«Құныскерей – еліміздің батыс өңірінде есімі елге кеңінен мәшһүр, қызыл өкіметпен жан аяспай қидаласып, күллі ғұмырын қуғын-сүргінде өткізген трагедиялық тұлға. Ресми билік оны банды деп маңдайына қарғыс таңбасын жағып, ұрпақ санасынан батыр тұлғасын өшірмек болғанымен, оның асқақ рухы, аяулы есімі ауыздан-ауызға аңыз болып тараған», дейді жазушы Т.Сәукетаев.
Мәселе, осынау ұшы-қиыры жоқ том-том тарихи оқиғаларды шатастырмай, ақиқатын аршып алып, көркем шығарма етіп қалың оқырманға ұсыну – оңай еңбек емес. Құйма құлақ бала Марат кішкентайынан осы жыр-аңыздардың ортасында жүзіп өсіп, қариялардың таңдайын сауып, Құныскерей туралы естелік-әңгімелерді көкірегіне тоқи білген.
Роман мазмұны біржақты емес, кешегі мен бүгінгіні, ескі мен жаңаны салыстыра отырып, қилы-қилы шегіністерге барады, сан алуан «тар жол тайғақ кешуді» сараптап, електен өткізеді. Стиль ерекшелігі, тіл байлығы көлемді шығарманы көріктендіріп тұр. Роман желісі тартымды, жеңіл оқылады, жазушы жергілікті жерді, оқиғаның шиеленіскен тұстарын ерекше сипаттайды. Автордың бұл романды жазуда көп ізденгені шығармадағы шым-шытырық оқиғалардан байқалады.
Жалпы бұл шығарма 2012 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Құныскерей» романының заңды жалғасы, яғни екінші кітабы деуге болады. Романның біз бүгін сөз етіп отырған екінші кітабында Құныскерейдің Түрікмен еліндегі өмір жолы тарихи деректерге сүйене отырып, дәлме-дәл суреттеледі. Қым-қиғаш тартысқа құрылған шығарма сюжеті оқырманды қызықтыра әрі күрсіндіріп, күрделі оқиғаларды тізбектеп, өлім мен өмір арасындағы қанды айқастарға әкеп соқтырған небір арпалыстарды әңгімелейді. Ал романдағы Айбала Зәкирқызының қиын да күрделі тағдыры тура шынайы шындықтан алынған. Кейіпкер болмысы – жазушының жанынан шығарылған қиял жемісі емес, өмірде болған оқиға екенін сауатты оқырман бірден аңғаратын шығар деп ойлаймыз.