Соңғы жылдары мұндағы инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне, жолдың нашарлығына қарамастан Алакөлге келушілердің қатары көбейе түскені мәлім. Көлдің Шығыс Қазақстандағы бөлігін абаттандыруға кейінгі үш-төрт жыл көлемінде облыс әкімдігі тарапынан қомақты қаржы бөлінді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарына жасаған жұмыс сапары барысында Алакөлдің республикадағы 10 негізгі туристік орталықтың қатарына енгенімен, туристерге сапасыз қызмет көрсетіліп отырғанын атап өтіп: «Осыған байланысты екі облыстың әкімдеріне жергілікті жолдарды жөндеу, қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеру мәселелерін тез арада шешуді тапсырамын», деп нақты тапсырма жүктеген еді.
Жуықта облыс әкімдігінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қатысуымен өткен жиында Алакөлдің жағасындағы қызметтердің сапасын жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Пойыз 1 маусымнан жүре бастайды
Алакөлге барғысы келетін жұрттың көңілін алаңдататын әуелгі мәселе – жол. Облыстық туризм басқармасының басшысы Марат Қабақовтың айтуынша, қазіргі уақытта «Таскескен-Бақты» бағытындағы жолдың 0-20, «Алматы-Өскемен» бағытындағы жолдың 615-967, 971-1017 шақырымдарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Биыл жағалауға дейінгі автокөлік жолының жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. 2019 жылы темір жол және әуе рейстеріне 122 миллион теңгенің субсидиясын бөлу қарастырылған. Қазір «Алматы – Үржар», «Нұр-Сұлтан – Үржар» және «Өскемен – Семей – Үржар» бағыттарына ұшақпен қатынауға болады. Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл стансасына дейін жүретін пойыздар 1 маусымнан бастап қайта жолға шығатын болады. Пойыз екі қаладан да тақ күндері аттанып, жұп күндері кері қайтып отырады. Яғни, қалалардан 1 маусымда, ал Алакөлдегі «Достық» стансасынан 2 маусымда жүреді. Пойыз жаз біткенше, яғни тамыздың соңына дейін жүріп тұрады. Жол жүру уақыты – 17-18 сағат», дейді басқарма басшысы.
Жиында облыс әкімі 18 сағаттың демалушылар үшін тым ұзақ екендігін айтып, Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына кестені қайта қарастырып, жолға кететін уақытты қысқартуды тапсырды.
Облыстық туризм басқармасы өкілінің сөзіне сенсек, алдағы төрт жылда Алакөлдің жағалауында су, кәріз құбырлары салынып, электр желілері тартылып, емдік қасиеті бар родондық суға арналған арнайы құбыр төселеді. Ең маңыздысы, су шаюының алдын алу үшін Алакөлдің жағасын бекіту жұмыстары одан әрі жалғасады, жолаушылар ағынын арттыру мақсатында Үржар ауылындағы әуежайдың ұшу-қону алаңы жаңартылады.
Алакөлді абаттандыру бағытындағы жұмыстар да ауқымды. Биыл демалыс саябағы кеңейтіліп, жаяу жүргіншілерге және велосипедшілерге арналған жолдар салынып, такси тұрағы жөнделмек. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылы полицейлердің саны екі есеге көбейіп, қосымша 60 бақылау камерасы орнатылмақ (қазір істеп тұрғаны – 80). Сонымен қатар қайықтарға арнайы тұрақ жасалып, жағалауға көлік инспекциясы қадағалау жүргізбек.
Қызмет сапасын жақсарту қажет
Әкімдікте өткен жиында облыстық туризм басқармасының басшысы алдағы жылы «Барлық-Арасан» – Алакөл көлі» облыстық маңыздағы автожолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтқанда аймақ басшысы «Барлық-Арасан» шипажайының жұмысына қатысты наразылығын білдірді. «Алакөлге келуші туристердің саны жыл санап артып келеді. Әлбетте, бұған біз қуаныштымыз. Бірақ жолдарды жөндеп, қалпына келтіру ғана аздық етеді, жағалауда ұсынылатын қызметтердің сапасы жоғары болуы шарт. Мәселен, «Барлық-Арасан» шипажайы жекеменшік компанияның иелігінде, олар демалыс орнының дамуына ешқандай қаржы құйып отырған жоқ. Шипажайдың тазалығын жекеменшік компания тексереді. Оның мінсіз екеніне ешкім кепілдік бермейді. Емделуге барғандар ауырып қайтпасын десек, ол жақты бақылауда ұстағанымыз жөн. Ол жердегі 1917 жылғы сарғайып кеткен ваннаны да білемін» деген Даниал Ахметов Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет пен Денсаулық сақтау басқармасына нысанға бақылау жүргізуді тапсырды.
Жиында биыл Алакөл жағасында 8 демалыс базасы іске қосылатыны, сондай-ақ «Керуен Плаза» туристік кешені, «Чайка» сауықтыру кешені және «Күншығыс Алакөл» мәдени-көңіл көтеру кешені құрылыстарының басталғаны туралы да айтылды.
Шығыс Қазақстан облысы