Руханият • 27 Мамыр, 2019

Капитан қызы – Маша

1513 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Аһ, Пушкин! – Александр Сергейұлы. Дүниеге бір келе қалған ерек те бөлек жан – Құдайдың сүйген құлысың ғой! Кержақтар қызғаныштың қызыл отынан, құқайлар қара бастарының қамынан – сені көре алмады. Ақыры... өлтіріп тынды. Бірақ, рухың өлмейді. Жұлдызды жолың өшпейді.

Капитан қызы – Маша

«И долго буду тем любезен я народу,

Что чувства добрые я лирой пробуждал,

Что в мой жестокий век восславил я свободу

И милость к падшим призывал.»

Аһ-һ... Пушкин, Пушкин, Пушкин! «Гений чистой красоты!!!».

Автор

...«2019 жыл. Қаңтар. Қасарысқан көк­қасқа қыс. Қазақтың кеңқұшақ, да­ли­­ған даласы. Александр Сергейұлы еке­уміз, Орынбордан Ақшатауға (Бе­логорск) қарай «тойото-джип» тұл­па­ры­мен түнделете суыт жүйткіп келеміз. Сұр­қай боран суыра, үйіре соғады. Қар жапалақтай, ұйытқи жауады. Аспан түн­дігі жабыңқы, ай да көрінбейді. Қара түн аппақ әлемге шағылыса, жан-жа­ғың бозаңыта шырамытады. Көлік жары­ғында сонар жолың шаңдата суыл­дайды... Алдымызда бірдеңе қараң­дай­тын­дай...».

Автор

Пушкин, Абай, Лермонтов, Байрон, Гете және де басқа ұлыәуи ақындар – бір-бірлерімен үндес те тектес. Әрине, әрқай­сыларының өзіндік жолдары, қыр-сырлары бар. Бұлардың поэзиясы тыл­сымнан туындаған. (Абай-һәкім «қо­лын мезгілінен кеш сермемегенінде», дүниені кезіп, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінде өлеңдерін жазғанында, төрткүл дүние әлдеқашан Абайдың – қазақтың алдында иіліп те тұрған болар еді-ау!..) Бұлардың поэзиясы туралы сөз айтуға – һәкім атамыз айтып кеткен – бірігіскен: «ақыл, қайрат, жүрек» керек, арнайы білікті білім, ілікті батылдық қажет. Ондайшылық әзірше бізде жоқ. Біздің бүгінгі баянымыз – Пушкиннің прозасы; оның ішінде, «Капитанская дочка» повесі. Осыған шамамыз келсе, Құдайға шүкір...

 Пушкиннің «Капитанская дочка» повесінде тылсымдық бір сыр бар. Ол жа­йында кейінірек, баянымыздың со­ңын­да.

Повесті оқып отырып, сіз қатты өзге­­­ріс­ке түсесіз. «Өткен өткелдерімде қалай болып едім, енді қалай боламын, келешекте ше?» дегендей ойларға бата­сыз да шома­сыз. Басты герой – оқи­ғаны аян да баян етуші Петр Гри­невпен өзіңізді са­лыс­­тырасыз, сөй­те­сіз де: «Мен өзі сондаймын ба? – сондай болуым керек-ақ екен ғой» дей­сіз еріксіз, ой-тұманына батып. Тіп­тен, жағымсыз герой Швабринмен де салыстыруыңызға болады. «Сондайлық оңбағандық қасиеттердің ұшығы менің де бойымда жоқ па екен?» деп өзіңізді тек­серіске саласыз, тергеуге аласыз, бей­ма­за күй кешесіз. Жалпы, повесті оқу барысында қатты толқып, толғанып, тебіреніп, ұшық тигендей күйге түсіп те отырарсыз-ау. Жиі-жиі өрекпіп, демі­гіп, көзіңізге сағынышты да сартапты сортаң жас та үйіріліп қалар. Ең алдымен, повестің авторына – шеберлігі мен «гений­лігіне» деген шексіз ризашылық сезім пайда болады. Мінеки, автордың – шығар­маның құдіреті!

Петр Гринев – 17 жаста. Әкесі: «Пы­сы­­сын, ысылсын» деп, қазақтың қу­ме­­киеніндегі патшалық Белогорск бе­кі­нісіне әскери қызметке жіберген. Ол от­ба­сында өнегелі тәрбие көріп өскен жан. Негізінде, ол – ол сияқтылар іштен тәр­бие­леніп туған. Парасатты да пайым­ды әкеге қалтқысыз бағынышты бол­­­ғанымен, оның болмысы еркіндікке жа­­ра­тылған. Өмірге құштар. Бәрін де кө­зімен көріп, қолымен ұстағысы ке­ле­ді. Қай нәрсені де талдау жасауға жетік. Батыл, тез шешім қабылдайды. Сасқалақтау дегенді білмейді. Адамдарға бір көргеннен сенеді. Егер де сол сенген адам­дары айнып жатса, табанда жауабын береді. Жақсылық үшін басын бәске тігуге даяр. Қысқасын айтқанда, Петя Гринев – досқа берік, махаббатқа бекем, жауына да әділ, шексіз отансүйгіш тұлға. Қараңыз: Пугачев Белогорск бекінісін басып алып, ойранын салып болған соң, Петя Гриневке айтады да сұрайды емес пе: «А коли тебя отпущу, так обещаещься ли по крайней мере против меня не служить?» деп. Сондағы, Петя Гриневтің жауабын байқаңызшы: «Как могу тебе в этом обещаться? Сам знаешь, не моя воля: отечество велить идти против тебя – пойду, делать нечего»...

Петр Гриневке қарап тұрып, ойлайсыз: «Нағыз дипломаттыққа – өтім­ді тілге, нақты іске, әбжіл қимыл-қа­рекет­тер­ге жаратылған жан екен ғой!» деп. Кім-кіммен де болса әділ де шынайы, анық та ашық, дәл де тура, ұқыпты да қалт­қысыз, өзіне де, өзгеге де залалсыз қалыпта сөйлесе алады. Пугачевтің көмек­ші итаршысы Белобородов, сатқын Шваб­риндер оны сыртынан қаншама мәрте азғырады: «Ол шпион, көзін құр­ту керек» деп. Пугачев Гриневке: «Сен не дейсің, жауап бер?» дейді. Ол жалтақтамастан, саспастан, тура­сы­нан да анығынан жауап қатады – жо­ға­ры­­дағы жауаптары тәріздес қылаусыз да қапысыз мәнерде. Ондай жауаптар Пугачевке ауыр тиіп жатады, әрине. Бірақ, оның өзі туралықты ұстанатын, жалғандықты жақтырмайтын пақыр ғой. Сондықтан да, қаншама ауыр болса да Гриневтің сөздерін құп көріп, мойындауына тура келеді. Петя Гринев ар-намыстың жолында өлімнен де қаймықпайды, мойнына тұзақ киілгенде де, иілмейді!.. Осы тұстағы оқиғаны да түпнұсқадан кеңірек келтіріп өтсек орынды болар, орысша білмейтін қазақ жоқ қой, қазақша білмейтін қазақ болмаса:

«Вешать его!» – сказал Пугачев, не взглянув уже на меня. Мне накинули на шею петлю. Я стал читать про себя молитву... «Не бось, не бось», – пов­торяли мне губители, может быть и вправду желая меня ободрить. Вдруг услышал я крик: «Постойте, окаянные! Погодите!..» Гляжу: Савельич лежит в ногах у Пугачева. «Отец родной! – говорил бедный дядька. – Что тебе в смерти барского дитяти? Отпусти его; за него тебе выкуп дадут; а для примера и страха ради вели повесить хоть меня старика!» Пугачев дал знак, и меня тотчас развязали и отпустили... Меня снова привели самозванцу и поставили перед ним на колени. Пугачев протянул мне жилистую свою руку. «Целуй руку, целуй руку!» – говорили около меня. Но я предпочел бы самую лютую казнь такому подлому унижению. «Батюшка Петр Андреевич! – шептал Савельич, стоя за мною и толкая меня. – Не упрямься! что тебе стоить? Плюнь да поцелуй у злод... (тьфу) поцелуй у него ручку». Я не шевелился. Пугачев опустил руку, сказав с усмешкою: «Его благородие, знать, одурел от радости. Подымите его!..» Жители начали присягать. Они подходили один за другим, целуя распятие и потом кланяясь самозванцу...».

Кейіннен, Гриневке Пугачев айтады: «Мен анау кәрі қақпасты таны­дым, сосын, сені де... Сол кезінде, «үметте» қонып шығып, ертесіне сен қоян ішігіңді сыйлап, «бір стақанға» ақша бергізгеніңде «бұл жақсылығыңды ұмыт­паймын» деп едім ғой. Енді, ерік­ті­сің­дер қайда барсаңдар да» деп.

Жалпы, түп негізін айтқанда, Петя Гриневтің «Құдайы» бар. Ол, қандай да бір жағдаяттарда «еркін». Құдіреті күш­тіден берілген еркіндік – оны қай­сы­бір қысылтаяңдарда да әділдікке бас­­тайды. Әділдік – һақтық. Һаққа – Құдай жақ. Қаншалықты қияметке тап болсаң да, тығырыққа тұппасынан тірел­сең де, ақырында – әділдігің алып шы­ғады. Оныңа себепкер де, септес те, сол – жар­қын жүзді жақсы жандардың жо­лың­да жолығысып жататындығы...

Повестің басты бір геройы Швабрин болса, айтқандарымызға – антипод. Мұндайларды әрқайсымыз да күнделікті көріп жүрміз ғой. Сондайлардың бірінің – Швабриннің бет-пердесінің повесте то­лы­ғынан ішек-қарнына шейін ақта­­рыла ашылғанына жиіркене отыра қуанасыз да. Барлық оңбағандығын тіз­бе­леп жатпадық, бір сөзбен айтқанда: Швабрин – сайтанның сапалағының нақ өзі! «Пугачевщинадан» кейін, сат­қын­ды­ғы үшін, өмірлік түрмеге жабылады.

Белогорск бекінісінің коменданты капитан Иван Кузмич – Машаның әкесі өте әділ де мейірімді жан. Солдаттардың, жас офицерлердің қамқоршы тәрбиешісі, «әкесі». Бірақ, көріне-көзге қателессең – қатал да. Петя Гринев пен Швабриннің егесінің (Машаға таласының) аяғы жекпе-жекке – қылыштасуға ұласпап па еді. Жеңіліп бара жатқан Швабрин ережені өрескел бұзып, аңдаусызда қараулықпен Петяны ауыр жарақаттаған-ды... Петя мен Маша бір-бірлерін шынайы сүйеді, махаб­баттары мөлдір. Петя аса бір өзім­шіл сенімділікпен Машаның әке­сі­не хат жазады: «Маша екеуміздің қосыл­уы­мызға батаңызды беріңіз» деп. Иван Куз­мич­тен жауап келеді. Петя хатты сон­дайлық бір сенімділікпен ашып қара­са...

«Сын мой Петр! Письмо твое, в котором просишь ты нас о родительском нашем благословении и согласии на брак с Марьей Ивановной дочерью Мироновой получили. Ни моего благословения, ни моего согласия дать я тебе не намерен, ибо ты доказал, что шпагу носить еще недос­­тоин, которая пожалована тебе на защиту отечества, а не для дуелей с такими же сорванцами, каков ты сам...».

Әрине, Иван Кузмич жүрек түкпірінде қарсы емес, кейіннен қызына айтады: «Я не против, он тебя не оставить, просто про­у­чить надо было» деп. Иван Куз­мич­ті толығынан танып білу үшін мына бір қай­ғылы эпизод та жеткілікті шығар: Пугачев оны дарға асайын деп жатқанда сұрайды: «Как ты смел противиться мне, своему государю?» Иван Кузмич айтады қаймық­пастан: «Ты мне не государь, ты вор и самозванец, слышь ты!». Дәл осы сөзді капитан Кузмичтің көмекшісі Иван Игнатьич те қайталайды. Екеуі де дарға асы­лады...

Иван Кузмичтің әйелі Василиса Его­ров­наға – Машаның анасына қарайсыз да таңырқайсыз. Әйел затының ақылдысы да адалы. Күйеуінің сенімді серігі әрі қыз­меттегі көмекшісі, «комендантша». Оны Пугачевтің жендеттері сол жерде қылыш­пен шауып өлтіреді. Себебі жендеттер оны үйден тыржалаңаш сүйрелеп алып шыққандарында, күйеуінің дарға асы­лып тұрғанын көріп, ол былай деген еді:

«Злодеи! Что это вы с ним сделали? Свет ты мой, Иван Кузмич, удалая солдатская головушка! Не тронули тебя ни штыки прусские, ни пули турецкие, не в чест­ном бою положил ты свой живот, а сгинул от беглого каторжника!».

Пугачев анау айтқан ақымақ емес, әйтпегенде, соншама әскерді қол астына жинай алар ма еді. Тек, патшалық би­лікке деген қыж-қыж қайнаған ішкі наразылығы оны мезгілінсіз, дайын­дық­сыз, көзсіздікке алып барған. Оның үстіне, ол о бастан «ұрда-жықтыққа» жара­тылған бейбақ емес пе. Пугачев: «Кто же я таков, по твоему разуменю?» деп сұрағанында, Петр Гринев айтады: «Бог тебя знает, но кто бы ты ни был, ты шутишь опасную шутку» деп. (Қан­дайлық дөп те дәл сөз-ә). Сосын, «кеш болмай тұрғанында, кешірім сұра­саң­шы, бәлкім басың аман қалар» дейді. Пугачевтің жауабы: «Маған артқа жол жоқ...».

Маша – Марья Иванқызы Миронова. «Ох, Құдайдың жарата салғаны!» Әппақ гүлге, рауандап атқан ақ таңға, таңғы мөп-мөлдір шыққа теңейсіз бе... қанатты періштелерге ме... (Әрине, мұның бәрі әзірше ішкі тылсымдық бір сезім...)

Жалпы, повесте Машаның болмыс-бей­несі қосалқы кейіпкер ретінде де көрі­ніп қалар кейбірімізге. Жоқ, олай емес, Пушкиннің «пушкиндігі» сол – Маша­ның бейнесін Асқар Сүлейменов айта беретін «мұнармен, мұнартпен» бүрке­леген. Перденің сыртынан ғана сыға­латып қойған. Сол Асқар айтқандай: «оқыр­ман шыңғырғандай боп қиналса несі ерсі, алсын қамау терін». «Шайнап бер­ген ас болмас». Бір сөзбен айтқанда: «Повестегі Гриневтен бастап, басқа басты персонаждардың бәрі-бәрі Машаның жұмбақ та тылсым образының – қолға ұстат­қандай көз алдыңызда емес, санаңыздың соқыр саңлауларында сыз­дық­­тай ашылып, орнығып, жарқырай түсуі­не қызмет етеді».

Біз бір сөздерімізде айтқан да едік:

«Әйел мен Ананың айырмасы – Жер мен Көктей! «Әйел» – жалпылама, жадағай ұғым; олар – көп. «Ана» – қасиетті, қастерлі ұғым, – аз. Әйел – алдайды, арбайды, сатады, сатылады; Ана – Жоқ!.. Ешқашанда!.. Олай болса: «Әйелі» көп ел азады, тозады, жоғалады; «Ана­сы» көп ел – МӘҢГІЛІК!.. АНА – Дүние­­нің тірегі. Арзан әйел – жегі құрт» деп. Міне, осындағы АНА – Маша.

По­падьи Герасим, попадья Пам­фи­­ловна. Бұлар да Құдай сыйлаған адал жандар боп шықты. Машаны үйле­рі­не жасырып, өздерінің бастарын бәске тігіп жүріп, сатқын Швабриннің озбыр­лы­ғы­нан сақтап қалады...

Пугачев ат жеккен шана беріп, ен-құлаш тон беріп, аздап ақша беріп, Петя Гри­невті итаршылары арқылы (екінші мәрте) шығартып салады. Жолда, Петя бір бекетке қонып шығып, ертесіне Маша мен Савельичті үйіне – әке-шеше­сі­­­нің қарамағына жібереді де, өзі Қазан қа­ласына «допросқа» аттанады.

Маша Петяның үйіне бірден сіңісіп кете­ді.

Әр нәрсеге бір себеп. Себепсіз де сеп­тік­сіз ештеңе болмайды. Петяның ата-анасынан рұқсат-бата алып, Маша әділдік іздену үшін Петербордың жанындағы Царское селоға – «жазғы сарай» – оның түбін­дегі пошта бекетіне (қызметшілері Пала­ша мен Савельич үшеуі) жетіп жайғас­қандарында, әңгімешіл хозяйка әйел­мен бас қосысып қалады. Келген жағ­дай аян етіледі. Сол әйел айтады: «Менің туысым сарайда істейді, мен де сарайға әрегідік барып тұрамын, мүмкін менің көмегім тиіп қалар» деп. Содан, кешкісін, әлгі әйел Машаны жазғы сарайдың жанындағы аллеяға ертіп барып, екеуі қыдырыстайды... Ертесіне, таң атысымен Маша әлгі аллеяға ешкімге айт­пастан да білдірместен жалғыз өзі келеді. «Ішкі бір сезім... құдірет шығар итермелеген...» (Кейіннен айтылатын Петяның мына бір сөздерінің астары­на да үңіліп көріңіздерші: «Марья Ива­нов­на предчувствовала решение нашей судьбы; сердце ее сильно билось и замирало»). Бір ит алдынан арпылдап шығады, Маша шошынып қалады. Сол кезде, «қорықпаңыз, тістемейді» деген жа­ғымды бір дауыс естіледі. Маша бай­қастап қараса, анадайда орындықта ке­лісті келген әйел заты отыр екен, жа­қындап келіп, амандасып болып, орын­дық­тың бір шетіне жайғасады. Әйел сұрай­ды: «Жайшылықпен жүрсіз бе, бұл жерден емессіз-ау шамасы?» деп. Маша: «Иә, деревняданмын, заң емес, қайы­рым­дылық ізденіп жүрмін» дейді. Бар жағдайын айтады да, қалтасынан Петр Гриневтің ешқандай кінәсі де күнәсі жоқ­тығын һақиқи дәлелдеп жазған хатын алып көрсетеді. Хатты оқып шыққан әйел, қайтарып береді. Дама, казалось, была тронута... «Ах!.. так, вы же теперешне сирота... дочка того самого коменданта в одной из крепости Оренбургской губер­ний капитана Миронова? Сендім сөзі­ңізге, хатыңызға жауапты ұзақ күт­пей­тін боласыз» дейді де, орнынан тұрып, сарай жақтағы жабық аллеяға кіріп кетеді. («Бұл әйелдің – таңғы серуен құрып жүрген императрица Екатерина екін­­шінің нақ өзі екендігін Маша сәлден кейін ғана сарайға келіп, қабылдауында бол­ға­нында бір-ақ біледі»).

Маша пошта бекетіне келіп, хозяй­ка әйел әңгіме-сұрақтарын гөйітіп, шай дайындап боламын дегенінше – сарай­дың қос ат жеккен каретасы есіктің алдына келіп тоқтайды. Камер-лакей: «Марья Миронова осында ма? Ұлы мәр­те­­белі императрица қабылдауына күтіп отыр, тез жиналсын, өзі ғана!» дейді...

– Государыня подозвала ее и сказала с улыбкою:

– Я рада, что могла сдержать вам свое слово и исполнить вашу просьбу. Дело ваше кончено. Я убеждена в невиннос­ти ваше о жениха. Вот письмо, которое сами потрудитесь отвезти к будущему свек­рову. – Знаю, что вы не богаты, – ска­зала она, – но я в долгу перед дочерью капи­тана Миронова. Не беспокойтесь о будущем. Я беру на себя устроить ваше сос­тояние. – Обласкав бедную сироту, госу­дарыня ее отпустила...

Енді, ойланып көрелікші: «Басқа-басқа, ал, тас жетім, қараусыз қалған қарша­дай қыз қалай-қайтіп жетер еді бүкіл Ресейдің императрицасының алдына?!.» Ә-ә-ә, жоғарыда, «тылсымдық бір сыр» дегеніміз осы еді. Қайталап айтсақ, Маша Миронова тегіннен-тегін жара­тыла салған жан емес-ті... Міне, Пуш­­киннің шығармасын Машаның аты­мен – «Капитан қызы» деп атауы сондықтан да. Жоғарыдағы бір сөзімізді тағы да жандандыра түссек: «АНА атына лайықтылар – дүниенің тірегі де кепілі.

«Капитанская дочка» повесі – көбі­не­се сол кездегі халықтың тілімен жазыл­ған. Әбден жарасып, үйлесіп те үндесіп, әр­леніп тұр.

«Капитанская дочка» повесі – бір деммен оқылып шығатын, жаныңды жәудірететін де жадырататын, ізгіліктің бесі­гінде тербететін толағай жыр.

Повестің концепциясы – Пушкин өзі айтып кеткен: «гәп Пугачевта емес, гәп жалпы наразылықта»; соны­мен бірге, бұ бес күн жалғандағы жақ­сы­лық пен жамандықтың шарпысуы, сын тара­зысына түсуі, «жақсы жан­дар­дың жасам­паздығы», Құдайдың сүйген құлдары Петр Гринев, Маша, Кузмич, Василиса Егорова, Игнатьев, попадьи Герасим, попадья Акулина Памфиловна... Савельич... Палаша... Жақсы адамдар барда ақырзаманның ауылы әлі алыстау.

Повестің шырқау пафосы – қарша­дай қыз Машаның бүкіл Ресей патша­йым­ының алдына баруы, әдепті де мә­дениет­ті, ақылды тілде сөйлесе білуі, пат­шайымның ыстық ықыласты жан-жүрек лебізі және де повесті оқып отыр­ған қайбір де ізгілікті оқырманның жан тебіренер толғанысты да толағай күйге түсуі...

Аса ірі тұлғалар әдебиетте жанр таң­дап әуреленіп жатпайды, – олар қай жанр­ды алса да (оларға тылсымнан «не» келсе де), дәрежелерін (Құдай беріп қойған) жоғары ұстайды. «Ұлы» ақын А. С. Пушкиннің «Капитанская дочка» повесі – қара сөзі – ХІХ ғасыр­дағы, әлем әдебиетіндегі әйгі­лі жазушылардың прозалық шығар­ма­ла­рынан бір мысқал да кем емес, хаса артық болмаса!..

– Аһ-һ! – Александр Сергейұлы Пушкин. Құдай сыйлаған, – құдіреті күш­тінің сүйікті құлы. «ГЕНИЙ ЧИС­ТОЙ КРАСОТЫ!!!»


 P. S. Енді «Капитан қызы» повесінің хатқа түсірілу тарихынан бір ауыз сөз:

Әуел­ден айтып аларымыз, Пушкин­нің «Пугачев көтерілісіне» жеке өзінің көз­қарасы, тоқтам пікірі: «Не приведи Бог видеть русский бунт, бессмысленный и беспощадный!» 

(«Пушкиннің сол айтқаны 1917 жылы дәл келді». Сауытбек Абдрахманов. «Вер бана ат». «Елорда» баспасы. Астана. 2006 ж.)


Игілік ӘЙМЕН,

жазушы, сыншы, публицист