Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

XVI Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады

887 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Алматыда шартараптан жеткен белді БАҚ өкілдері мен саясаткерлерді бір алаңға тоғыстырған XVI Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады. Биылғы форум «Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы ма?» тақырыбын таңдады.

XVI Еуразиялық медиа-форум өз жұмысын бастады

Үш күн бойы ақпарат айды­нының ең өзекті мәселелерін тал­қыға салатын кәсіпқой алаңда жаһан­дануға қарсы үдерістер, тұты­ну дағдарысының тереңдеуі, халық­аралық құқық пен жасанды ақыл-ойды пайдалануға бай­ланысты қауіп-қатерлер күн тәр­тібіне шығады. Сондай-ақ медиа саладағы кәсіби тақырып­тар – цифрлы әлемдегі журна­лис­тиканың болашағы мен блого­сфера ықпалының артуы  айтылмай қалмайтыны белгілі еді.

Форумның алғашқы күні алыс және жақын шетелдерден келген медиа-сарапшылардың 7 бірдей шеберлік дәрісіне арналды. Шеберлік дәріс дегеннен гөрі, журналистік пікір алмасу, ой бөлісуге көбірек ұқсайтын әріп­тестердің басқосуында әркім өзі­не керекті тақырыпты тапты.

Қысқасы, Еуразиялық медиа-форум аясында өтіп жат­қан шеберлік сабақтары ақ­п­а­рат таратудың тың тәсіл­дерін қамтыған. Мәселен, «Эко­ло­гиялық журналистика» та­қы­ры­бында ой өрбіткен ұлы­бри­таниялық маман Нелсон 
Грей­вс қоршаған орта мен жануар­­лар дүниесін қорғау мәсе­ле­сі­­нің маңызды қырларына тоқтал­ды. Бүгінде экология – әлемдік басылымдардың бірін­ші бетінен орын алатын өзек­ті сала. Жалпы, экология мәсе­лесін көтеруде ең алдымен не маңызды? Журналистер аса күрделі ақпаратты оқырманға барынша түсінікті тілмен қалай жеткізе алады? Бұл үшін қандай дерек көздері пайдалы? Егжей-тегжейлі репортаж жасау үшін оларды қалай пайдаланған жөн. Тәжірибелі маман осы тақі­леттес көптеген маңызды сауалдың жауабын табудың оң­тайлы тұстарын  саралап берді. Грейвстің айтуынша, бұл тақы­рыпты қозғағанда ең алдымен ғылыми негізге сүйене отырып, ақпараттар қорын жан-жақ­­ты қорытып барып іске асыру қа­жет. Бұл ретте тәуелсіз са­рап­шы­лардың  пікіріне жүгіну – ақи­қат­тан алшақтамаудың айқын жолы. Ғаламдық климаттың өзгеруі, сая­­си ықпалға түсіп кетпеу жа­йы­на аса нәзік қараған жөн. «Әлем осындай қақтығыстармен ұшы­расқысы келмесе, экономикасын өзгертуі керек. Яғни, әрбір баст­аманың экологиялық тиімді тұстарына, оңтайлы тәсіліне қарай бетбұрыс жасағаны абзал. Айталық, мен тұратын Фран­цияда автокөліктер дизель отынын тұтынады. Бұқара халық бұ­ған наразы. Франция үшін бұл аса шиеленісті мәселенің бірі деп айта аламыз.  Мұның салдары ауаның ластануына әкелуде. Айт­пағым, ғылым мен журналис­тиканы жақындастыру, өзара сабақтастыру керек. Бастысы – нақты дәйекке жүгіну, көңіл күй ауанына  бой алдырудың қажеті жоқ», дейді сарапшы.

Өзара пікір алмасу барысында адамзат баласы үшін аса қатер тудырып отырған мәселелер – ормандардың жоғалуы, ғаламдық қуаңшылық қаупі  де кеңінен сөз болды. Байқоңыр, Арал, Се­мей тақы­рып­тарына қатысты да ұсы­ныс­тар айтылмай қалған жоқ. Жер бетіндегі барлық игілік адам бала­сының қажеті үшін. Осы мұ­рат­­ты көздегендіктен де бұл тақы­рып ешқашан өзектілігін жоймақ емес.

Ұзын саны 60 мемлекеттен келген медиа әріптестеріміз үшін тәжірибе алмасудың тұрақты ала­ңына айналған жүздесуде ресей­лік танымал продюсер Сер­гей Бодров «Кинодағы продю­серлік өнер» тақырыбында шебер­лік сабағын өткізді. Өзі­нің алғашқы жұмысын Қазақ­станда бастағанын тілге тиек еткен «Оскар» сыйлығының екі дүркін номинанты адамзат мүд­десін біріктіретін туындылар тү­сіру­де озық мамандар­дың бас бі­рік­тіргені абзал деп есеп­­тейді. «Ескі қалыптасқан жүйеде бар шығынды мемлекет көте­ретін. Осының нәтижесінде әлем мо­йындаған  талай таланттар қанат қақты. Яғни, мамандар таза өнер­мен шұ­ғылданып, материалдық қажетті­лік­­терге бас қатырған жоқ. Қазір бәрі мүлде басқа арнаға бұрылды. Өзің­ді өзің қаржыландыратын заман. Өн­діріс, қаржы, өніміңді насихаттау жұ­мыстары бір-бірі­мен жымдасып жатқан үлкен еңбек. Продюсер осы­ның бәрін меңгергені дұрыс. Жан-тәнің­мен тер төгіп, жолда кездескен ке­­дер­­гілерді көктеп өткенде ғана нағыз іргелі дүние жасай ала­сың. Үй­ренуге еш уақытта кеш емес. Әр адам­нан бір жақсы үлгі аласың», дейді. Продюсер бүгінде бір ғана Қытай­да 60 мың кинотеатр бар екенін, кино өндірісінде АҚШ пен Қытай арасындағы қызу бәсекелестікті мысал ретінде келтіріп, олар­дың еңсер­ген жетістіктеріне тоқталды.

«Көптеген ойшылдар бала­ның талант қуаты 4 жасқа дейін қалып­та­са­тынын айтады. Бұған менің де анық көзім жетті және осыны кинода көр­сетуге тырыс­тым. Қазақ­стандық ма­ман­дардан Тимур Бекмамбетовті жо­ғары ба­ға­­лай­мын», деді Сергей Бодров.

Ал «Виртуалдық ақиқатты қалып­­­тас­тыру» тақырыбында өт­кен дә­ріс­тің тізгінін «Әл-Жази­ра» теле­ком­пания­сы­ның құра­мын­­дағы «Contrast» агент­ті­гі­­нің жетек­шісі Захра Расул қо­лы­на ал­ды. «Эко­логиялық, яки кли­­мат­­тық мә­се­ле­лерге қоғам назарын аудару үшін VR тәсілдерін қол­дан­сақ, көп нәрсе­ден ұтар едік» деген әріптесіміз 360 градус­та бей­не­материалдар жасайтын құ­рыл­ғылардың көмегімен аудитория тартудың заманауи әдістерімен бөлісті.

«Партизандық журналисти­каға» арналған шеберлік дәрі­сі ұтқыр (мобильдік) журна­лис­тикаға қысқаша кіріспе іспеттес болды. Онда смартфонның көме­гімен бейнерепортаж түсіру, ре­дакциялау мен оны жариялау жағы сөз болды. Ұтқыр жур­налис­­тика хақындағы дәрісті аустра­­лиялық медиа пәндер оқыту­шысы, колумнист, продюсер Иво Бурум жүргізді.

Қарап отырсақ, қазіргі таңда әр буынның өз талғамы мен үр­­дісі бар. Көзқарастары да сәй­­кес келе бер­мейді. Мұны те­ле­визия мен цифрлы медиа үшін контент өндіруші­лер әрда­йым қаперінде ұстауы тиіс. Қан­дай да бір телебағдарлама, бейне­­бағ­дарламалар мен айдарларды кім үшін жасаймыз? Енді қандай құндылық­тар жөнін­де сөз қозғауымыз керек? Қан­дай құралдар пайдаланамыз? Әр­түрлі буынның пікірлер қарама-қай­шы­лығын үйлестіре аламыз ба? Осы сауалдарға таны­мал журналист, Ресейдегі Бірін­ші арна мектебі­нің негізін қала­ған әрі жетекшісі Елена Афана­сьева әріптестерімізбен бірігіп жауап іздеді. Орайы келіп тұрған­да, Елена Афанасьеваның «ТВ-ға қалай келуге болады?» бестселлерінің авторы екендігін айта кету керек.

Сол сияқты «Фрилансер болу керек пе, жоқ па?» тақырыбында өткен Ұлыбританияның тәуелсіз журналисі Дженни Климанның да дәрісі өзіндік өзектілікке ие.

Сондай-ақ форум аясында «Ор­талық Азиядағы аймақтық инте­грация» тақырыбында дөңге­лек үстел өтіп, АҚШ, Ресей, Қытай, БАӘ, Түрік­менстан, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақ­стан сая­саткерлері сөз алды.

Айнаш ЕСАЛИ,

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ