Теннис • 27 Мамыр, 2019

«Ролан Гаррос» басталды

952 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Парижде «Үлкен дуылға» санатына енетін ең ірі төрт жарыстың бірі – «Ролан Гаррос» басталды. 9 маусымға дейін созылатын турнирдің ерлер бәсекесінде әлемдегі үздік 104 ойыншы және әйелдер сайысында 108 теннисші бақ сынайды. Олардан бөлек, жұптық және аралас жұптар арасында шиеленісті тартыстар өтеді.

«Ролан Гаррос» басталды

128 жылдық тарихы бар «Ролан Гаррос» турнирінде әр дәуірдің дарбоз теннисшілерінің барлығы да күш сынасқан. Ерлер арасында ең мол олжаға кенелген Рафаэль Надаль екенін жанкүйерлер жақсы біледі. «Грунт патшасы» атанған Испанияның саңлағы Париж кортында 11 мәрте теңдессіз деп танылды. Бір ғажабы, 2005-2018 жылдар аралығында өткен 14 жарыстың тек үшеуінде ғана оған бас жүлде бұйырмаған екен. 2008 жылы Надаль төртінші кезеңде швециялық Робин Содерлингке есе жіберсе, 2015 жылы ширек финалда сербиялық Новак Джоковичтен жеңілді. Ал 2016 жылы өзінің отандасы Марсель Гранольерске қарсы бәсекеге шығудан бас тартты. Ал қалған додалардың бар­лығы Пиреней түбегі тарланының жеңісімен аяқталды.

3 маусымда 33 жасқа толғалы отыр­ған Рафаэль Надаль әлі де бабында. Қазіргі кезде ол әлемнің екінші ракет­касы атанып отыр. Испаниялық тен­нисші турнирдің бас жүлдесінен басты үміткерлердің бірі екені даусыз.

Тарихқа жүгінсек, басқа да сақа спортшылардың кезінде «Ролан Гарроста» атой салғанын аңғарамыз. ХХ ғасырдың басында франциялық Макс Декюжи 8 мәрте топ жарса, жетпісінші және сексенінші жылдары Бьорн Боргтың тасы өрге домалады. Швецияның әйгілі теннисшісі Францияның астанасында 6 рет дара шықты. Ал әйел­дер арасындағы сайыста Крис Эверттің өзгелерден көші ілгері. 1974-1985 жылдар аралығында АҚШ-тың өкілі 7 мәрте жеңімпаз атанды. Фран­циялық Сюзанн Ленглен (1920-1923, 1925-1926) мен герма­ния­лық Штеф­фи Граф (1987-1988, 1993, 1995-1996, 1999) 6 реттен бас жүлдені олжаласа, аустралиялық Маргарит Корт 5 мәрте (1962, 1964, 1969-1970, 1973) дәл сондай құрметке бөленді.

«Ролан Гарроста» талай рекордтар тіркелді. Мәселен, 2004 жылы Фран­цияның қос саңлағы – Фабрис Санторо мен Арно Клеманн арасындағы тұсакесер кездесу 6 сағат 33 минутқа созылды. Бұл – ерлер арасындағы ең ұзақ кездесу. 2010 жылы жапониялық Куруми Нара мен румыниялық Мо­ника Николеску арасындағы іріктеу бәсекесінің жеңімпазы 4 сағат 42 минутта анықталды. Ал 1988 жылғы финалдық сайыс небәрі 34 минутта аяқталды. Бұл бәсекеде сол кездегі әлемнің бі­рінші ракеткасы Штеффи Граф КСРО спортшысы Наталия Звереваны 6:0, 6:0 есебімен тас-талқан етті.

1990-1992 жылдар аралығында Югославияның әйгілі ойыншысы Мо­ника Селеш Париждегі турнирді қатарынан үш мәрте ұтты. Алғашқы рет жеңіске жеткен кезде ол небәрі 16 жас 6 айда еді. 1989 жылғы жа­ры­ста америкалық Майкл Чанг пен испа­­ниялық Аранча Санчес төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып, бас жүлдені олжалады. Сол кездері олар 17 жастан енді ғана асқан бозбала мен бойжеткен еді. Соған қарамастан екеуі де финалда атағы алысқа жайылған теннисшілерді ұтты. Атап айтсақ, Чанг швециялық Стефан Эдбергтің осал тұсын тапса, Санчес неміс спортшысы Штеффи Графтан айласын асырды.

Былтырғы жылы өткен турнирде испаниялық Рафаэль Надаль мен ру­мыниялық Симона Халеп жеңіске жетті. Надаль финалда аус­триялық Доминик Тимді еш қиналмай ұтты – 6:4, 6:3, 6:2. Халеп америкалық Слоан Стивенске сан соқ­тырды – 3:6, 6:4, 6:1. Ерлер­дің жұп­тық сайысында франциялық Нико­ля Маю мен Пьер-Юг Эр­бердің бақ жұл­дызы жан­са, әйелдер арасында Чехияның қос сұлуы – Барбора Крейчикова мен Ка­терина С­иня­кова озды. Ара­лас жұп­тар бәсе­ке­сін­де Тай­пей мен Хор­ва­тияның теннис­шілері Латиша Чжань мен Иван Додиг дара шықты.

«Үлкен дулыға» санатындағы тур­нирлердің жүлде қоры да мол болатыны белгілі. Солардың қатарында «Ролан Гаррос» та бар. Биылғы жылы айтулы доданың жүлде қоры 42 661 000 еуроны құрады. Тарқатып айтсақ, жекелеген сайыстарда жеңімпаз атанған теннисшілер 2 300 000 еуроны енші­лейді. Ақтық сынға алқынбай жетіп, шешуші тұста ұтылғандардың есеп шотына 1 180 000 еуро аударылады. Жартылай финалға жеткендері € 590 000-ға байыса, ширек финалға шыққандар сол соманың тең жартысын иеленеді.

 «Ролан Гарростың» тұсаукесер кездесуінде қапы қалған ойыншының өзі 46 000 еуроны қалтаға басады. Екін­ші айналымға шықса, сол сома екі есеге артады. Үшінші кезеңге жеткен тен­нисшіге € 143 000 тиесілі. Осы дерек­терден-ақ, «Үлкен дулыға» сана­тындағы жарыстардың беделі қан­шалықты зор екенін аңғаруға болады.

Сол секілді сайыстың өзге түрлері бойынша өнер көрсеткен ойыншыларға да едәуір мөлшерде сыйақы төлеу жағы қарастырылған. Мәселен, жұптық бәсекенің жеңімпазы € 580 000-ды олжаласа, аралас жұптар тартысында топ жарғандар € 122 000-ды иемденеді. Сол секілді жеңілгендер де үйлеріне құр алақан қайтпайды. Олардың да өздерінің көрсеткен өнері мен жеткен межелеріне сай сыйақы алады.

Қазіргі кездегі Қазақстанның таң­даулы теннисшілері арасында «Ролан Гарроста» ең жақсы нәтижеге қол жет­­кізген Юлия Путинцева. Әйелдер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы екі рет ширек финалда өнер көрсетті. 2016 жылы ол АҚШ-тың атақты ойыншысы Серена Уильямстен жеңілсе, 2018 жылы соның отандасы Мэдисон Киске есе жіберді. Ал Зарина Диас және Михаил Кукушкин сынды мықтыларымыз әзірге екінші айналымнан аса алмай жүр.