Аймақтар • 25 Мамыр, 2019

Оралда жас мемлекеттік қызметшілердің тіл байқауы өтті

1132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Еуразия әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тіл шебері-2019» атты жас мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық байқау ұйымдастырды.

Оралда жас мемлекеттік қызметшілердің тіл байқауы өтті

Бұл шараға Батыс Қазақстан облысының аудандарынан және Орал қаласынан 8 үміткер қатысты. Байқау шарты бойынша жас мемлекеттік қызметшілер қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеру дағдысын сынға салды.

«Тіл шебері-2019» атауынан үміткер жас мамандар «Тұсаукесер» сынында қазақтың ұлттық киімінде өнер көрсетіп, берілген тақырып мазмұнын қазақ тілінде толық ашуға тырысса, «Өнертаным» кезеңінде ағылшын тілінде ән салып, өлең оқып, шағын қойылымдар көрсетті. Ал «Ұлттаным» аталған қорытынды кезеңде сұрақ-жауап айдарына қатысып, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен, «Тіл шебері-2019» байқауының қорытындысы бойынша жүлделі 1-орынды Ақжайық ауданы Чапаев ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерболат Мұхтарұлы жеңіп алды. Ал 2-орын Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Ботагөз Болатқызына бұйырды. Байқаудың үшінші жүлдесін Қазталов ауданы әкімі аппаратының маманы Ерлан Нұрланұлы мен Сырым ауданындағы Жымпиты ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Ақмаржан Тұрланқызы иеленіп, бағалы сыйлықтармен марапатталды.


Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Батыс Қазақстан