Руханият • 23 Мамыр, 2019

Тұлға тағылымы

1296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет және қоғам қай­раткері Сәкен Сейфул­лин­нің 125 жыл­дық мерейтойы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар легі жалғасуда. Осы орайда Мемлекет тарихы институты мен Сәкен Сейфуллин музейінің ұйым­­дастыруымен «Сәкен та­­ғылымы және қазіргі заман» атты дөңгелек үстел өтті.

Тұлға тағылымы

Сәкен Сейфуллин музейінің директоры, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының модераторлығымен болған дөңгелек үстел жұмысына Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлері Сейітқали Дүйсен, Құндызай Ерімбетова, Жабай Қалиев, Қанат Еңсенов, Бауыржан Ыдырысов және өзге де қоғам белсенділері, сәкен­танушы ғалымдар мен жастар қатысты.

– Қаймағы бұзылмаған қа­сиетті ортада өскен, бесігінен өнеге көрген, өнердің уызын емген сұлу Сәкен, сырлы Сә­кен, сырбаз Сәкен, сұңқар Сәкен, ақын әрі композитор Сәкен қанқұйлы заманда сан қилы тағдыр кеше жүріп, туған халқына, өз қолымен құрысқан Кеңес өкіметіне жан-тәнімен адал қызмет етті. Сәкеннің дүние есігін ашқанына биыл – 125 жыл. Осы орайда ардақты тұлғаның ел үшін істеген елеулі еңбектерін қайта жаңғыртып, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Әдебиет пен өнерде өл­шеусіз іс тындырған тау тұлға­ның тағылымы бүгінгі жастарға өнеге болуы тиіс, – деді Несіпбек Айтұлы.

ХХ ғасыр басын­дағы Қазақ­стан­дағы ұлт-азаттық идеясының көрнекті өкілі жөнінде баяндама жасаған Мемлекет тарихы институты Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев «Алаш­орда» қайраткерлері мен большевиктер жағында мемлекет ісіне ара­ласқан азаматтардың іс-әреке­тіне қатысты сыни ой-пікірлердің біржақты болмауы тиіс екенін айтты.

– Сәкен заманында Құдай берген талантымен жарқырай көрініп, өзі армандаған қазақты қалай биікке шығарамын деген мақсатты жалау етті. Мәдени революцияға белсене араласты, сауатсыздық мектебінде дәріс берді. Ақын шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейкесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатады. Ол – бүгінгі жаңа өмірдің жалынды жаршысы болған тарихи мәңгі құбылыс, – деді ғалым.

Сондай-ақ қазақ-кеңес әде­бие­тінің негізін салған, идея­лық жағынан берік қалыптасуына еңбек сіңірген қайраткер, ақын Сәкеннің өмір жолы, қоғамдық қызметтері турасында терең әңгіме қозғалды. Қазақ халқының келешегі жолындағы күреске толы күрделі кезеңде күш-жі­герін, бар өмірін арнаған қай­рат­керлердің бірі – Сәкен Сей­фул­линнің есімі қайта жаң­ғы­рып, ғылыми зерттеулердің ны­санына айналды. Тұлғаның мемлекеттік-саяси қызметі мен өзі өмір сүрген қоғамның талабы біртұтас қарастырылып, қайраткердің өмір жолындағы тарихи құбылыстарға баға берілді. Ардақты ақынның дүбірлі мерейтойы аясында Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды алыптарға ар­налған «Үш арыс» бұрышы ашы­лып, аяулы тұлғалардың фар­фордан жасалған мүсіндері қо­йылды. Одан бөлек, музей қыз­меткерлерінің салтанатты ме­рейтойға арнайы дайындаған «Үш бәйтерек» кітабы қалың көп­шілік назарына ұсынылып отыр.