Сайлау • 24 Мамыр, 2019

Біз - «BIRGE»!

1034 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалында Президенттікке Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды үгіт-насихат кезеңінің аралық қорытындысы жөнінде брифинг болып өтті. Алматы қалалық қоғамдық Штабының жетекшісі, қалалық Мәслихат депутаты Рахман Алшанов осы кезеңде атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндап берді.

Біз - «BIRGE»!

- Алматы – бизнестің, ғылым мен мәдениеттің ордасы. Сайлаушылардың үштен бірі жастар. Сол себепті, осы салалардағы топтармен жұмыс істеуге басымдық берілуде. Жастардың заманауи білім алуына, жатақханалар мен тұрғын үйлердің салынуына, жаңадан жұмыс орындарының көптеп ашылуына ерекше назар аударарамыз, -деді Рахман Алшанов.

Оның айтуы бойынша, елімізге танымал азаматтардан құрылған Қоғамдық штабтың 170 мүшесі, 1,5 мыңдай сенімді өкілдер мен жас белсенділер екі апта ішінде еңбек ұжымдарында 200-дей іс-шара ұйымдастырды. Оған әр саланың 40 мыңдай өкілдері қатысты.

Қоғамдық қабылдау бөлімдерінде 500-ге жуық азаматтар қабылданды. Қабылдау барысында  Кандидаттың сайлауалды тұғырнамасы таныстырылып, азаматтар тарапынан айтылған тілектер жинақталды. Бұл шара халықпен кері байланысты қамтамасыз етеді.

«Есіктен есікке» акциясы аясында штаб мүшелері 30 мыңдай отбасымен кездесіп, түрлі саладағы азаматтардың ұсыныстарын жинақтады. Алматылықтар тарапынан берілген 16 мыңдай ұсыныстың көпшілігі Кандидаттың сайтына жолданды. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде өтіп жатқан «BIRGE» жалпыұлттық акциясы кеңінен қолдау табуда. Осы акция аясында 1 400 белсенді тұрғындармен бетпе-бет жүздесіп,  20 мыңнан аса үгіттік парақшалар таратты. Магистральді   көшелер   бойына  билбордтар мен 220 мыңдай үгіт-насихат материалдары орналастырылды.

- 160 мыңдай үгіт-насихат материалдарын таратқан сәттерде, алматылықтар Қасым-Жомарт Тоқаевты жақсы танитындарын және қолдайтындарын білдірді. Алматы қалалық сайлауалды штабы Кандидатымыз ұсынған Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаларын басшылыққа ала отырып, өз жұмысын жалғастыра беретін болады. Басты мақсатымыз - Кандидатымыздың алдағы сайлауда толықтай жеңіске жетуін қамтамасыз ету, - деп қорытындылады сөзін Рахман Алшанов.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 АЛМАТЫ