Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Сұранысқа ие мамандар даярлануда

1008 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бағытындағы үшінші бастаманың орындалу барысы талқыланды.

Сұранысқа ие мамандар даярлануда

Елбасының бес әлеуметтік бас­­тамасы аясында жыл сайын­ бө­лінетін 54 мың грантқа қосым­ша­ 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Бұл төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­дайын­дағы жаңа экономикада зор сұ­ранысқа ие болатын мыңдаған жаңа маманды даярлауға мүм­кін­дік береді. Яғни, инженерлер, ақ­параттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласына қажетті мамандар даярланады.

Бұл – жастарға жасалған мем­лекет қамқорлығының ай­қын көрінісі. Сонымен бірге тех­никалық және ауыл шаруа­шы­лығы мамандықтары бойынша­ барлық жоғары оқу орындары гранттарының құны ұлттық жо­ғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтерілді.

Облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаевтың ай­туынша, өткен жылдың I жар­тыжылдығында 4 техникалық және кәсіптік білім беру, 11 жал­пы орта білім беру және 5 мек­тепке дейінгі білім беру ұйым­дарына ішінара тексеру жүргізілген. Тексеру қоры­тын­дысымен барлық 20 білім беру ұйымына әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Сонымен қатар аталған білім ұйымдарының қорытынды актілеріндегі мәліметтер ұлттық білім беру деректер қорына ен­гізілген мәліметтермен сәйкес­тен­дірілді. Басқосуда облыстағы орта мектеп және жоғары және орта арнаулы оқу орындары же­тек­шілері де атқарылған жұмыс­тарды жан-жақты баяндады.

– Соңғы екі жылда облыс әкім­дігінің қолдауымен 6 кол­ледж­дің оқу ғимараттары, оқу-өн­дірістік шеберханалары мен жатақханаларына күрделі, ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүр­гі­зіліп, пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен 429 млн теңгеге Қармақшы ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Жалпы, жатақханаға қажеттілік 1375 орынды ғана құрап отыр, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова.

Бүгінде, облыста 10772 сту­дент білім алып отырған 3 жо­ғары оқу орны, 20985 студенті бар 29 колледж жұмыс істейді. Соның ішінде 11 колледждің сту­денттеріне 1375 орынды қам­титын және Қызылорда медици­на­лық жоғары колледжіне қо­сым­ша 1 жатақханаға қажет.

– Жалпы, 2018-2019 оқу жылы бойынша университеттің күн­дізгі бөлімінде 3345 студент бі­лім алады. Оның 607-сі гранттық негізде оқиды. Облыс әкімінің гранты бойынша 361 студент білім алуда. Бұл грант өңірдегі білім, экономика, мәдениет, электр­энергетикасы, ақпараттық жүйе­лер және тағы басқа салаларды кадрлық әлеуетпен қамтамасыз ету мақсатында сұранысқа ие мамандықтарға бөлініп отыр, – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­вер­ситеті ректоры Бақытжан Әбдікәрімов.

 

Қызылорда облысы