Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Ұлттық банктің кейбір функциялары жаңа органға беріледі

857 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда екі заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Ұлттық банктің кейбір функциялары жаңа органға беріледі

Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жөнінде негізгі баяндаманы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев жасады. Ол заң жобасы Ұлттық банктің қадағалау мандатын күшейту мақсатымен әзірленгенін айтты. Өзгерістер жүйелілік тәуекелдерінің жинақталуына жол бермейді және олардың алдын алуға мүмкіндік береді, дей келіп Е.Досаев Ұлттық банктің қаржы нарығын реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау функцияларын жаңа мемлекеттік органға беру туралы бастама жасалғанын айтты.

Осы бастаманы іске асыру үшін әзірленген заң жобасында екі ауқымды бағыт қамтылған. Бірінші бағыт қаржы секторын реттеудің тәуелсіз органын құру. Қаржы нарығын дамыту мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциялары енді осы – Қар­жы нарықтарын реттеу мен дамыту агент­тігіне беру ұсынылып отыр. Ұлттық банк сияқты, бұл жаңа агенттік те Қазақстан Пре­зидентіне тікелей бағы­нады және республикалық бюджет есе­бінен қаржыландырылатын болады. Қыз­мет­керлердің мәр­тебесі Ұлттық банкпен бір­дей.

Ал өзгерістің екінші ба­ғыты – рет­теуші арбитраж бен тұ­тынушыларды кредиттеу нары­ғындағы жүйелілікті бұзатын проблемаларды жоюға бағытталған. Мұнда барлық кредиттеу себеп­теріне қатысты тиісті реттеу мен қадағалау құралдарын негізге ен­гізу талап етіледі. Бүгінде тұтынушылық кредиттердің реттелмейтін белсенді өсуі байқалады. Олар – онлайн кредиторлар, кредиттік сәйкессіздіктер мен ломбардтар. Мұнда ішінара қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол беріледі. Аталған проблемаларды шешу де қадағалау органының реттеу ауқымына енгізілетін болады. Заң жобасының талаптарын орындауға республикалық бюджеттен жыл сайын шамамен 10 млрд теңге мөлшерінде шығыс шығаруға тура келеді, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сұрақ беру рәсімі басталғанда алғашқы сөзді депутат Омархан Өк­сік­баев алып, Ұлттық банк­тің қайта құры­луы қалай жүр­гізілетінін, қанша штат бірлігі қыс­қартылатынын және қыс­­қар­­тылған штаттың шығын­дары рес­публикалық бюджет­ке кері қайтары­ла­тынын не қай­тар­ылмайтынын сұрады. Оған Е.Досаев 500-дей адамның жаңа агенттікке көшетінін айтты. Ал оларды ұстаудың белгіленген шығыны бюджетке қайтарылатыны туралы нақты жауап бере алмады. Осы арада Спикер де сұрақ беріп, жаңа агенттіктің қай қалада орналасатынын және Ұлттық банктің Нұр-Сұлтан қаласына қашан көшіп келетінін сұрады. Оған Е.Досаев агенттіктің Алматы қаласында ашылатынын, ал Ұлттық банкті Нұр-Сұлтанға көшіру туралы жоспар бар екенін айтты. Келесі сұрақты қойған депутат Қанат Мусин барлық қаржы ұйымдары өздерінің есебін әлі де Ұлттық банкке беретін болады, демек, жаңа орган оның берген ақпаратын пайдаланады. Осыған байланысты ол Қадағалау органы бола тұра қаржы ұйымдары өздерінің есептерін неліктен Ұлттық банкке береді деп сұрады. Оған қаржылық ұйымдар есептерінің статистикалық базасын Қадағалау органы Ұлттық банкпен бірдей пайдалануына болатыны айтылып, жауап берілді.

Заң жобасын талқылау барысында депутаттар салықтық әкімшілендіру, деректерді дұ­рыс бермеу жұмыстары да сын көтер­мейтінін айтып, отырысқа қа­тысып отырған ІІМ, Әділет ми­нистрлігі, Ауыл шаруашы­лығы министрлігі өкілдерін де сұ­рақтардың астына алды. Әсіресе Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин олардың жұмыстарындағы көп­теген шалалықтарды атап беріп, оларды жоюға шақырды.

Талқылауға қатысқан депутат Сапар Ахметов Ұлттық банктің пікіріне сәйкес жаңа орган мүдделер қайшылығын жоюға ықпал ететінін, түрлі тәуекелдерді және қаржы секторындағы жосықсыз практиканы болғыз­бауға арналған күш-жігерді бір жер­ге шоғырландыратынын айт­ты. «Біздің ойымызша бұл өте дұрыс шешім, өйткені 2011 жылы Қаржылық қолдау агент­тігін Ұлттық банкке қосу тиім­сіздік көрсетті. Жаңа орган өзінің ғана емес, Үкіметтің де жауап­кер­шілігін арттырады деген сенім бар», деді ол. 

Талқылауға басқа да бірнеше депутат қатысып, заң жобасын қолдау туралы ұсыныс түсірді. Сонымен заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға әзірленуге жіберілді. Осы заң жобасы бойынша пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин оның тиім­ділігі жоғары болатынына сенім білдірді. «Тиімділік құқық­тық қана емес, әлеуметтік-эконо­микалық сипатта да болады. Бүгінгі таңда әлемдік қаржы жүйе­сінде тұрақсыздықтың қауіп-қатерлері бар екенін көріп отыр­мыз. Сол қатерлерге қарсы әрекет ететін дербес осы орган Ел­басының тапсырмасымен құ­рылғалы отыр. Ол банк сек­торындағы тәртіпті сақтап, азаматтардың микроқаржылық сек­тордағы құқылары мен мүд­делерін қорғайтын болады, сонымен қатар тұтынушылық несиелендіру нарығындағы проблемаларды болдырмауға қызмет етеді. Микронесиелеу ұйымдары енді келісімнің шарттарын тек қарыз алушыға пайда келтіретін жағдайда ғана өзгерте алатын болады», деді ол. Сонымен бірге ол заң жобасын әзірлеушілермен бірге депутаттардың жұмыс тобы құжатты әлі де жетілдіре түсуі керектігін ескертті.

Отырыста қаралған екінші заң жобасы «Қазақстан Рес­пуб­ли­касының атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» болды. Заң жобасы атқарушылық іс жүргізу саласындағы заңнаманы жетіл­діруге және атқарушылық құжат­тарды мәжбүрлеп орындату саласында қалыптасып отырған қо­ғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Сондай-ақ осы заң жобасын қабылдау арқылы жеке сот орындаушыларының қызметін жетілдіру және атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін, атап айтқанда, сот орындаушысы қабылдайтын процестік құжат­тарды, әрекеттерді оңтай­лан­дыру арқылы арттыру және осы әрекеттердің дәйекті­лігін айқындау; заманауи техно­л­огияларды енгізу; атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәж­бүр­леп орындату жүйе­сінің ашықтығы мен қолже­тімділігін арттыру; жеке сот орындаушыларының тәртіптік практикасын жетілдіру; «Астана» халықаралық қаржы орталығының сот актілерін атқарушылық құжаттар тізбесіне енгізу; мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмыс берушілердің жалақы төлемеу мәселелері бойынша берген ұйғарымдардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету сияқты міндеттерді шешуге мүмкіндік береді.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқарушы органдарға арналған өздерінің сауалдарын жолдады.