Аймақтар • 25 Мамыр, 2019

Батысқазақстандық компаниялар «ҚПО б.в.» компаниясымен 5 келісімшарт жасады

1172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы мұнай өндіруші компанияларда жергілікті үлес көбейіп келеді. Бұл жөнінде «ҚПО б.в.» «Мұнайгаз өнеркәсібіне арналған машина жасау» кластерінің жол картасын жүзеге асыру шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту жөнінде өткен семинар-кеңесте айтылды.

Батысқазақстандық компаниялар «ҚПО б.в.» компаниясымен 5 келісімшарт жасады

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының Орал қаласындағы офисінде жергілікті қамтуды дамыту жөнінде кеңес өтті. Жиында сондай-ақ машина жасау және мұнай-газ саласын дамыту мәселелері талқыланды.

Кездесу кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Елбасының өңірлерді индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасының І және ІІ бесжылдықтарын жүзеге асыру жолында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Мәселен, осы уақыт ішінде өнеркәсіп өнімдерін өндіру 990,1 млрд теңгеден 2471,2 млрд теңгеге, яғни 2,5 есеге өскен. Осындай өрлеу өңдеуші кәсіпорындарға да тән. Өңір басшысының айтуынша, облыстағы өңдеуші кәсіпорындар өнім өндіруді 2,4 есеге көбейткен.

Алтай Көлгінов «ҚПО б.в.» жергілікті тауар өндірушілермен және қызмет көрсетушілермен тығыз қарым-қатынас жасап отырғанын атап өтті.

- Батыс Қазақстан облысы – еліміздің стратегиялық өңірі. Мұны таяуда біздің облысқа жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын. Соның ішінде өндіріс саласына назар аударып, жергілікті зауыттарға инвестиция тартуды тапсырды. Бұл жұмысты серіктестерімізбен бірге атқаратын боламыз, - деді Алтай Көлгінов.

«ҚПО б.в.» компаниясында қазақстандық үлес соңғы үш жылда 48%-дан 60%-ға өскен. Соның ішінде жергілікті тауарларды тұтыну 12%-ға жеткен. Осының нәтижесінде 2018 жылы ғана 163 млрд теңге қаржы еліміздің экономикасына салынып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жоғары сапалы отандық өнім шығаруға, ел қазынасына салық ретінде қосымша қаржы құйылуына қол жетті. «Мұның бәрі сайып келгенде өңір тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартқаны сөзсіз» дейді Алтай Көлгінов.

Іскерлік кездесудің қорытындысында жергілікті компаниялар мен «ҚПО б.в.» арасында ұзақмерзімді келісім-шарттарға қол қойылды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясымен әріптес болған отандық өндірушілердің қатарында «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақсай индустриальды паркі» АҚ, «Тематек» ЖШС, «Ақсайгазссервис» АҚ және басқалары бар.

Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО


Батыс Қазақстан