Руханият • 22 Мамыр, 2019

Адамзаттың Айтматовы – Арқа төрінде

1837 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Қырғызстан – Астана» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовқа арналған «Тау мен дала кездесуі» атты шығармашылық кеш өтті. Аталған ауқымды іс-шараға Қырғызстанның қоғам қайраткері, жазушы, Розетта Айтматова және белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, елшіліктердің, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА жастар қанатының өкілдері қатысты.

Адамзаттың Айтматовы – Арқа төрінде
Заманымыздың заңғар жазушысы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматовқа арналған шығармашылық кеш аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиын барысында сөз сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев Қазақ­станның халық жазушысы Шың­ғыс Айтматов қазақ-қыр­ғызға ортақ тұлға екенін жеткізді.

«Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлды кезінде көр­нек­­ті мемлекет және қоғам қай­рат­кері Тұрар Рысқұлов Таш­кент қаласына оқуға түсіріп, тікелей тәлім-тәрбие бергенін білесіздер, болашақ жазушы еңбек жолын Жамбыл облысында бастаған. Бұл сәйкестіктер кейінірек жазушының әдеби қоржынын көркем образдармен байытып, шығармашылық жолы мен ізденістері қазақ халқымен тығыз байланыста өрбіген», деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде Қырғыз Рес­пуб­ликасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Жээнбек Кулубаев былтыр елордамыздағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Айтматов тағылымы» атты халықаралық форумды тілге тиек етіп, Нұр-Сұлтан қаласының қақ төрінен әйгілі жазушыға ескерткіш орнатылатын орынның белгіленгенін атап өтті. «Қазақ елі қырғыз жазушысының шығармашылығын жоғары бағалап, Қазақстанның халық жазушысы атағын берді. Қазіргі сәтте Нұр-Сұлтан қаласында Шыңғыс Айтматов атындағы көше де бар», деді елші мырза. 

Аты аңызға айналған адам­заттың Айт­матовы өмір бойы қазақ жазушысы Мұхтар Әуе­зовті пір тұтып, замандастары Қалтай Мұха­меджанов, Олжас Сүлейменов, Зейнолла Қабдолов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шахановпен достық қарым-қатынаста етене аралас­қаны белгілі.

Аталған жиында Қазақстанға арнайы шақырылған жазу­шының қарындасы, Қырғыз Республикасының қоғам қай­раткері Розетта Айтматова ағасы жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовпен кездес­кен сәттерін әңгімелеп берді.

«Мұхтар Омарханұлы Шың­ғысқа шығармашылықта көп шарапатын тигізді. Үнемі қол­дап, көркем дүниелеріне жақ­сы пікір­лерін жиі жазып жүрді. Шың­ғысты қазақ пен қырғызға ортақ тұлға дейтініміз де сол – ағамыздың туындылары бо­йын­ша сахналанған алғашқы спектакльдер де Қазақстанда қойылды. Оның әр шығармасында қазақ дүниетанымы, көшпелі түркі дүниесі міндетті түрде орын алатын. Бүгінгі басқосу сол ішкі рухани байланыстың бір көрінісі деп ойлаймын», деді Р.Айтматова.

Аталған дөңгелек үстел­де депутат Сауытбек Абдрах­манов Қазақстан халқы Ассам­блеясының, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы этно­мәдени бірлестіктердің жақсы бір жаңаша үрдісті қолға ал­ғанын айрықша атап өтті. «Жа­қында «Науаи – Шығыс жұлдызы» атты кешке куә болып, өзбек ағайындармен әйгілі Әлішер Науаи жайлы келелі кеңес құрсақ, бүгін адамзаттың Айтматовын ұлықтап, қырғыз бауырлармен кездесіп отырмыз. Бұл – Ассамблеяға өте жарасатын шара. Біз Қазақстандағы барлық халықты осылай ұлы әдебиеті, ұлы дәстүрі арқылы жақындастыруымыз керек. Шыңғыс ағаның менің өмірімде алар орны ерекше. Ағамыздан алған бір ғана сұхбат – өміріме кең өріс ашты деуіме болады. Айтматовтың қазақ ортасында қадыр-қасиеті өте ерекше. Қазақтың барлық жақсы қасиетін, қаншама уақыт айта алмай келген қайғы-қасіретін әлемге көрсеткен бірегей тұлға», деді С.Абдрахманов. 

Дөңгелек үстелден бөлек «Тау мен дала кездесуі» атты суретшілер көрмесінің ашылуы, «Шыңғыс Айтматов. Дәуір. Тұлға. Гуманизм» атты халықаралық эссе байқауы мен «Манас Аала­мы» атты жас манасшылар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы №79 мектеп-лицейінде Ш.Айт­матов мұражайы ашылып, Қ.Қуанышбаев атындағы Мем­лекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театры Ш.Айт­матов шығармасы бойынша «Қызыл орамалды шынарым» спектаклін ұсынды.