Руханият • 24 Мамыр, 2019

Алдаспан жырдың ақидасы

1692 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әділдік үшін әлдескен, ақиқат үшін айқасқан, шындық үшін шайқасқан шандоз шайыр, шамшыл күрескер, дәулескер күйші, дәулетияр дарын, алаштың ар-намысындай алдаспан азамат Махамбеттің мәдени мұрасы – халқымыздың қанжығалы қазынасы. Ақынның аса тегеурінді поэтикалық мұрасы – бүгінгі ұрпақтың тарихи санасына сілкініс пен құлшыныс беріп, рухани жаңғырудың жарқын көрінісін айшықтайды.

Алдаспан жырдың ақидасы

Бүгінгі таңда осы заманның Ма­хам­беті бар ма? Жоқ деп ай­туға ауыз бармайды, бірақ бар деп айтып, ақиқаттың ауыр жү­гін көтеруге жүрек жасқанады. Мұз­ба­лақ ақын Мұқағалидың жырына жүгін­сек: «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сар­­қыты, Мұқағали Мақатаев бар мұн­да!» Ақынның осынау құлақсіңді бол­ған қосығын жадымызға жазып алға­лы да талай жылдар озды. Дала демок­­ратиясының даңғайыр кезеңінде туған дауылпаз жырларымен дәуірдің дида­рына есімін жазған аламаншыл ақын­дар­дың жорығында әрқашанда найза ұшында тұра­тын Махамбеттің өрлік пен ерлікке толы толғау-сарындары тек қана «теңдік үшін ақырып-жекіруден» тұрмайды, оның поэтикалық қуаты, ішкі энергетикасы, динамикалық серпіні, көркемдік кестесі тұтас бір рухани әлемді құрап, қазақ жырының қадір-қасиетін ғасырдан ғасырға жүгін аудармай алып келе жатыр. Демек, қазақ поэзиясының қанында махамбетшіл мәртебе, ақиқат ақидасы бар.

Санадағы сілкініс пен із­ашар­лық ізденіске бой ұрған ұлт­тық өлеңнің өне бойындағы ма­хамбеттік мұра қазақы жүректің қан тамырында әлі қозғалыста. Демек, осы заманның Махамбеті қазақ қоғамының поэтикасында тұтастық түзген. Бүгінгі қазақ жырының бұлқы­ны­сындағы сер­пін мен серт бұдан екі жүз жылдай бұрынғы Махамбет кезеңі­мен салыстырғанда қоғамдық құры­лыстың ішкі заңдылықтары аясында бой көрсетеді. Дәстүрлі арналар мен көркемдік сабақтастық үрдісін пайым­да­ған­да, көне сарынның ішкі иірімі бүгінгі қазақ жырының қан тамырында бүлк-бүлк соғады.

Бірақ бүгінгі ақынға «неге Махамбет болмайсың» деп кінә қоя алмайсыз. Махамбет болу – тағдырдан. Кешегі кеңестік кезеңде, әлеуметтік саясаттың қоғам­дық саясатқа мойнын бұрған кезінде, Абай айтқан: «ақырын жүріп, анық басатын» поэзия алдыңғы орынға шығып, астар мен тұспал шындық шек­пені­нің шалғайынан там-тұмдап көрініп, іздеген көңілдің көзайымына айналды. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Өтірік қостым азырақ, өткізу үшін шын­дықты» дегені содан. Өтірік өлең­нің өткінші ағысы коммунистік кодекс­тің тарауларына айналған заманда Махамбетті «шаруалар қоз­ғалысының шайыры» деген ша­блонға салдық. Оның поэ­ти­калық қуатын ертегілік ережеге салып, самодержавиенің ға­сыр шаңының астында қал­ған­ самарқау сілтемесіне ай­нал­­дырып, этнографиялық-ұлт­тық нақышын экзотикалық-нау­қан­дық әрлеуге ғана жұмсадық.

Ұлт-азаттық ұлы күрестің ұста­ха­­­на­сында ұмтылып найза ұмсынған, алдаспан шайқап бұл­қын­ған, ереуіл атқа ер сал­ған, егеулі найза қолға алған Махам­бет­тің майдангер жырлары жыл­­дар бойы жеке адамның ашу-ызасы болып та «бағаланып», жекенің жел қуған сөзі болып­ Жәң­гірдің, оның жандай­шап­тары­ның атына бағытталып келді. Сол кездегі тарихи-әлеу­мет­тік жағдай, теңсіздік пен әді­лет­сіздік қайсар жырдың ны­саны болып, ол тағдырдан ғана­ емес, тақта отырғандардан тепе­ріш көрген әлеуметтің атқа мінген адуын намысына айналды. Исатай бастаған бұқарашыл қолдың бірден дүрк етіп, дүбірге айналуында осындай тарихи серпіліс жатыр еді. 

Махамбет ғұмырнамасында­ғы бір ізге түспеген ақтаңдақ­тар­ ақынды зерттеген Х.Дос­мұхам­бетовтен бастап, одан кейінгі Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, И.Кенжалиев, Ә.Сарай, А.Сей­дімбек, т.б. еңбектерінде бір-бі­ріне кейде кірі­ге­тін, кейде­ ал­­шақтайтын деректермен дәйек­теліп, бірақ оның атасы Құл­мә­лі­нің (Құлманияз, Құрманияз, Мәті, т.б.) алшын ішіндегі беріш руына кірме екендігіне бірыңғай куәлік етіледі. Қалай болғанда да, Махамбеттің қазақ халқының ұлы ақыны екендігі тарихи факт. Тегі швед А.Суворовты, арғы тегі араб Пушкинді, ағылшын лор­дының ұрпағына қатысы бар­ орыстың ұлы ақыны М.Лер­монтовты орыстар хан көтеріп, төбелеріне шығарып дәріптесе, біз Махамбеттің тегіне жабысып, анау екен, мынау екен деп ауа жайылуымыз тарихи қателік болар еді деген ойдамыз. Ұлы көштің ұзын бойында болып жататын аумалы-төкпелі ұшырасулардан халқымызға қазына болып қо­сылған ұлылардың тегіне үңі­лу­ді терістейтін тағылымды бас­шылыққа алған дұрыс. «Өзі бол­ған жігіттің түп атасын қаз­ған ит» дегенді айтқан дана қа­рия­ларымыз көпті көргесін, кепті біл­гесін де осы сөзді айтқан болар.

Бізге Махамбеттің тегі емес, таланты, бөтендігі емес, қазақ­шыл халық­шылдығы, адасып кел­гені емес, ақын­ды­ғы аса қажет. Ол қазақ халқының XV-XVIII  ғасырлардағы далалық са­рындағы сертшіл поэзиясының ұлы дәстүрін өз заманындағы та­рихи жағдайлар кезеңінде әде­би көркемдігі, тропалық тап­қырлығы, танымдық тұғыры, рух­тық қайсарлығы, рухани мәр­тебесі жоғары деңгейдегі ұлы шайыры. Махамбет поэ­ти­касының құндылығы – оның аса күрделі әрі асқақ та ажар­лы бояуында, жеңіскер жіге­рін­де, әдеби биік болмысында. Оны біз, қазақ халқы, то­лық танып, талдап, түсініп, тия­нақтап әдеби айналымға кір­гі­зіп болған жоқпыз. Бұл ретте, осы тақырыпты барынша қау­заған ғалымдарымыздың есім­деріне құрметпен қарай оты­рып, осылардың ішінде ақын Ығылман Шөрековтің «Иса­тай – Махамбет» дастаны мен халық жазушысы Әбіш Кекіл­баев­тың «Шандоз» атты тарихи-танымдық романын баса айтамыз. Біріншісінде, сол кездегі жағдай, ақынның ортасы, ол өмір сүрген кезең шындығы, ара­­лас­қан тұлғалар, жорық жырларының тууын­дағы тарихи сәттер, сол кездегі әлеу­мет­тік жағдайлар жан-жақты көрініс тауып, көркем кестеленген.

Ал Әбіш Кекілбаевтың ең­бегінде ақынның болмыс-бітімі, қалыптасуы, оның өмі­ріндегі жұмбақ жайттар, сол­ кездегі билікпен кетісу се­беп­тері, оның жауын­гер жыр­лары­ның әлеуметтік-тарихи астары, көтерілістің басталу және жеңілу сал­дарлары, майдан жыр­ларының ақынның азаматтық-батырлық кредосын қапысыз көр­сетуі нақты деректермен, білім­паздықпен, қоғамтанушы қай­раткер көзімен терең зерделен­ген. Біз Махамбетті Әбіш көрегеннің көзімен, заңғардың зердесімен ұғынуға тиіспіз. Қазақ жырына арқардай айбат, құлжадай қазына салған, теңеуі мен кенеуінің өзі қалам ұстағанның көңілін қобалжытып, «мен Махамбет бола алмадым, не шара» дегізіп, алып қашқан алаң көңілді бетегеден биік, жусаннан аласа қылатын жыр-құдырет ұлттық көркем ойымыздың көшіне қайта қосыла ала ма, соны айту ләзім. Мына жосықтарды жүрек талмауына салып көріңізші:

Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, 
мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын...

Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбінен ту алған,

Жауды көріп қуанған. Жүрек қандай, сөз қандай, бәрінен бұрын «жауды көрсе қуанған» деген теңеу қандай? Жаудан жасқанып, алаң көңіл болатын азамат жоқ бұл жерде, ажалдан бұрын арды ойлаған, «ту түбінен ту алған» батырлық осындай-ақ болар.

Маң-маң басқан сары атан,

Маңғыстап шығар өріске,
Бұрынғыдай қарыштап,
Қона алмадық қонысқа,
Келе алмадық келіске,
Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп 
от жеген,

Тағы сынды мырза едік.

Патшалық Ресейдің қазақ жерін өз жеріндей иемденіп, жанға тосқауыл, малға қақпан қойған ауыр кезеңі, әлеуметтік теңсіздік, халықтық кек, елдік арман, ерлік тәуекел ырғағы мен ұйқасы ерен осынау жырларда оқшау көрініп, ақындық қуаттың жарқылы жауынгер сөздің бойына жігер құяды. Кезінде Махамбет өлеңдерін ауда­рамын деп келіп, оның жырларын оқығанда қыр асып, қырқа шалып, жаны қыдырып кеткен орыс ақыны Е.Евтушенконың халін түсінуге болады. Бай саналатын орыс сөзінің қауқары жетпейтінін ұққан қаламгердің бұл әрекетін қазақ жырының құлашын қапысыз танығандық деп топшыласақ, аса қателесе қоймаспыз.

Еріскендей ер болса,
Соғысқандай жер болса,
Бірме бірге келгенде,
Әлі де болса бір 
Тәңірге жылармын,
Мен қарақұстан туған – 

халықпан,

Сөйлер сөзге жалықпан, десе ел үшін еңіреген ердің тәуекел етіп, тас жұтқан, қырсыға келе бас жұтқан, талқаны асау тағдырын танимыз. Өйткені Махамбет өмір сүрген заман қазақ даласының отарлық қамытты әбден мойнына киіп, алқымы аяусыз жаншылған кезі болатын. Еліне қатқақ, орысқа жалтақ сол кездегі биліктің жарамсақтығы мен жәдігөйлігі жанын жауратқан жампоз «адырнасын ала өгіздей аңырат­қан­мен» Исатайдан айы­ры­лып, «мұнар күнді, бура атанға шөккен күнді» бастан кешіп, жалдаптардың жазасына ұшырады. Осылайша қазақ даласындағы азаттықшыл асыл ойдың алауы Қараойда қапыда сөнгендей болған. Бірақ ол алау қазақтың қанында, жүрегінде, жанында кезеңін күткен кекті шоқ болып жатқан еді. Дәуір айналып, дүние тағы бір дүрбелең салғанда, 1986 жылы Алма­ты­да лап етіп жанып, желтоқсанды азаттық нұрына бөледі.

Майданда қан төгіледі, жа­уынгер жырда жан төгіледі, бірақ оның өтеуі тәтті, салтанаты сәтті болады. Мұны бүгін­гі ұрпақ, біз, көріп отырмыз. Ұлт-азат­тық майданның қолбасшысы Иса­тай­ды жоқтаған Махамбеттің ерен жырын оқысақ, теңдік жолында, әлеуметтік әділдік жолында басын берген ерлердің ұлттық мұрат-мақсатын ұғынып қана қоймай, осылай болуы тиіс деген ойға тірелеміз. 

Кермиығым, кербезім,
Керіскідей шандозым,
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім,
Қырмызыдай ажарлым,
Хиуадай базарлым,

Теңіздей терең ақылдым,

Тебіренбес ауыр мінездім, деп ащы дауыспен ағасын жоқтаған ақын­ның ерекше кейіптеу мен шалқыта ша­мыр­­қануға толы шумақтары Махам­беттің қазақ поэзиясының тари­хын­да­ғы орынын ерекше биікке қояды. Бұл биік тек Махамбеттікі емес, бұл биік күллі қазақтікі, ұлттық ойдың ұсты­ны, алаштың ақидасы. Ақида деген сөз – діни термин. Ақида – сенім, бұлжымайтын қағида. Ислам дініндегі қағида­лар жиынтығы. Бұлар ­Әбу Ха­ни­фаның «Умм әл-бараһин» секілді жинақтарында көрініс тапқан. Алланың жалғыз екеніне жүрекпен илана отырып, жүректі белгілі бір наным-сенімдерге бекіту. Бүгінше тәмсілдесек, табан­дылық, өз мақсатына шек­сіз ұмтылушылық, сенім мен серт. Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, Ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру. Демек, Махамбет қазақ тағды­рының жақсылығына сенді, сол үшін құрбан болды. Оның арабша сауаттылығы жақсы деңгейде болған, оны ақынның сол бұлағай күндерде жан-жаққа жазған сұрау-өтініш хаттарынан оқимыз. Орысша сауатты болғанын онымен кездескен, қудалаған, ізіне түскен патша жандармериясының жазбаларынан анық көреміз. 

Демек Махамбет сол кездегі қоғам­дық қозғалыстың жай-жапсарының әлеу­меттік астарын айқын түсінген қай­раткер. Ол елдікке, теңдікке қарсы бол­ған жоқ, қараның бойын бүктеген, бай­лықты өзі үптеген хандар мен сұл­тан­дар­ға қарсы болды. Еділден айырылып еңіреген, Жайығын жоғалта жаздаған жұртымыздың жаны күйзелген шақта атойлап алға шыққан Исатай – Махамбет көтерілісі – ел тарихындағы ерекше кезең. Олар «Қара қазан, сары баланың қамы» үшін қылышқа жүгінді, бастарын бәйгеге тікті, осы жолда құрбан болды. Ұлы ақын Жұмекеннің: «бұл адамды жаратқанда ақын ғып, құдайға да біткен шығар батырлық» деуін оның Махамбетті тұспалдап айтқаны деп қабылдаймыз.

Ақынның қысқа ғұмырында қал­дыр­ған жырларына қарап отыр­сақ, қазақ поэзиясының бүтін бір дәуірлік белесін сом­дап кет­кен қаһарман. Махамбет поэ­зиясы бүгінгі қа­зақ әдебиетінің асқар биігі болып, әлі күнге ешкім­­ге алдырмай келе жатқаны сондықтан. Осы орайда Махамбет поэзия­сы рухтың жоғары сатысы ретінде жас ұрпақтың санасына серпіліс, қайрат-жігер беретіні дау­сыз. Махамбет поэзия­сы қа­зақ жырының – мәрттігі. Ұлт­тық санамыздың ұраны. Рухани жаңғырудың қамшыгері.

Талантқа тағзым тоқталмасын.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты