Аймақтар • 23 Мамыр, 2019

Жетісу әндерінің антологиясы жарық көрді

1065 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Жетісу өңірінің халық әндері және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағы жарыққа шықты.

Жетісу әндерінің антологиясы жарық көрді

Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық ән өнері мен Жетісудың халық композиторлары шығармаларын жинақтау ісі қолға алынған болатын. Оқырман қолына тиген  «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» жинағы соның бір айғағы. Екі жүз елу әннің сөзі мен тарихынан мағлұмат беретін антология «Қазақ халқының ғұрыптық әндері», «Халық әндері» және «Халық композиторларының әндері»  дейтін 3 бөлімге жіктелген. Құнды кітаптың тағы ерекшелігі – жинақталған Жетісу әндерінің барлығы CD-дискілерге жүктеліп, кітапқа қоса тіркеліп отыр.

Айтпақшы, «Жетісу өңірінің халық және халық композиторлары әндерінің антологиясы» кітабын басып шығаруға жергілікті бюджеттен 5 млн теңге бөлінген екен. Жинақтың алғашқы данасын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов таныстырып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдебиет пен өнерді қолдауға көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Өткен жылы «Жетісу кітапханасы» 100 томдығы сериясымен 20 автордың кітабы жарыққа шықса, биыл 40 кітап жарық көрмек. Оның ішінде жетісулық  20 жас ақын-жазушының тұңғыш кітабы оқырман қолына тимекші. Сондай-ақ, өлке тарихын түгендеген 2 томдық «Мәдени ескерткіштер энциклопедиясы» жинағы да рухани қазына қатарын толтырмақ.