Бүкіләлемдік банк өкілдерінің Маңғыстау соттарына іссапарының мақсаты – қазақстандық сот төрелігінде ақпараттық технология мен ІТ жүйенің қолданысымен танысу және сот жүйесі жұмысын ұйымдастырудың халықаралық озық тәжірибесін зерделеу. Соттарды аралау барысында олар материалдық-техникалық қамтамасыз етілуімен қатар, сот залдарындағы аудио-бейнежазба құрылғыларының, сот кеңсесіндегі электронды сервистердің жұмыстарына, азаматтарға қызмет көрсету тәсілдеріне куә болды. Олар қалалық соттардағы «Сот төрелігінің 7 түйіні» бойынша жүзеге асырылған фронт-офис, медиация кабинеті, судья көмекшісі секілді пилоттық жоба нәтижелерімен жақын танысты.
Нұртай Алмашов қонақтарға Қазақстан соттарында медиация рәсімі негізінде Билер кеңесі жұмыс істей бастағанын, смарт-сот арқылы істерді қашықтан өткізу нәтижесін, істерді сақтау тәжірибесін түсіндірді. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда Қазақстан Республикасы мен Бүкіләлемдік Банктың арасындағы өзара іс-қимылдың қарқынды дамып отырғанын атап өтті.