгіс естіп, сөзге қалуды басқалардан көп көріп, марксшіл тарихшылардың ішінен шындықтан қорықпай, шын ой-пікірін айтқан, соған жету үшін өмір тауқыметін талай тартқан, сөйтіп, ұлттық таным, намыс деңгейіне алғаш жеткендердің бірі болған, ірі азамат еді.

«Елім-айды» естімегендер, қазақтың соңғы шоқына бастаған, тілін ұмыта бастағандары болмаса, төрт ғасырдай зарлана айтылатын халықтық гимнді білмейтіндер аз болар. Оның авторы кім дегенге қателескендер де, білмейтіндер де, тіпті қысыр есеппен пікір айтатындар да, ол фольклорлық бейне ғой дейтіндер де кездесіп жатады.

Мен өзім тарихи деректерсіз сөйлеуді, пікір толғауды білмейтін пенде болған соң, бұрынғының үстіне көп құжаттарды қарас­тырдым. Әсіресе, қазақ тарихшыларының пікірінен Манаш Қозыбаевтың ізденістеріне қол қоятынымды жасырмай айтатын болсам, ҚазКСР Ғылым академиясының Тарих, археология, этнография институтының директоры болып тұрған шақта тарихқа, оның ішінде қазаққа жаны ашитын зиялыларын, профессорлар мен академиктерін «Қожаберген жырау Толыбайсыншыұлының Отан тарихы мен қазақ поэзиясында алатын орны» деген тақырыпта республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізу үшін сонау солтүстік өлкеге алып баруы, ойлантуы әншейінгі рушылдықтың белгісі емес, Қожабергентану ілімін қалыптастырудың нақты қадамы болған еді.

Мен өзім бұл үдеріске тоқсаныншы жылдары араласып, профессор А.Күзембаев басқаратын заң институтының қолдауымен Қожабергеннің, Сегіз серінің өлең-жырла­­­рын жинап бастыруға аспирантым М.Дас­­­­­танбаеваны жіберіп, біраз қозғау салғанмын. Және Сегіз сері жөнінде кандидаттық диссертация жазған марқұм дарынды қаламгер Төлеш Сүлейменовтің кітап шығаруына демесін жасағанмын. Сол кезден басталған ізденіс бүгінгі тарих, этнография институты 2013 жылғы наурыз айында Алматыда өткізген үлкен ғылыми конференцияға жал­ғасты. Алда әлі талай белгіленген шаралар бар. Яғни биылғы жыл Қожаберген жылы болмақ. Мені айрықша қуантқаны Үкіметтің мәдени-тарихи құбылыстарға мән беріп, халықтық гимн авторының 350 жылдығын айрықша атап өту жөнінде шешім жасағандығы. Мұны елдігіміздің, ұлттық танымымыздың тамыр жая бастауының алғашқы нышаны деп қабылдаған жөн. Оған дәлел қандай? Төрт ғасыр бойына жылап-сықтап келген қазақтың «Елім-айды» білмейтіні жоқ. Әрине, кеңес кезінде интернационализм ұранын айғайлап айтып, ұлы державалық шовинизмге айналдырса, орыс тілі арқылы совет халқын жасамақ болған пиғылдың алдыңғы қатарында болдық қой. Азаттық келгенде теңдікті сезіне бастауымыз есімізді жиюға мүмкіндік беріп отырғанын ұлттық намысымыздың оянуына пайдаланайық. Заман әрқашан бірқалыпта тұрмайтындығын енді түсінбесек, онда елдікпен қош айтысар сәттер алда да аз болмас.

Осыншама кіріспе жазатын Қожаберген кім еді, одан қалған мұраның бүкіл қазақ үшін қандай қасиеттері бар еді деген мәселеге қысқаша болса да жауап беруге ұмтылғанымыз жөн болар.

Ең алдымен кәрісі бар, жасамысы бар бүкіл қазақтың «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Ел – жұртынан айрылған жаман екен, Мөлтілдеп екі көзден жас келеді» дегенді қазақтың зарлап айтпағандары кем. «Ұжмақ» орнаған кеңес заманында зорлықпен тілден айрылғандардың арасынан «Елім-айды» естімегендерді іздеп табу қиын емес.

Халықтық мұңға, ұлттық гимнге айналған шығарманы, шығарма емес-ау, бір ұлттың таным-түсінігінде, есінде жүретін «Елім-айдың» дұрыс бағаланбауы, оны шығарған дарынның тарихтан ойып тұрып орын алмауына не себеп болды дегенге Қозыбаевтың пікірін келтірейік: «бірінші – Қожаберген баба орыс империясына ашық қарсы, оның «Елім-айы» империяға қарсы туынды, екінші – қазақ хандарының төре тұқымынан сайлануына қарсы» дегеніне өз танымымыз тұрғысынан қосарымыз, үшінші, жалпы қазақтың демей-ақ қояйын, ел сөзін айтатын билікке ие төре-қаралардың, басшылардың, зиялылардың саясатшылдығы еді деп түсінген орынды болар. Елдің рухани сусыны, аттанар өрісі болған «Елім-ай» әнінің, жырының, дастанының иесі Қожабергеннің тарих қалтарысында қалып қойғанын мойындасақ, онда рухани жағынан шығындалғанымыз өте мол және ірі болғанын көреміз, өкінішіміз өксітпей қоймайды.

Бүкіл халықтық гимннің қасиетіне дер кезінде жетпеуіміз біздің бүкіл мәдение­­­тіміздің орынсыз датталуына әкеп соқты. «Жа­зуы болмаған елде қандай мәдениет, әдебиет болмақ?» деген евроцентристік көз­қа­рас біздің қазақ хандығы – тұрақты мем­ле­кеттігіміз батыс елдерінен әлдеқайда бұрын салтанат құрғанын айта алмай, соң­ғы төрт ғасыр бойына бөтеннің қасы мен қабағына қарап, емеурінін бағумен өткіз­­­­геніміз ең өкінішті дәуір демеске шараң жоқ.

Осы өкініштің жалғасына да кездесіп отырмыз. «Халық сөзі» газетінің 2013 жылы 12, 19 сәуірде шыққан екі санында (23,24) «Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша немесе Социал Жұмабаев фантастикамен айналысса көп жетістікке жетер ме еді?» деп мақала оңға бұрылған қадамға тағы да күдік келтіріп, дау-дамайға шақырып жатыр. Мақала авторы профессор Жамбыл Артықбаевтың осы уақытқа дейін шығарған еңбектеріне, әсіресе, қазақ тіліндегі дүниелерді оқып, қажетті кезінде пайдаланып жүретініне ішім жылып жүруші еді. Соңғы кезде ғана ашылған дарбазаның есігін шатастырып алғаны қайта өкінтіп отырғанын жасыра алмаймын.

Қазақта не көп, аттастар көп. Бір Жәнібек­ті атасаң ханы да, қарасы да, батыры да қосақталып шыға келеді. Ал тарихта қалған Қожабергендер де аз емес. Жамбылдың өз сөзімен айтсақ, «менің білетінім «Дауылпаз баба – Қожаберген жырау» өмір сүрген жүз жылдықта (1663-1763 жылдар) тарихи құжаттар мен елдің аузындағы әңгімеге мысал болған бір ғана Қожаберген белгілі. Ол он екі ата Абақ керейдің ішінде Шұбарайғырдан шыққан Қожаберген батыр. Басқа да Қожабергендер болған шығар, бірақ елдің есінде қалғаны тарихи құжат бетіне іліккені сол. Оның өзінде 1765-1757 жылдардағы қазақ-қытай соғыстарының арқасында» депті.

Екінші: «Қазақ тарихында Қанжығалыға ұран болған Толыбай сыншыдан басқа Толыбай сыншы жоқ» («Халық сөзі» №23.12.04.2013) деп түйіндейді.

Қазақстанда Сарыарқаның солтүстігін Ашамайлы керей елі жайлайтынын, басқа­ларды былай қойғанда, классиктеріміз Сәбит пен Ғабит сол рудан өрбитінін біл­мейтіндерге не айтарымды білмеймін. Әсі­ресе, Толыбай сыншының әйгілі Жалаң­­төс баһадүрдің апасы Жамалдан 20 ұл, кенжесі Қожабергенді көргені белгілі. Яғни Толыбай сыншы, оның ұлы, қазақтың ерен энци­кло­педиялық тұлғасы Қожаберген Абақ ке­рейдің Шұбарайғырынан емес, Солтүстік Қазақстан облысын мекендеген Ашамайлы керейдің Көшебесінен туғандығы тарихшыны шатастырған.

Сіздер мені жаңа ғана оянған екен деп қалмаңыздар. Еленбей жатқандардың бәрін біліп, үн қосып отыруға ешкім де міндетті емес. Алайда, елдіктің шылбырын ұстап, ірі азаматтық танытқан ұлы дарынның даңқын елемеу, шығып жатқан мұрасына дұрыстап назар аудармау, әрине, кешіре қояр жай күнә емес. Тіпті қазақ елінің осыншама ұлан-байтақ жерге ие болып, өзінің ұлттығын сақтау жолында Қожабергеннің ұлы қолбасылық қызметін атқарғанына жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Қазақ халқының оның ұландарының адамзат тарихында ірі де мәнді істерді тындыра білгендігі дерексіз емес қой. Әз Тәуке хан тұсында жазылған, атақты би Төле, Қазыбек, Әйтекелермен ақылдаса отырып, «Жеті жарғыны» дүниеге әкелген кемелділігін, бес жыл бойына елшілікпен айналысқанын былай қойғанда (1688 жылдан 1710), 23 жыл бойына қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен қолына сардар болып, өз еркімен қолбасылықты қалың қауымның алдында Түркістан қаласында қанжығалы Бөгенбай батырға тапсырғанын қалай ұмытармыз. Мемлекеттік істі ұзақ жылдар атқардым дей салу қиын болмағанмен, Әз-Тәуке ханның қарсылығына қарамай болашағы зор батырға сардарлықты ел көзінше табыс етуі әшейінгі пенденің қолынан келе бермейтін ерлік қой. Қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Ер Жәнібек пен Тұрсынбай батырларға ақылшы болу, үлгі көрсету аз абырой болмаса керек.

Қазақ елін орысқа да, қытайға да жем қылмай, тәуелсіздігін сақтай білген Абы­­лай­дың батырлары әңгімеге араласып жатқан соң 1879 жылы шыққан кітапқа дұрыс­тап мән берілмегенін айта кетейін. Ол әрі ақын­дықтың, әрі ақылдылықтың, әрі көре­­­гендік пен мәрттіктің куәсі болуға жарайтын дерек.

Ыбырай Алтынсарин өзінің «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясында» Абылай ханға арнаған тарауда «Қожаберген жырауға Абылай: «мені мақтап жыр айтшы» дейді. Қо­жаберген айтты: – Абылай, сені мен көргенде тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің. Әбілмәмбет ағаңа, қызметші болған ұл едің. Үйсін Төле билердің, түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің. Алыстан тоят тіледің. Ақтан болды қүніңіз, арсы мен қүрсіге, тайталасты үніңіз. Енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды, азаткерде құлыңыз» (Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин. «Қазақ хрестоматиясы». – Алматы. «Білім» баспасы, 2003 жыл. – 13 бет).

Осы идеяны жырға айналдырған Бұқар жырау, оның кейіпкері Абылай бүкіл қазақ халқына күні бүгінге дейін қазақ елінің ұлылары, данышпандары ретінде өмір сүріп келе жатқанын ескерсек, онда Бұқардың өзі Қожабергеннің шәкірті болғандығы, «Қожаберген ұстазым» деп мақтанатыны тек өнерпаздық тұрғыдан ғана емес, тарихи тұрғыдан да құнды ғой. Олай болса, адалдық тұрғыдан да, адамгершілік келбеттен де жалғыз төңірегін ғана емес, бүкіл елін ұйыта білген данышпандығының еленбеуіне таң қалмасқа болмас. Қожаберген қол бастаған сардар ғана емес, сөзге құдірет бітіре алған ақын, үнге жан салған сазгер, айтқанына елді сендірген дастаншыл жырау болғандығын естен шығаруға болмайды.

Қожаберген қайраткерлігін жіліктей бастасақ, «Елім-айды» шығарған сазгерлігі алдымен әуен ұйқастылығына, сөз үйле­­сімдігіне негізделгені айдан анық. Олай болса, азаматтық келбетін айқындай түскен батырлығы, батылдығы, сардарлығы, мәмі­легерлік қайраткерлігі ұйқасты сөзбен көмкерілгені, әсіресе, «Елім-ай»», «Баба тіл» дастандары, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» , «Жақсылық пен жамандық жайында хикая», «Ата тек» , «Әулие Қойлыбай» сияқты дастандарының, қисса-толғауларының, «Абылай ханға айтқан ақылы» қара сөзбен болса да ұйқасқа негізделуінің өзі оны кемеңгер ақылдылықтың ғана емес, ақын­­­­дықтың биігінен көрсетері сөзсіз.

Сөз өнері арқылы сыртқа шығып, елдің таным-біліміне арқау болған Қожабергеннің тарихшылығын айрықша атау керек. Өкінішке орай, европацентристік теорияға әбден берілгендіктен фольклорлық туындыларды көркем сөздің екінші сорты, еріккеннің әшейінгі ермегі деп түсінудің қырсығы оның ел-жұртқа жеткізіп жатқан дерек шындықтарына мән бергізбегені өкінішті. Осы өкінішіміздің кейбір мезеттерін атақты ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» деген тамаша еңбегінде еленгенінің өзі қуанышты. Ал архивтік өзектерге әбден иманын беріп қойған орыс тілді тарихшыларымыз қазақтың жыр-дастандары мен қиссаларын, аңыздарын оқи алмағандары өкінішті. Олардың мән-мағынасын білмегендері елді өз тарихынан мақұрым қалдыруға дейін апарғанын енді қысылмай айтуымыз керек. Тәуелсіздіктің арқасында «Мәдени мұраны» ақтаруға қолымыздың жеткеніне қуанайық.

Мен мұны Қожабергеннен, оның жасампаз ұрпақтарынан қалған, соңғы уақытқа дейін еленбей келген том-том әдеби көркем шығармаларды ежіктей оқудың нәтижесі арқылы айтып отырмын. Ұлы аңдампаздығымен, ақындығымен қатар Қожаберген жырау өз заманының ғана емес, өзіне дейінгі дәуірлердің шежіресін дәйектеп жасаған ұлы ғұлама тарихшы екенін енді бағаламасақ, онда біздердің зиялы елміз дегеніміз шындықтан шалғай жатқан жалғандық, қып-қызыл өтірік болып шығады.

Бұл мәтінді ойды ежіктеп таратпай-ақ тек сүбелі де мәнді тарихи оқиғаларды Қожабергеннің қалай жеткізгеніне, айтқанына назар аударайық. «Баба тіл» деген дастанда тарихшы Әбілғазы Баһадүр (1603-1663) өзінің «Түрік шежіресі » еңбегінде қазақты атамай, Үш жүз деген атаудың сырын ашпай кеткенін сынап, «Айналайын, Үш жүзім, Әбілғазыға налыма, шежіресі бар елімнің, қоймаспыз жатқа жалына» деп алады да, «Шыңғыс ханнан көп бұрын, қазақ пен үш жүз бір атау» деп ой түйгенін естен шығармайық. Жойқын Жоңғар шабуылына дейінгі дәуірді «Өткен кезең» дастанында тарата, тіпті ежіктей баяндап, бүкіл Сібірді жайлаған елдерді, әсіресе, татарлардың әр тайпасына дейін таратып, қазіргі айтылып, жазылып келгендердің шындықтан алыс екенін көзге елестетеді. «Жасымда жасап сан жорық, Байкөлден асамен бардым. Ордабасы боп жүріп, көп ел мен жерді таныдым» дегенін дастанның әр тарауынан ғана емес, тіпті әрбір шумағынан аңғарып, тарих тереңіне сүңги бересің. Қалмақтардың ата-бабасына дейін таратып шығады. Ол аз болса, «Ойғырдың анасы – Қытай, атасы – Түрік, соқтығып Қытаймен көрші тұрды жиенсініп. Қарақалпақ ағайынға шетінен жұртымызға салды бүлік.

Дүнгеннің апасы – Қытай, атасы – Араб.

Жатпады олар-дағы текке қарап,

Ұрынып Найман, Қоңырат, Жалайырға

Мазасын кетірді елдің шабуылдап, –

деген сияқты шумаққа бүкіл Байкал, Сібір өңірін ғана емес, әр ру, тайпаның тегін де, көшіп қонуын да дәлелді баяндайды. Осы тұрғыдан келгенде біздің қазақ тілін білмейтін қандас тарихшыларымыз ауыз әдебиетінің үлгілеріне айрықша зейін салып, халық тарихын бөтендердің айтқанымен емес, өздерінің танымымен ғасырлар қойнауындағы шындықты бүгінгі ұрпаққа жеткізуі керек.

Міне, Қожаберген жыраудың ғұлама тарихшылығын тек осыдан ғана танып қоймай, бүкіл ауыз әдебиеті үлгісіне тарихи-мәдени тұр­ғыдан қарау қажеттігі өзінен өзі көкейге оралады. Қожабергеннің өнерпаздығын әнші, күйші, болды, айтқыш шешен, емші-балгер, тілші, палиглот болды деп тарата бергенше қазақ халқына белгілі болған өнерпаздардың біразына ұстаз болғандығын айтып, өткен та­рихтың қыр-сырын дұрыс аңғарту арқылы ғұлама ұстаздың деңгейіне көтерілгенін көреміз.

Батыр-бағландар, әрине Қожаберген сардардың ығына жығылып, көз қиығына қарағанын былай қойып, әр шығарманың мән-мағынасына шырақ қойып қарайтын болсақ, сөз зергерлігінің өзін қазақтың ұлы ақыны С.Торайғыровтың ойымен түйіндейік.

Толыбайсыншының баласы Қожаберген

Тарихынан оғыз – түрік хабар берген.

Үмбетей, Бұқар жырау, Тәтіқара

Үшеуі Қожабергеннен үлгі көрген, –

дегенін немесе Қожаберген бабамыздың үлгісі дарыған қазақтың сөз өнерін 20 том көлемінде жинап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп кеткен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының:

Қолбасы, ақын-жырау һәм елші, би,

Шығарды «Елім-айдай» тамаша күй.

«Елім-ай» әні мен жырындағы

Шығарған Қожаберген бабаңды сүй, –

дегенін ұмытпау керек.

Тарата берсек бабамызға айтылар сөз де жетеді, ой-пікір де аз болмас. Кештеу болса да осы игі іске мұрындық болған тарихшы Манаш Қозыбаевты есте тұтып, Қызылжар – Петропавл қаласындағы халықаралық «Жеті жарғы һәм Қожаберген жырау» қоғамдық қорының атқарып жатқан істерін айрықша атау шарт. Қазір Қазақстанда қорлар көп. Олар бірді-екілі елеулі шараларды өткізіп, ата-бабаларының ру, ата, ауыл болып, мүшелді тойын өткізумен келе жатыр. Тігілген үйдің, сойылған малдың, тартылған табақтың аз-көптігіне қарай күйінетіндер де, күндейтіндер де аз емес.

Ал мына өзінің заңды да тарихи атын қайтып ала алмай отырған Қызылжар қала­­­сындағы қорды Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, профессор Бекет Тұрғараевтың ұйымдастырғанына жалғыз Қожабергеннің ғана емес, солтүстік өңір өнерпаздарының мұраларын жалықпай, жасы келіп қалғанына қарамай, қажымай жинап, баспаға өткізіп, кітап етіп шығарып жүрген Социал Жұмабаевтың еңбекшілдігін, азаматтылығын айрықша айтуымыз керек.

Тарихымыздағы ерен энциклопедиялық тұлғаның артына қалдырып кеткен мұрасы енді-енді ғана қолға алынып жатқандықтан көрген-білгенімді, архив-мұрағаттан тапқа­нымды жайып салуға дайынмын. Өзіңді өзің қадірлеп құрметтемесең, басқа біреу сенің жоғыңды жоқтамайтынын, әсіресе, бүгінгі жастар мықтап ұғып алғаны дұрыс.

Тұрсынбек КӘКІШЕВ,

профессор.