Тіл саясаты комитеті мен «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ғылыми-тәжірибелік орталығы» АҚ ұйымдастыруымен болатын конкурсқа ел аумағындағы барлық БАҚ өкілі қатыса алады. Ол үшін 2018 жылғы 11 маусым мен 2019 жылғы 3 маусым аралығында мемлекеттік тіл саясатын насихаттайтын, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етіп, Тіл туралы заңға қайшы әрекеттерді әшкерелейтін БАҚ-та жарияланған материалдарын биылғы 4 маусымға дейін жолдаулары тиіс.
Байқауды ұйымдастырушылардың айтуларына қарағанда, жеңімпаздар төрт аталым бойынша анықталады: «Үздік мақала», «Үздік телебағдарлама», «Үздік радиобағдарлама» және «Үздік сайт мақаласы».
Конкурсқа қатысушылардың жұмыстарын комитет бекіткен мамандар – филология, журналистика салаларының білікті мамандары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссия бағалап, жеңімпазды анықтайды.
«Байқау жеңімпазына 1 млн теңге табысталады. Әр аталым бойынша жүлдегерлер: 1-орын – 500 мың теңге, 2-орын – 350 мың теңге, 3-орын – 150 мың теңгенің сертификатына ие болады» дейді министрлік өкілдері.