Спорт • 23 Мамыр, 2019

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады

1022 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында білекті балуандар бас қосады. 24-26 мамыр күндері грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» халықаралық турнирі 25-ші рет жалауын көтермек. Дүбірлі сынға еліміздегі ұлттық құрама көшбасшылары мен облыс командалары, сондай-ақ, Ресей, Армения, Грузия мемлекеттерінен әлем және Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары қатысады деп хабарлайды Olympic.kz.

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» басталады

Турнирге жалпы есебі 13 елден спортшылар келеді деп күтілуде. Атап айтар болсақ, Армения, Беларусь, Ресей, Молдова, Украина, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Иран және Болгария балуандары Алматы кілемінде өзара мықтыны анықтайды. 

Қазақстаннан ұлттық құрама спортшылары мен облыс командасының мүшелері қатысады. Олардың қатарында, 97 келіде белдесетін Ерұлан Ысқақов та бар. 

«Болат Тұрлыхановтың кубогіне қатысу үшін дайындықты Шымкентте өткіздік. Он күнге созылған оқу-жаттығу жиындарынан соң Алматыға келген жайымыз бар. Бұл турнир мен үшін өте қызық болғалы тұр. Өйткені, өз салмағымдағы әлем үздіктерінің басым көпшілі келе жатыр. Атап айтар болсам, армениялық балуан, Олимпиада чемпионы Артур Алексанян, 2013 жылғы әлем, 2016 жылғы Еуропа чемпионы, ресейлік Никита Мельников, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында екі мәрте топ жарған Александр Головин бар. Бұлардың бәрі де «сен тұр, мен атайын» деген мықтылар. Өзім осы турнирге екінші рет қатысқалы отырмын. Былтырғы бәсекеде жеңіліс таптым. Биыл намысқа тырысып, үздіктермен тең дәрежеде күресу үшін барымды саламын», - дейді Ерұлан. 

Olympic.kz  грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов кубогі» халықаралық турнирінде бақ сынайтын Қазақстан командасының тізімін ұсынады: 

60 келі

Қорлан Жақанша, Мейрамбек Айнағұлов, Ернар Фидахметов, Жансерік Сәрсембиев, Айдос Сұлтанғали;

67 келі

Алмат Кебіспаев, Әділхан Сатаев, Нұртай Нұрғалиев, Данияр Қаленов, Құдайберген Тұрсынов;

77 келі

Асхат Жаңбыров, Асхат Ділмұхамбетов, Ибрагим Магомедов, Темірлан Шадукаев;

87 келі

Азамат Құстыбаев

97 келі

Әлімхан Сыздықов, Ерұлан Ысқақов

130 келі

Дамир Күзембаев

Мансұр Шадукаев

Турнирге Ресей құрамасы сапынан әлем чемпиондары Никита Мельников, Александр Головин (97 келі), Рамазан Абачараев (77 келі),  әлем және Еуропа чемпионы Александр Чехиркин (77 келі), Олимпиада чемпионы Давит Чакветадзе (87 келі) және Олимпиада ойындарының жүлдегері Мингиян Семенов (60 келі) қатысады. 

Сондай-ақ, үш дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы, армениялық Артур Алексанян да Тұрлыханов турнирінде бақ сынайды.