Суретшінің айтуына қарағанда, нағашы атасы – Төлебай қария кезінде темірден түйін түйген шебер кісі болыпты. Ат әбзелдерін жасаған. Гүлдана осы өнерін атасынан қонған қасиет деп біледі.
Суретші алғашқы кезде үйреншікті кенептің орнына былғары, түрлі аңдардың терілерін және тұлыпты қолданыпты. Көрген жанды таңырқатпай қоймайды. Оның жұмыстары – көбіне сәндік бұйымдар. Теріге бейнелеген суреттеріне ашық акрилді, сырларды пайдаланатындықтан ғана емес, қосымша материалдар – табиғи тастар, моншақтар, сәндік түймелер, тиындар және жан-жануарлардың сүйектерін қолданғаны, сөз жоқ, ерекше көз тартады.
– Бір жұмысыңызға қанша уақыт жұмсайсыз? – деп сұрадық тулақты туындыға айналдыратын суретшіден.
– Өнер адамы болған соң, мұны шабытпен байланыстырамын, – деді ол. – Кейде бір күнде екі-үш туынды жазуым мүмкін. Ал кей сәттерде ештеңе де сала алмауым ғажап емес.
– Туындыларыңыз көбіне қай тақырыптарды қамтиды?
– Алғашқы көрмемде негізгі тақырыбым абстракция болатын. Өзімнің табиғатыма жақын. Бірақ екінші көрмемде ұзақ ойланып, автор ретінде өзімнің туып-өскен жерімді бейнелеуді жөн санадым.
Гүлдана Жұрқабаева шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінен бастап, Kunshyag қайырымдылық балы сынды түрлі шараларға қатысқан. Сондай-ақ ол 2016 жылы International art Festival & Content – «Танысу» фестивалінде лауреат атанып, 1-орынды жеңіп алған (Италия). Ал 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің кітапхана-мұражайында «Өзіңе жол» жеке көрмесін ұйымдастырған.
– Бір кездері мен теріден қолданбалы өнер жасаудың шебері едім. Бүгінде туындыларымды маймен жазамын. Барлық шығармашылық адамдары сияқты мен де үнемі ізденісте жүремін. Жаңа нәрсені үйренуден жалықпаймын. Ертең не қызықтыратынын білмеймін. Мені терең ойлы адамдар, әлемнің кеңдігі, сананың құпия күштері, философия бойынша қызықты кітаптар, уақыттың жылдамдығы, тіпті осы әлемнің абсурдтығы да шабыттандырады, – дейді өнер иесі.
Гүлдана Жұрқабаева Aru-Art жеке галереясы мен Hazifa тоқыма үйінде арт-менеджер болып жұмыс істеген, бүгінде «Тұран» колледжінде дизайнерлерге дәріс оқиды. Сондай-ақ суретші Balapan арнасында шеберлік сабақтарын көрсетеді, логотиптер әзірлейді, этностильде аксессуарлар жасайды, көрмелерді ұйымдастыруға көмектеседі.
Гүлдана ойға алған жоспарларын да ортаға салды.
– Сіздермен алғаш рет бөлісіп отырмын: жақында «Художник что пишет» атты кітабымды жаза бастадым. Қызықты болатынына сенімдімін. Оқырмандарым да көп болады деп ойлаймын, – деді суретші.