Аймақтар • 24 Мамыр, 2019

Шымкент сотында «Бақытыңды балаңнан ізде!» атты кездесу өтті

1028 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында «Бақытыңды балаңнан ізде!» тақырыбымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы бойынша интерактивтік кездесу өтті. Оған қалалық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұхтар Пәрменов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, қалалық, аудандық соттардың төрағалары мен судьялары, Шымкент қаласының Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы және қала жастары қатысты.

Шымкент сотында «Бақытыңды балаңнан ізде!»  атты  кездесу өтті

«Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен республикамыздың 4 облысында отбасылық құқықтарды қорғауға бағытталған «Отбасылық сот» пилоттық жобасы іске қосылды. Бұл жобаның міндеті: отбасылық жанжалдардың себептерін анықтап, сот процесінің барлық сатысында дауласушы тараптармен татуластыру шараларын жүргізу, отбасы құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету. Шымкент қалалық сотының төрағасы Ербол Рахымбековтің 2018 жылғы 4 желтоқсандағы Өкімімен Еңбекші аудандық сотының базасында «Отбасылық сот» Пилоттық жобасын жүзеге асыруға кіріскен едік. Жарты жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы жоба қазіргі уақытта тиімділігін көрсете бастады. Өздеріңізбен отбасын сақтап қалу, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңесе отырып және сұқбат жүргізіп, сұрақтарыңызға жауап беріп, ой-пікірлеріңізді тыңдасақ»,  деді алқа төрағасы.

Алқалы жиында отбасылық жанжалдардың себептерін анықтау, сот процесінің барлық сатысында тараптарды татуластыру шаралары, оның ішінде азаматтардың сотта немесе соттан тыс татуласуына мүмкіндік беру, отбасы құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған мәселе қозғалды. Әрі, отбасы құндылығын сақтауда  әсіресе кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жайы кеңінен талқыланды.

«Бүгінгі таңда Еңбекші аудандық сотымен отбасын сақтап қалу, жанжалдардың алдын алу мақсатында бастапқы тегін психологиялық көмек көрсетіліп, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша іс-шаралар жүргізілуде»,  деді Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов.

Кездесуде сөз алған қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты Оразкүл Асанғазықызы отбасы және неке қатынастарының бұзылуына махаббаттың жоқтығы себеп болып отыр дейді.  Қоғам қайраткерінің пікірінше, бір-бірін шын жақсы көріп, махаббатпен қосылса, екі тарапты ешкім де ажырата алмайды. Тіпті, отбасы атты ұстахананың тәжірибелі ұстасына айналады. Ол ұстаханадан намысты ұл, қылықты қыз тәрбиеленіп шығармақ.

Спикерлерді ұйып тыңдаған жастар кездесуге белсене қатысып, «Тоқтамсыз керісе беретін ата-анасына бала қалай көмектеспек? Теледидардағы «Қалаулым», «Кел, келінім!» сияқты бағдарламалар туралы не ойлайсыз?» деген сұрақтарын қойып, оған тұшымды жауап алды. Әрі, отбасын құруға ниеттеніп жүрген жастарға ұлттық құндылықтарға негізделген шаңырақ көтеру туралы курстар ашылса деген ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, шара барысында «Отбасылық сот» пилоттық жобасының мақсат-міндеттері, ерекшеліктері көрсетілген буклеттер таратылды. 

Айта кетерлігі,  осы жылдың 4 айында неке және отбасы қатынастарына қатысты 251 талап-арыз түсіп, оның 73 ісі бойынша некені бұзу туралы шешім қабылданған, 37 талап арызы бойынша тараптардың татуласуына байланысты іс-жүргізу тоқтатылған.9 талап арыз қараусыз қалдырылған. 146 талап арыз (қалдық істер бойынша) бойынша судья және психологпен алдын ала әңгімелесу сатысы жүргізілуде.