Саясат • 24 Мамыр, 2019

«Өңір» депутаттық тобының отырысы болды

1162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында «2018 жылғы 10 қаңтар мен 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауларында көрсетілген медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру бойынша тапсырмаларын заңнамалық қамтамасыз ету» тақырыбымен «Өңір» депутаттық тобының отырысы болды. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

«Өңір» депутаттық тобының отырысы болды


Отырысқа Сенат депутаттары – «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, еліміздің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғ­амының, «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығы» ресупбликалық қоғамдық бірлестігінің, Ақмола, Жамбыл және Қызылорда облыстарының денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қатысты.

 «Өңір» депутаттық тобының жетекшісі, Сенат депутаты Михаил Бортник шараны аша келіп, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауларында көрсетілетін дәрігерлік қызметтердің, әсіресе ауылдық жерлердегі сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғанын атап өтті.

«Бүгінде медицинада, әсіресе ауылдық жерлерде шешілуге тиіс бірқатар мәселелер бар. Мәселен, кадрлар тапшылығы мен даярлау мәселелері өткір сезіліп отыр. Тиісті мамандардың болмауына байланысты қымбат жабдықтардың тұрып қалған мысалдары бар. Көптеген денсаулық сақтау объектілері күрделі жөндеуді қажет етеді. Медициналық автомобиль көліктерін жаңарту бойынша да шешілмеген мәселелер бар. Осындай өзекті мәселелердің бәрі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына әсер етеді. Бұл проблемаларды кешенді түрде шешетін қадамдар керек болады. Сенат депутаттарының ел өңірлеріне жұмыс сапары барысында осы мәселе жұртшылық тарапынан бірнеше рет көтерілген болатын», - деді М. Бортник.

Сөз алғандар мемлекеттік органдар қабылдайтын шаралар денсаулық сақтау саласындағы жағдайды едәуір жақсартуға және қойылған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Алдағы кезеңде ауылдық жердегі аудандық ауруханалар мен емханаларды жабдықтауда ең төменгі стандартқа жеткізу және аймақ тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін кеңінен пайдалану, ауылда мобильді дәрігерлер тәжірибесін енгізу, қашықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді дамыту және ауылдық жердегі денсаулық сақтау мекемелерінің интернет желісіне қол жеткізуін қамтамасыз қолға алынатын болады.

Талқылау барысында сенаторлар Әли Бектаев пен Бекмырза Еламанов ауылдық жерлердегі ауруханалардың жабылуына алаңдаушылық білдірді.

Сенатор Серік Бектұрғанов өз сөзінде Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау жағдайына жан-жақты талдау жасады.

Сенат депутаты Михаил Бортник кездесуді қорытындылай келіп «Өңір» депутаттық тобының мүшелері – сенаторлар көрсетілетін медициналық қызметтердің, әсіресе ауылдық жердегі дәрігерлік көмектің деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған заң жобалары арқылы заңнамалық деңгейде қолдауға дайын екенін атап өтті.

«Әзірленген ұсыныстар пысықталып, еліміздің Үкіметіне жіберіледі», - деді сенатор.