Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Шымкент – өрісті мегаполис

1116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түрікменстанның астанасы Ашғабадтағы ТМД-ға мүше елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумында – Шымкент қаласы «Достастықтың мәдени астанасы – 2020» бағдарламасының тұсаукесері өтті.

Шымкент – өрісті мегаполис

Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін айрықша атап өткен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов жыл бойы үшінші мегаполис ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін ашық алаңға айналатынын жеткізді.

«Түрікменстанға жасаған са­пар барысында осы ел Үкі­мет төрағасының орынбасары – сыртқы істер министрі Рашид Ме­редовпен, Ашға­бад қаласының әкімі Шаму­xам­мет Дур­ды­лыевпен, Түрікмен­станның сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен және ТМД елдерінен келген басқа да әріптестерімізбен іскерлік кездесулер өткіздік. Бұл сапарымыздың басты мақсаты – Шымкент қаласының таныстырылымын өткізу және шетелдермен мәдени-іскерлік байланыс­тарды нығайту болды», дейді Ғабидолла Әбдірахымов.

Аталған форумда шаһар бас­шысы Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталып, мәдениет саласындағы ауқымды жұмыстарды айтып өтті.

«2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық – Цита­дельді» қайта жаңарту мен Қош­қар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды. «Цитадель» – Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналатын болады», деді әкім өз сөзінде.

Қала әкімінің айтуынша, Шым­кентте 3 мың орынды заманауи «Конгресс-орталық» салу мен 20 мың орындық орталық стадионды қайта жаңғырту жос­парлануда. Және де Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолау­шылар терминалының құры­лысы басталған. Жобаның ин­вестициялық құны 50 миллио­н АҚШ долларын құрайды. Жаңа терминалдың іске қосылуы нә­тижесінде әуежайдағы жолау­шылар ағымы 10 есеге артатын болады. Сонымен қатар қаладағы темір жол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Нәти­жесінде қызмет көрсетудің ха­лықаралық стандарттарына сәй­кес күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдай алады.

Заманауи инфрақұрылымның жоғары халықаралық стандарттарына сай 400 гектар аумақта салынып жатқан «Shymkent City» қалашығы туралы айтқан қала әкімі «Хеппилэнд» отбасылық ойын-сауық кешені де бой көтеретінін мәлімдеді.

Сөз соңында Ғабидолла Әбді­рахымов Шымкенттің ке­ліс­ті келбетімен, ежелгі тарихы­мен, жанға жайлы климатымен, қо­нақжай қалпымен, ұлттық салт-дәс­түрімен мақтана алатынын жет­кізді. Әрі шетелдік азамат­тарды Қазақстанның оңтүс­тігіндегі шырайлы қалаға қонаққа шақырды.

 

ШЫМКЕНТ