Мәселен, азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда, яғни 25 мамырдан кешіктірмей, тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға беруі керек. Азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi. Содан кейін әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы.
Ал сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы шағымды тиiстi сайлау комиссиясы ол арыз түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы да мүмкін, ондай болса сот шағымды түскен күні қарайды. Сол кезде арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгiзудi дереу жүзеге асырады. Сондай-ақ сайлаушының учаскенің орналасқан жері бойынша тұрақты мекенжайға тіркелгені расталған кезде, яғни ХҚО беретін мекенжай анықтамасын ұсына отырып, тиісті учаскедегі сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін. Бұл кезде жергілікті атқарушы органдар елдің сайлау комиссияларымен бірлесіп, дауыс беру күні учаскеге келген азаматтың сайлаушылар тізімінде өзін тауып, өзінің сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруы үшін барлық шараларды қабылдауы тиіс.
Сөйтіп сайлау күні дауыс беру сайлау учаскесіндегі дауыс беруге арналған үй-жайда жергілікті уақыт бойынша сағат жетіден кешкі сегізге дейін өткізіледі. Сайлаушы өзі дауыс береді. Сайлауда дауыс құқығын басқа біреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлаушылар тізімінің негізінде Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжатын немесе жеке куәлігін көрсеткен кезде қолына ұстатылады. Сосын сайлаушы бюллетеньді алғандығы туралы қол қояды.
Сайлау бюллетеньдерін сайлаушы жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады және оларды толтыру кезінде басқа біреудің қоса кіруіне тыйым салынады. Ал егер сайлаушы өз бетімен бюллетеньдерді толтыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда, өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы, оның аты-жөні дауыс бергеннен кейін сайлаушылардың тізіміне тіркеліп, тұсына сайлаушының бюллетень алғандығы туралы қолы қойылады. Алайда, бұл сәтте бір ескерер жайт, бюллетеньді өз бетімен толтыруға мүмкіндігі болмаған сайлаушыға бюллетеньді толтыруға сайлау комиссиясының мүшесі, жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы, кандидаттың немесе саяси партияның сенім білдірілген адамы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі, яғни – журналист және тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы қатысуға болмайды. Осылайша сайлаудың мәні де, негізі де дауыс беру болып табылады. Өйткені өз таңдауын дұрыс жасаған адам ұтылмайды.