Жеңіс тұғыры
Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:36
Әсем шаһар – Алматы 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың өткізілетін орны. 2011 жылдың 29 қарашасында Бельгияның Брюссель қаласындағы Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) штаб-пәтерінде Алматы қаласы осы универсиаданы қабылдайтын қала ретінде арнайы құқыққа ие болған еді. Сол жолы Алматы өзінің басты қарсыласы саналған Италияның Тренто қаласынан оқ бойы озып, «жеңіс ауылына» жақындаған-тын. Осылайша, студенттердің 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиадасын өткізу құқығы Алматы шаһарына бұйырды.
Бейсенбі, 7 наурыз 2013 7:36
Әсем шаһар – Алматы 2017 жылғы XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданың өткізілетін орны. 2011 жылдың 29 қарашасында Бельгияның Брюссель қаласындағы Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) штаб-пәтерінде Алматы қаласы осы универсиаданы қабылдайтын қала ретінде арнайы құқыққа ие болған еді. Сол жолы Алматы өзінің басты қарсыласы саналған Италияның Тренто қаласынан оқ бойы озып, «жеңіс ауылына» жақындаған-тын. Осылайша, студенттердің 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиадасын өткізу құқығы Алматы шаһарына бұйырды.
Алматы әкімі Ахметжан Есімов пен Халықаралық студенттер спорты федерациясының (FISU) президенті Клод-Луи Гальеннің арнайы кездесуінде шаһар басшысы Халықаралық универсиаданы жоғары деңгейде өткізуге және ауқымды шараның көп көңілінен шығуы үшін қала билігі барлық мүмкіндікті жасайтынына баса назар аударған болатын. Сол себепті, бұл универсиада отандық спорт имиджінің көтерілуіне ықпал ететінін ұмытпағанымыз жөн.
Алматының халықаралық дәрежедегі ауқымды шараларды өткізуде мол тәжірибесі бары белгілі. Оның бір дәлелі – 2011 жылы шаһар Орталық Азияда ең алғашқылардың бірі болып, 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізді. Мұндай ауқымдағы спорттық ойындарды өткізу үшін әлемдік деңгейдегі және халықаралық талапқа сай спорттық нысандар салынып, олар Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге мен халықаралық спорт ұйымдарының жоғары лауазымды азаматтары тарапынан үлкен бағаға ие болған екен. Енді міне, еліміздің спорт саласында жеткен жетістіктері мен қолға алған бастамалары тек мұнымен шектелмей, Қазақстан 2017 жылы XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізу құқығына толықтай ие болып отыр.
Әрине, үлкен де ауқымды шараның басталуына әлі төрт жыл уақыт бар. Десек те, қазірдің өзінде оны лайықты деңгейде өткізуге бағытталған дайындықтар жүзеге асырылуда. Сондай шаралардың бірі – 2017 жылғы Қысқы универсиаданы насихаттау үшін Алматы мен Астана қалаларындағы жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарында «Универсиада оқуларын» өткізу.
Жақында Астана қаласындағы «Назарбаев университетінде» сондай шаралардың бірі – «Универсиада оқулары» өтіп, оған жоғары оқу орнының студенттері қатысты. 45 минутқа созылған дәрісті белгілі тележүргізуші, продюсер Серік Ақышев жүргізіп, оқудың негізгі мақсаты – 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиаданы кеңінен насихаттау екеніне тоқтала келе, Дүниежүзілік студенттер ойындарының тарихы туралы жан-жақты ақпараттар берді. «Универсиада ел өміріндегі, жастар өміріндегі айтулы оқиға деуге болады. Оған қатысатындар, оның басы-қасында жүретіндер – жастар. Бұл орайда, сіздерден де көп үміт күтеміз», деді С. Ақышев. Оның айтуынша, елімізде өтетін универсиадаға жастар әлемнің әр қиырынан келетіндіктен, оның аясында тек спорттық жарыстар ғана емес, әр түрлі мазмұндағы, оның ішінде мәдени және ойын-сауық сипатындағы іс-шаралар да ұйымдастырылатын болады. Ал XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиаданы лайықты деңгейде өткізу мақсатында құрылған Ойындардың насихатталуын ілгерілету және алға жылжыту жөніндегі бөлімнің жетекшісі Дидар Сағадиев: «2016 жылы 2017 жылы өтетін универсиадаға Қазақстан жастары арасында іріктеу чемпионаты өтеді. Бүгінде кейбір спорт түрлеріне арналған спорт мектептері ашылуда. Бұл универсиаданың жоғары деңгейде өтуіне сеп болады деп ойлаймыз. Ал «Универсиада оқуларының» негізгі мақсаты – Дүниежүзілік студенттік ойындардың Қазақстан жастарының өміріндегі ірі мультиспорттық және мәдени оқиға екенін түсіндіру», деді.
«Универсиада оқулары» үш бөлімге бөлінген екен. Мәселен, білім бөлімі – балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ жастар санасында 2017 жылы Алматыда өткізілетін XXVIII Дүниежүзілік қысқы универсиада туралы түсінік қалыптастыруды, универсиадалар тарихымен, спорттық және ерікті қатысушылар бағдарламаларымен таныстыруды көздесе, тәрбие бөлімі – универсиада негіздерін дәріптеуді, жастарды қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға жұмылдыруды, ерікті қатысушылар қызметіне тартуды мақсат тұтады. Ал дамыту бөлімі – оқып жүрген жастардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін, саламатты өмір салтындағы қажеттіліктерін дамытуға мән береді.
Универсиада – бұл 17 жастан 28 жасқа дейінгі аралықтағы жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттары қатысатын ірі халықаралық жарыс. Универсиадалардың жазғы және қысқы түрі кезектесіп, екі жыл сайын өткізіліп отырады. Ол спорт түрлерінің жиынтығы бойынша, мазмұндылығы бойынша олимпиадалардан кейін екінші орын алады.
Егер, заманауи Олимпия ойындарының негізін француз ағартушысы Пьер де Кубертен қаласа, халықаралық студенттік ойындардың негізін де француз педагогы және ғалымы Жан Петижан қалағаны белгілі. Бүгінде студенттік ойындардың ұйымдастырушысы – Халықаралық студенттер спорты федерациясы (FISU) десек, ол 141 мемлекеттің басын біріктіреді. Халықаралық студенттер спорты федерациясының нышаны бес әр түрлі жұлдызбен қоршалған «U» әрпі болса, мұндағы жұлдыздар бес құрлықты (көк – Еуропа, сары – Азия, қара – Африка, жасыл – Австралия, қызыл – Америка) білдіреді.
Француз ғалымы негізін қалап кеткен универсиада 1923 жылы алғаш рет Франция астанасы Парижде өткізілген еді. Кейінгі универсиадалар әр түрлі елдер мен қалаларда ұйымдастырылып келеді. Ал қазақстандық студенттер 1993 жылдан бастап 8 жазғы және 6 қысқы универсиадаларға қатысқан болатын. Сол жылдардан бері ел қоржынына 39 алтын, 21 күміс және 39 қола жүлде түсті.
Ал енді 4 жылдан кейін, яғни 2017 жылы Қысқы универсиада жалауы алғаш рет Қазақстанда, оның ең ірі мегаполисі – Алматы төрінде желбіремек. Демек, бұл халықаралық бәсекелер Отанымыздың және еліміз жастарының жеңіс тұғырына көтерілуіне жаңа бір мүмкіндік десек, қателеспейтініміз анық.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».