Руханият • 22 Мамыр, 2019

«Құныскерей» – құнды еңбек

1770 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Құныскерей» – құнды еңбек
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта ұлтымыздың небір аяу­лы жарқын тұлғалары осылайша  сомдалып, тарих сахнасында қайта тірілген талай тамаша туындылар дүниеге келді. Солардың қатарында қазіргі әдебие­­тіміздің белді өкілі, көр­нек­­­ті жазушы-рома­ни­ст Марат Мәжитовтың «Құныс­ке­рей» романын атасақ болады.
Жазушы Тұрысбек Сәукетаев алғы сөз жазған ауқымды ең­бек­те Гурьев, бүгінгі Атырау облы­сына қарасты Тайсойған өңірінде туып-өскен, Кеңес өкіметіне ашық қарсы шығып, қол бастап, соңына жүздеген жасақ ертпегенімен, Құныскерей банды атанып, жеті-сегіз жыл қуғында, азды-көпті қантөгісте ғұмыр кешкен Қожахмет баласы Құныскерейдің өмір-дастаны баяндалады.

«Құныскерей – еліміздің батыс өңірінде есімі елге кеңінен мәшһүр, қызыл өкіметпен жан аяспай қидаласып, күллі ғұ­мырын қуғын-сүргінде өткіз­ген трагедиялық тұлға. Ресми билік оны банды деп маңдайына қарғыс таңбасын жағып, ұрпақ санасынан батыр тұлғасын өшірмек болғанымен, оның асқақ рухы, аяулы есімі ауыздан-ауызға аңыз болып тараған», дейді жазушы Т.Сәукетаев. 

Мәселе, осынау ұшы-қиыры жоқ том-том тарихи оқиғаларды шатастырмай, ақиқатын аршып алып, көркем шығарма етіп қалың оқырманға ұсыну – оңай еңбек емес. Құйма құлақ бала Марат кішкентайынан осы жыр-аңыздардың ортасында жүзіп өсіп, қариялардың таңдайын сауып, Құныскерей туралы естелік-әңгімелерді көкірегіне тоқи білген.

Роман мазмұны біржақты емес, кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, қилы-қилы шегіністерге барады, сан алуан «тар жол тайғақ кешуді» сараптап, електен өткі­зеді. Стиль ерекшелігі, тіл байлығы көлемді шығарманы көріктендіріп тұр. Роман желісі тартымды, жеңіл оқылады, жазушы жергілікті жерді, оқиғаның шиеленіскен тұстарын ерекше сипаттайды. Автордың бұл романды жазуда көп ізденгені шығармадағы шым-шытырық оқиғалардан байқалады.

Жалпы бұл шығарма 2012 жылы Мәдениет және ақпарат ми­нис­трлігі Ақпарат және мұ­ра­­­ғат комитеті «Әдебиеттің әлеу­меттік маңызды түрлерін ба­сып шығару» бағ­дарламасы бо­йынша жарық көр­ген «Құныс­ке­рей» романының заңды жал­ға­сы, яғни екінші кітабы деуге болады. Романның біз бүгін сөз етіп отырған екінші кітабында Құныскерейдің Тү­рік­­мен елін­де­гі өмір жолы та­ри­­­­хи деректерге сүйене отырып, дәлме-дәл суреттеледі. Қым-қиғаш тар­тысқа құрылған шығарма сю­же­ті оқырманды қы­зықтыра әрі күрсіндіріп, күр­делі оқиға­лар­ды тізбектеп, өлім мен өмір ара­сын­дағы қанды ай­қас­­тарға әкеп соқ­тыр­ған небір арпалыстарды әңгі­ме­лей­ді. Ал романдағы Айбала Зәкир­қы­зының қиын да күр­де­лі тағдыры тура шынайы шын­дық­тан алынған. Кейіпкер болмысы – жазушының жанынан шығарылған қиял жемісі емес, өмірде болған оқиға еке­нін са­уатты оқырман бірден аңға­ра­тын шығар деп ойлаймыз.