Үкімет • 27 Мамыр, 2019

Науқанды уақытылы аяқтау тапсырылды

893 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Премьер-Министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрлігінде көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы туралы жұмыс кеңесін өткізді. Оған мемлекеттік органдар басшылары, облыс әкімдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен одақтар өкілдері қатысты.

Науқанды уақытылы аяқтау тапсырылды

Кеңесте шаруаларды са­палы тұқымдармен, жанар жағармаймен, ауыл шаруа­шылығы техникасымен қамта­масыз ету, сұранысқа ие ауыл шаруашылығы дақыл­дарының аудандарын әрта­раптандыру, субсидиялау мәселелері қаралды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазіргі таңда барлық өңір көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге кіріскенін, ал оң­түс­тік өңірлерде егіс ж­ұмыс­тары аяқталуға тақап қалға­нын айтты. Оның айтуынша, егістің жалпы ауданы 22,3 млн гектарды, оның ішінде көктемгі егіс аумағы 19 млн гектарды құрайды.

̶ Дәнді дақылдар 14,5 млн га алқапқа егіледі. Шаруалардың тұқымға деген қажеттіліктері 100% қамтамасыз етілді. Биылғы егінге шамамен 2,5 млн тонна тұқым себілді. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 100 мың тоннаға артық, – деді министр. 

С.Омаров жасаған баяндамада зиянкестер мен арамшөптерден қорғау мақсатында қажетті қоректік заттар мен өңдеуге арналған препараттар сатып алынғаны да айтылды. Бүгінде 267,1 мың тонна тыңайтқыш тиелсе, оның 60%-ы отандық өндірушілерден алынған.

Белгілі болғандай, былтыр ауыл шаруашылығы техникалары 3,5%-ға жаңар­тылды. Жалпы алғанда, жұ­мысқа 147 мың трактор, 4 мың бірлік өнімділігі жоғары егіс жиынтықтары тар­тылған. Мемлекеттік қол­дау шараларының аясында 50,6 млрд теңге сомасына 1770 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржылан­дырылды.

Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев шаруаларды жанар-жағар­май материалдарымен қамта­масыз ету барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, наурыз-маусым кезеңінде көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 380 мың тонна дизель отыны бөлінген. Бүгінгі таңда қажеттілік көлемінің 81%-ы тиелді.

̶  Белгілеген дизель оты­ны­ның бағасы литріне 160 тең­гені құрайды (193 мың теңге/тонна), оператор­лардың жеткізу бағаларын ескергенде өңірлердегі орташа бағасы – 174 теңге/литр, бұл нарықтық бағадан 18 теңгеге арзан, – деді Қ.Бозымбаев.

Үкімет басшысы А.Мамин жауапты ведомство­лар мен аймақтарға көктемгі егіс жұ­мыстарын уақтылы аяқтауды тапсырды.

̶ Жалпы, егіс жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып жүргізіліп жатыр. Қарқын көңілден шығады. Бұл мәсе­ленің күнделікті бақылауда тұрғанын атап өткім келеді. Ауыл шаруашылығы минис­трлігі аймақтармен бірге егіс науқанын лайықты дәре­жеде әрі уақтылы жүргізеді деген үміттемін. Барлық ұйым­дастырушылық және қаржылық бағыттағы жұмыс­тар аяқталды десе де болады. Жанар-жағармаймен қамтуда да Энергетика минис­трлігі жағдайды реттеді. Сол себеп­ті, барлық мәселе шешіл­ді деп есептеймін, – деді ол.

Жиында Түркістан, Алма­ты, Жамбыл облыстары­ның басшылары және сол­түстік өңірлер – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақ­стан облыстарының әкім­дері өңірлерде егіс науқан­дарын жүргізу туралы баян­дады. Барлық өңірлер тұ­қымдардың қажетті көле­мімен қамтамасыз етілгені де айтылды.