21 мамыр күні Көкпекті ауданының Үлгілімалшы ауылында қатты дауылдан электр бағаналары құлап, тұрғындар жарықсыз қалған-ды. Осы аудандағы метеостанцияның мәліметі бойынша 21 мамырда Көкпектіде жел секундына секундына 18 метр жылдамдықпен соғыпты. Аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржановтың айтуынша, 21 мамыр күні Үлгілімалшы ауылындағы 12 көшенің 9 көшесінде жарық болмапты. «Қалған үш көшеде жарық сөнген жоқ. Қатты дауыл Үлгімалшы ауылындағы 4 электр бағанасын құлатты. Сол күні Көкпекті аумақтық электр желісінің жедел әрекет ету бригадасы жұмыс істеп, кешкі сағат 18:00-де электр желісінен айырылған 95 абоненттің 60-ына жарық қосылды. 22 мамырда Үлгілімалшы ауылында күндізгі 12:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жарық болған жоқ. Себебі, осы уақыт аралығында аумақтық электр желісінің 4 әрекет ету бригадаларының құрамында 18 маман құлаған электр бағаналарын орнына қойып, қалпына келтіру жұмыстарымен шұғылданды. Екі тәулік ішінде дауыл салдары жойылды. Ауыл тұрғындары жарықпен қамтамасыз етілді» дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысы,
Көкпекті ауданы