Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Үміткерлер өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда

1277 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Елімізде сайлау науқанының үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда. Кандидаттар сайлауалды бағдар­ламаларын қазақстандықтарға түгел жеткізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарын барынша тиімді қолдануда. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің бұқаралық сипат алған заманында үміткерлер жеке парақшалары арқылы тікелей эфирге шығып, басты ұстанымдары жөнінде кеңінен хабар беріп жатыр.

Үміткерлер өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануда
«Ақ жол» демократиялық партиясынан президенттікке кандидат Дания Еспаева республикалық қоғамдық штабы­ның өкілдерімен бірге Ақмола вагон жөндеу ұжымымен кездесті. Жиын­­ға партия төрағасы, штаб басшысы Азат Перуашев, Парламент Мәжілісі депу­таттары Берік Дүйсембинов пен Кеңес Абсатиров, партия филиалының төрағасы Асқар Смағұлов қатысты.

Президенттіктен үміткер тұңғыш әйелдің сайлауалды штаб мүшелері зауыт жұмысшыларына Д.Еспаеваның отан­­дық кәсіпорындарды қолдауға бағыт­­­талған ұсыныстарын жеткізді. Өнер­­­кәсіп мамандары баспанамен қам­та­­ма­сыз ету және зейнет жасына қатыст­ы сұрақ­тарын қойды. Сондай-ақ жи­нал­ғандарды Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес шаралары да қызықтырды.

Кездесу барысында үміткердің қазақ­стандық кәсіпорындарға арнал­ған салық төлемі жүйесі және қаржыландыруға бай­ланысты бастамалары сөз болды. «Маңызды қолдау шараларының бірі – отандық өнеркәсіп орындарына жеңіл­діктер қарастыру. Еуразиялық эконо­микалық аймақ шеңберінде көптеген мемлекеттік тапсырыс пен тендерлерді шетелдіктер алып жатыр. Шетелдік мұнай пайдаланушыларын отандық өндірушілердің тауары мен қызметін пайдалануға міндеттеу керек. Біздің үміткер Д.Еспаева «Мемлекеттік тапсырыстар туралы» Заңға, «Самұрық-Қазына» АҚ және тағы басқа ұлттық компаниялардағы тапсырыс туралы ережеге «отандық өндіруші», «қазақстандық тауар» секілді ұғымдарды қайта енгізу қажет деп санайды», деді А.Перуашев.

Ақмола вагон жөндеу зауыты 1941 жылы құрылған. Мұнда жылына үш мыңдай вагон жөнделеді. Бүгінде зауыт­та 400-дей адам еңбек етеді. Жалпы, Қазақстанда жиырма шақты осындай зауыт бар. «Ақ жол» партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасын тауып, еліміздегі ірі өнеркәсіптерде кездесулер өткізеді.

*  *  *

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Шығыс Қазақстан облысын аралап жүр. Ол бұл сапарының мақсаты ауыл шаруашылығы мәселелерімен жақыннан танысып, тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап беру екенін айтты.

Кандидат алдымен тауарлы сүт фермасына барды. Фермада 3 мың бас мал бар. Оның ішінде шамамен жартысы – сауын сиыр. «Жылына орташа есеппен алғанда 1 сиырдан сауылған сүт 8 мың метрден асады. Бұл – Қазақстандағы ор­таша көрсеткіштен 3 есе көп. Егер елі­міз көлемінде мұны 3 есеге арттырса, бү­гін­гі таңда 6 млн тоннаға қосымша 12 млн тонна өнім шығарып, дайын өнім­ді экспортқа жіберер едік», деді Т.Рақым­беков.

Шығыстағы шаруа қожалығының табысқа жетуінің бір сыры – ғылыми-зерттеу орталығының қызметі. Отандық жас ғалымдар Украинадан шақырылған ғылым докторлары мен ғылым кандидат­тары­ның басшылығымен дәнді және майлы дақылдардың, оның ішінде соя сортының селекциясымен айналысады. Кандидатты жергілікті ШҚМУ түлектерінің шаруашылықта жұмыс істеп жатқандары қуантты. Оның айтуынша, студенттердің университетті бітіргеннен кейін жұмыс іздеп ауылға келуге ниет білдіргені – өте құптарлық бастама.

«Шаруа қожалығы тек 2018 жылдың өзінде ғылымға 385 млн теңге салып­ты, ал бюджеттің үлесі – 15 млн теңге. Міне, ғылымның, білімнің және агроөндірістің тығыз интеграциясының жарқын мысалы. Және ғылыми зерттеулерге жеке инвестиция салудың пайдалы екен­дігінің нақты көрінісі. Әрбір ауылда осылай болуы керек. Сол кезде ауыл тұр­ғын­дарының болашаққа деген құл­шы­нысы артады. Мен, президент­тіктен үміткер тұлға ретінде оған қалай қол жеткізуге болатынын анық білемін», деді Т.Рақымбеков.


*  *  *

Кәсіподақтар федерациясынан пре­зи­денттікке кандидат Аманкелді Тас­пиховтың сенім білдірілген адамдары үгіт-насихат жұмыстарының аясында Батыс Қазақстан облысындағы Сырым аудандық білім беру бөлімі ғимаратында «Кәсіподақ ұйымы және оның қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың рөлі» та­қы­­ры­бында дөңгелек үстел жиынын өткізді. Отырысқа облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйы­мы­ның төрағасы М.Даупаев және өңір­лік штаб өкілдері Г.Құрманғазиева мен Г.Хаир­лиева қатысты. Алдымен сөз бас­­таған М.Даупаев кандидат А.Тас­пи­ховтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген еңбек адамына жан-жақты қолдау көрсету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы айтып берді. Сырым ауданы білім саласының кәсіподақ мүшелері ұйымның жұмыс барысы, «Еңбек шартын жаса!» акция­сының жүргізілуі жөніндегі қазіргі мәсе­л­елерді мәлімдеп, соңында сайлауға бел­сенді қатысатындарын, үміткерді қол­дайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар бұл өңірде облыстық штаб белсенділері Бәйтерек және Теректі аудандарына автокеруен ұйымдастырды. Жастар ауылдарды аралап, ақпарат­тық тақталарға президенттіктен үміткер А.Тас­пиховтың үгіт-насихат материалдарын орналастырды.

Ал кандидаттың Ақтөбе облысындағы қоғамдық штабы жұмыстарын тари­хи-өлкетану музейінде жалғастырды. Қазақ­стандық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы С.Иманқұлова бас­таған топ жәдігерлер ғимаратына экскур­сия жасап, музей ұжымына сайлауал­ды тұғырнаманың басым бағыттарын таныс­тырды. Кездесу соңында музей дирек­торы­ның орынбасары А.Ержанов пен сол ме­ке­медегі кәсіподақ төрайымы А.Сары­бай Мәдениет және спорт ми­нистр­­лі­гі­нің Құрмет грамотасымен марапатталды.

*  *  *
Қазақстан Коммунистік халық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Шымкент қаласындағы сайлауалды қоғамдық штабының өкілдері белсенді жастармен кездесті. Индустриялық-техникалық колледжде өткен жиында қалалық штаб жетекшісі Н.Қадырқұлов студенттерге партия кандидатының бағдарламасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол маркс­тік-лениндік ұстанымдардың маңыз­ды­лығына тоқталып, коммунистік тәр­биенің негізгі тетіктерін атап өтті. Сон­дай-ақ бүгінгі таңда жастардың мемлекеттің тағдырына алаңдаушылығы бәсең екенін, олардың түрлі оқиғаларға бейжай қарауы белең алып бара жат­қанын көлденең тартты.

Жиында насихатшы топ қазіргі жас­тардың тәрбиесіне де тоқталып, тек қомақты табысқа ғана ұмтылыс жас­тар­ды құлақкесті құлға айналдырып жат­қанына назар аударды. Интернеттің белгілі бір контенті жастар арасында осын­дай олқылықтың орын алуына себеп болатынын атап өтті.

«Жоғары оқу орындарының түлек­терінің дипломдары көбіне еңбек нары­ғында кәдеге жарамай, жұмыссыздық мәселесі туындап отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін жаңа тәсіл қажет, қоғамның зама­науи талаптарына сүйену керек. Жастардың өзін өзі танытуына мүм­кіндік ұсыну – Коммунистік халық партия­сының басты басымдықтарының бірі. Сол үшін кандидат Ж.Ахметбеков өзінің сайлауалды бағдарламасында жас­тар үшін алғашқы кепілденген жұмыс орнын енгізуді талап ететінін көрсетті. Біз, Қазақстан коммунистері, ортақ іс үшін жұмыс істейміз! Біздің сеніміміз бір­лік, мейірім және өсіп-өркендеу сияқ­ты баршаға түсінікті ұғымдар аясында нығаяды», деді қалалық штаб жетекшісі.

Ортада көтерілген тақырыптар жас­тар­дың көңілінен шықты. Олар саламатты өмір салтын қалыптастыру, шәкір­тақының көлемін ұлғайту, жастар­дың бос уақытын тиімді ұйымдастыру турасында сұрақтарын қойды.

*  *  *
Nur Otan партиясынан президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шаралар Қызылжар өңірінде де белсенді ұйымдастырылуда. Соның бірі этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен Достық үйінде өткен «Бейбітшілік, бірлік, келісім – рухани жаңғырудың негізі» атты жиын болды.

«Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары берік орнықтырған, қамтамасыз еткен тарихи сабақтастықтарды одан әрі жалғас­тыру мем­лекетіміздің іргетасын, ұстан­ған саяси бағытын баянды ете түседі. Нұротандықтар таңдаудан қате­лес­педі, Қ.Тоқаевқа зор сенім білді­ріп отыр. Ол заңды да. Өйткені қазақстан­дық­тар оның басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинақтағанын, қиын­дық­тарды еңсере білетін зор талантты ұйым­дастырушылық қарым-қабі­лет­ке ие екенін жақсы біледі. Осы себеп­ті Елбасымыздың сара саясатын, жарқын жолын жалғастырарына, ұлт­ара­лық келісім қағидаттарын көздің қарашығындай сақтарына кәміл сенеді», деді алқалы басқосуда Urpaq қазақ мә­де­ни-ағарту орталығының төрайымы Гүл­бақша Мұсабаева.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жа­нын­дағы облыстық ақсақалдар кеңесі­нің төрағасы Фанис Литфуллин өз сөзінде бүгінгі таңда қоғамдық қауіпсіздік, тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықты түп-тамырымен жою, әлеуметтік қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру аса өзекті жайт екеніне назар аударды. Ол барша сол­түс­тікқазақстандықтарды Қ.Тоқаев­тың кан­дидатурасын қолдауға, сайлау учас­келеріне бір кісідей келуге шақыр­ды. Сонымен қатар Еврей мәде­ни ұйымының жетекшісі Рашбиль Евдаев, «Радзіма» белорус орталығының төрайы­мы Мария Татаренко, облыстық славян мәдени бірлестігінің басшысы Раиса Полищук, тағы басқалары рес­пуб­ликалық саяси ұйым атынан ұсыны­лып отырған президенттікке кандидат елі­міз­дің әр азаматына тең мүмкіндік туғы­затын әділетті, дамыған қоғам құрарына үлкен сенім білдірді.


*  *  *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысынан президенттікке кандидат болып тіркелген Әміржан Қосанов кеше Қостанай өңіріне табан тіреп, облыстық сайлауалды штабының белсенділерімен кездесті. Іс-шарада кандидат сайлауалды тұғырнамасының басым бағыттарын нақтылап, түрлі өзекті қоғамдық мәселе­лерге қатысты өз ұстанымын кеңінен түсіндіріп берді. Штаб мүшелері өздерін тол­ғандырған сауалдарын қойып, өңір­лік жұмыс жөнінде баяндады. Бұған қоса штабтың конференц-залында қала тұрғындарымен де кездесу өтті. Жинал­ған халық Ә.Қосановтың алдағы жоспарларын өз аузынан естіп, бастамаларына қолдау көрсетті.

Сонымен қатар кандидат өзінің сенім білдірілген адамдарымен бірге «Заречное ауылшаруашылық тәжірибе стансасы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Мекеме бидай, рапс, сұлы, арпа және басқа да дәнді дақылдардың құнды тұқымдарын өсірумен айналысады. Кәсіпорын қыз­мет­керлеріне Ә.Қосанов сайлауалды тұғыр­намасының негізгі бағыттары туралы айтып берді. Жиналған қауым сай­лаудағы байқаушылар тақырыбы бойынша сұрақ қойып, біраз мәліметке қанықты. Сондай-ақ түрлі қоғамдық мәселелер талқыланып, сайлаушылар өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Ал кандидаттың Қарағанды облыс­тық штабының үгіт-насихат тобы Кеншілер мәдениет сарайы алдында флешмоб өткізді. Онда белсенді парақшаларды, үгіт материалдарын таратып, сол маңнан өткен шаһар халқы­ның сұрақтарына жауап қайтарып, сайлау туралы мәлімет берді. Сонымен қа­тар облыстық штаб орналасқан ғима­рат­та азаматтарды қабылдау күні өтті. Тұр­ғын­дар кандидаттың сайлауалды тұғыр­намасында көрініс тапқан ба­ғыт­­тарға қызығушылық танытып, сұрақ­тарына жауап алды. Және бұл құжат­ты толықтыра түсу үшін өздерінің ұсыныс­тарын да білдірді.


*  *  *
«Ұлы дала қырандары» республика­лық қозғалысы ұсынған президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сенім біл­діріл­ген адамдары өңірлерде үгіт-наси­хат жұмыстарын қарқынды жүргізе бастады. Саяси науқанды тек қазақ тілін­де өткізіп жүрген ұлтжанды аза­мат­тың сайлауалды бағдарламасы Жамбыл облысында жалғасын тапты. Жамбыл облыстық қоғамдық штабы­ның өкілдері Тараз қаласынан бастап Т.Рысқұлов, Меркі, Сарысу, Талас, Байзақ және Жуалы аудандарына барып, тұрғындармен кездесті. Жергі­лікті халыққа С.Түгелдің сайлауалды тұғыр­на­масы кеңінен түсіндірілді. 

Сондай-ақ насихатшылар Қордай ауда­нында болып, тұрғындардың үніне құлақ түріп, сайлауалды бағдарла­масы­мен жіті таныстырды. «Әрбір азамат ана тілі мен ділін, дінін, оның түп-тамыры мен тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін және рухани-мәдени мұра­ларын, сондай-ақ ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларды біліп әрі қастерлеп өсуі қажет. Себебі біз жастарымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз да сондай болады. Сондықтан ұлттық салт-дәс­түр­ді мектеп табалдырығынан бастап жастардың бойына сіңіру керек», деді С.Түгелдің сенім білдірілген адамдары.

Ал кандидаттың өзі үгіт-насихат жұмыстарының аясында ұйымдас­ты­рыл­ған Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жерұйық» саябағында өткен концертке қатысты. С.Түгел концерт барысында сөз алып, кезінде аталған саябақтың атын қоярда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Жерұйық» атауын ұсынғанын айтты. Сондықтан бұл жерде өткен іс-шара ерекше мәнге ие болды. Концертте мәде­ниет қайраткері Қайрат Ахметов және танымал әнші, Польшаның мәдениет қайрат­кері Бибігүл Искакова туған жер тура­лы патриоттық әндер шырқады. Соны­мен қатар белгілі иллюзионист Кәрім Мұтырғанов, елордадағы Каратэ федера­ция­сының спортшылары өнер көрсетті.


Дайындағандар

Өмір ЕСҚАЛИ,

Орынбек ӨТЕМҰРАТ,

«Egemen Qazaqstan»