Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбеге іссапары кезінде медицина қауымдастығымен кездесті. Бүгін Ақтөбедегі медицина орталығында Алматы декларациясының 40 жылдығы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, МСАК жүйесіндегі тәжірибе» тақырыбында халықаралық-практикалық конференция өтті. Жиында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық көмектің сапасын арттыру жолында атқарылған негізгі іс-шараларды таныстырды.
Министр денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін Елбасының тапсырмасымен 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы әзірленгенін айтты. Құжатта емхана, жедел жәрдем мен қабылдау бөліміндегі медициналық қызметтің сапасын жақсарту, маман тапшылығын жою, аурухана, емхананы жабдықтау сынды басты бағыттар көрініс тапқан.
Елжан Біртанов кейбір мәселеге кеңінен тоқталды. МСАК (медициналық-санитариялық алғашқы көмек) келсек, бүгінде скринингтік бағдарламаға қатысқандар қатары еселеп көбейген. Инфекциялық емес дерттерді басқару бағдарламасы сәтті жүзеге асуда, ол бойынша 220 мың пациент қамтылды. Нәтижесінде сырқаты асқынып, ауруханаға түскендер саны 2,5 есеге азайды.
МСАК арналған 165 жаңа нысан құрылды, 1 мыңнан астам дәрігерлік учаске ашылып, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін дәрігердің жүктемесі жеңілдеді. ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі) аясында жан басына шаққандағы тарифтің 20 пайызға көтерілуі есебінен МСАК бөлінген қаржы 40 пайызға артты. МСАК сандық жүйеге көшкен соң емханалардағы кезек 2 есеге азайды.
Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жаңа стандарттар қабылданды, автокөліктердің дизайны өзгерді және олар навигациялық жүйемен жабдықталды. Нәтижесінде жедел жәрдем көлігі науқас шақырған жерге 15 минутта жетеді. Ал ауруханалардағы қабылдау бөлімдері триаж жүйесіне өтті, «жедел жәрдем дәрігері» деген мамандық енгізілді. Осының арқасында ауруханаға жетпей көз жұмғандар саны 0,4 пайызға қысқарды.
Елбасының 2019 жылы 1 маусымнан бастап табысы төмен жұмысшылардың жалақысын 30 пайызға көтеру туралы тапсырмасына сай биыл қосымша 43 млрд теңге, 2020-2021 жылдарға – 87 млрд теңге бөлінген.
Дәрігер тапшылығын жою жолында да көптеген жұмыс атқарылуда. Министрлік медициналық жоғары оқу орнындарын мемлекеттік грантпен тәмамдаған жас мамандарды аймақ, ауылға барып үш жыл жұмыс істеуді міндеттеп отыр. Елжан Біртанов осы орайда өңір әкімдерінің ауылға келген жас дәрігерлерге дұрыс көңіл бөлуін ескерді.
Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жетілдіру үшін үш жылда 600 нысан ашылады деп жоспарлануда. Астанада заманауи онкология орталығы ашылмақ. Балаларға сапалы медициналық көмек көрсету ісі үздіксіз жетілдіріліп келеді. Бұған қоса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық жалғасуда. ТМККК жаңа моделі жасалды. МӘМС мен ТМККК бойынша медициналық қызметтің пакеті дайындалды.
Елбасының тапсырмасымен 5 жылда білім, ғылым мен денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі жылпы ішкі өнімнің 10 пайызына жетуі тиіс. Осы орайда 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік жаңа денсаулық сақтау бағдарламасында денсаулық сақтау саласының шығынын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына жеткізу туралы жазылған. Бұл қаржы профилактикаға және халық арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін жетілдіру мен медициналық-санитарлық алғашқы көмекке бөлінген қаржы көлемін 60 пайызға жеткізуге жұмсалады. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы адам капиталын дамытуға және дәрігерлердің еңбекақысын 2,5 есеге арттыру үшін де қаржы қаралған, - деді министр.
Мемлекеттік жаңа бағдарлама аясында медициналық мекемелер модернизациядан өтеді, денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай сандық кеңістікті дамыту ісі жалғасады. Жалпы, медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нәтижесінде ел азаматтарының өмір сүру ұзақтығын 2025 жылға дейін 75 жасқа жеткізу жоспарланған.