Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Тарихи тұлғалар мен ұлттық тарих сабақтастығы

2544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінде отандық тарих ғылымының алдында көптеген келелі мәселелер тұр. Күні кеше қоғамның мұрат-мүддесі жолында күрескен тұлғалардың есімін бүгінгі күнде ардақтаудың демократиялық жолдарын ұсынып отырған ғалымдар қауымы тарихи жадымызды ретке келтіріп, түгендеп, бағыт-бағдарын анықтаудың өзектілігін ортаға салды.

Тарихи тұлғалар мен ұлттық тарих сабақтастығы

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы және «Ғылым ордасының бірлесе ұйымдастыруымен өткен «Тұлға және ұлттық тарих мәселелері» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Сұлтанбек  Қожанов, Телжан  Шонанұлы, Иса Тоқтыбаев, Ілияс Жансүгіров, Асылбек Сейітов және Бейімбет  Майлиннің туғанына  125 жыл толуына арналды.

Тарих ғылымындағы тұлғатанудың өзекті мәселелерін талқылау, тұлға тарихын зерттеу арқылы ұлттық тарихтың өзекті мәселелерін саралау, аталған көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, ұлтқа сіңірген еңбегі арқылы республиканың өскелең ұрпағын отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат еткен жиынның тізгінін ұстаған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Сайын Борбасов репрессия құрбаны болған алаш қайраткерлерінің елдің мұрат-мүддесі жолындағы қилы-қилы тағдырына тоқталды. Бүгінде артында мол мұра қалдырған қайраткерлеріміздің еңбегі өз деңгейінде бағаланып, дәріптелуі қажет екендігін алға тартқан Сайын Борбасов алаш тақырыбының арқауына айналған ел мен жердің мүддесі әлі күнге өзекті тақырып екендігін жеткізді.  Сондықтан да ұлт қайраткерлерінің еңбегіне назар аудару бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды.

«Сәкен мен Алаш азаматтары арасындағы аңыз бен ақиқат» тақырыбын қозғаған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымының докторы Күләш Ахметова Сәкеннің азаматтық болмысына тоқталып,  қайраткердің «Тар жол тайғақ кешу» еңбегіне тоқталса, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Бейбіт Қойшыбаев «Орта Азиядағы ұлтты-территориялық межелеу және Сұлтанбек Қожанов» тақырыбына тоқталып, ұлт мүддесі жолындағы тұлға қызметіне қатысты бірқатар мәліметтерді ортаға салды. Тарих және этнология институты Кеңестік дәуірдегі Қазақстан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қайдар Алдажұманов «48 қазақ атты әскер полкі және 1937-1938 жылдардағы саяси репрессия» тақырыбына кеңінен тоқталып, «Саяси репрессия  - Кеңестік ипмперияның өз халқына жасаған аяусыз қылмысы. «Халық жауларына» Мәскеудің жүйесімен айып тағылып, оларды әшкерелеу барлық салада белең алды. 1920-1950 жылдар аралығындағы ҚР ҰҚК мәліметтерінде репрессияға ұшырағандардың тізімінде 30 пайызы колхозшылар, 30 пайызы жұмысшылар, 30 пайызы интеллигенция өкілдері мен кеңсе қызметкерлері болса, қалғаны әскерилер мен дін қызмекерлері екендігі көрсетілген» деген мәліметтермен бөлісе келе алаш тұлғаларының қызметін зерттеу мен дәріптеуде отандық ғылым алдында келелі міндеттердің тұрғандығын жеткізді.

Тарихи деректер ХХ ғасырдың басындағы қазақ қайраткерлерін «алаштықтар» немесе «коммунистер» деп бөле-жарып қарау үрдісі белең алып отырғаны жасырын еместігін алға тартады. Осы орайда «Алашорда мүшелерінің бағыты дұрыс еді», «коммунистік бағыттағы қазақ қайраткерлері қате бағытты ұстанды», «коммунистерге сатылғандар» деген сияқты біржақты пікірлердің орын алып отырғаны ақиқат. Осы тұрғыдан алғанда отандық тарих ғылымындағы тұлғатану бағытының алдында жауапкершілігі жоғары міндет тұр. Тұлғаның ұлт тарихында атқарған қызметі мен рөлін анықтауда сол тарихи кезеңде қалыптасқан қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар ескерілуі қажеттігін алға тартқан тарихшы ғалымдар арнайы қарар қабылдады. Онда отандық тарих ғылымындағы тұлғатанудың теориялық және методологиялық мәселелерін тереңдете қарастырып, тұлға тарихын жазудың әдістемесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жүйелеу қажеттігін ұсынды.