23 Наурыз, 2013

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…»

496 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…»

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:25

Ресейден тарихи Отанына оралған қарындасымыз спорт саласында биік белесті бағындыруды көздейді

Әр кімнің кіндік қаны тамған то­пы­рағы ыстық қой, шір­кін. Туған жер адамды тартып-ақ тұрады. Біздің ке­йіпкеріміз Гүл­на­фис Айтмұ­хам­бе­то­ва Ресейдің Астрахань облысында өмір­ге келген, сол өңірде қанаты қа­тайған. Рас, Астраханьда қазақтар аз емес. Бірақ, елдің аты – Ресей.

Сенбі, 23 наурыз 2013 0:25

Ресейден тарихи Отанына оралған қарындасымыз спорт саласында биік белесті бағындыруды көздейді

Әр кімнің кіндік қаны тамған то­пы­рағы ыстық қой, шір­кін. Туған жер адамды тартып-ақ тұрады. Біздің ке­йіпкеріміз Гүл­на­фис Айтмұ­хам­бе­то­ва Ресейдің Астрахань облысында өмір­ге келген, сол өңірде қанаты қа­тайған. Рас, Астраханьда қазақтар аз емес. Бірақ, елдің аты – Ресей.

Гүлнафис осы елде үлкен спортқа бет бұрды. Тіпті, биік белестерге жетелеген бастапқы жетістіктеріне қол жеткізіп, Ресейдің үш дүр­кін чемпионы атанды. Бір­ақ, ұлтың қазақ болғанмен, додадан топ жарғандар Ресейдің мәр­тебесін биіктетеді. Ресейдің абыройын асырады. Сол елдің көтерілген Туына қарап, Ән­ұранына қосылып тұрады. Ал, бұл бойында қазақы намысы бар, жүрегі қазақ деп соғатын Гүлнафистің ойын сан-саққа жүгіртетін. Оңаша қалған сәт­терінде «Спорттағы жеңісімді Қазақстаныма арнасам, қалың қазақтың намысы үшін жарыс­қа шықсам», деп күн-түн толға­натын болды. Жүрек түкпірін­дегі сол толғанысы арманға ұласты.

Әрине, спорттың қай түрі­нен де биік белеске көтерілу әсте оңай емес. Соның ішінде таэквондошылардың жеңіске жетуі тіптен қиын. Өйткені, ТМД елдерінде бұл спорт бұ­рын кең етек жаймаған. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан ке­йін ғана Мұстафа Өзтүріктің келуімен дами бастады. Ресейде де таэквондоның өркен жаюы сол жылдардан бастау алады. Он екі жасында таэк­вон­доға мықтап бет бұрған қазақ­тың қайсар қызының Ресейдегі жетістігі де, абыройы да аспандап бара жатты. Тіпті, қар­сыластары Гүлнафис қатыса­тын елішілік, халықаралық до­даларға қаймығып келетін болды. Үлкен елде оны қолдайтын тілеулестермен бірге, реті келсе омақастыра құлатуды көздеген аяқтан шалушылар да табылып жатты. Өйткені, Гүлнафистің соққылары жойқын еді. Тактикасы да бөлек. Әйтпесе, Ресей­дің үш дүркін чемпионы бола алар ма еді? Оның чемпиондық биікке бастаған спорттық тактикасына, ең бастысы, қайсар­лығына қызығатындар көбейді. Қызғаныш та болмай қалмады. Тілеулестерінің қызы­ғушылы­ғын, бақталастарының қызға­ны­шын оятқан Гүлнафис бір күнде Қазақ елінің намысын қорғауға бекініп шыға келді. Сөйтіп, 2008 жылдың жазында Қазақстанға оралды.
– Бала күнімізден ата-анамыз бізді қазақы намысқа тәр­биеледі. Сен қазақсың, ұлт­тық намысыңды ешкімге таптатпа, деп отыратынын жадымызға түйдік, – дейді Гүлнафис Айт­мұхамбетова өткен күндеріне шолу жасап. – Әкем мен қа­тысатын жарыстың бәрінен қалмайтын. Жаттық­тырушы­ның қолдауы бөлек қой, ал әкең­нің намысыңды қайраған, жігеріңді жаныған сөздері тіп­тен ерекше әсер етеді. Әсіресе, есейген кезде мен қазақпын, енді тек қазақ халқының намысын қорғауым қажет, деген ой­ға бекіндім. Ұлттық намысым менің елге оралуыма түрткі болды.
Гүлнафистің тарихи Отанына оралуы қазақ таэквондошылары арасында үлкен серпіліс тудырды. «Атырауға Ресейден таэквондошы қазақ қызы келіпті» дегенді естіп, біз де елең ете түскенбіз. Одан бері де біраз жыл өте шықты. Осы жылдарда тарихи Отанына орал­­ған қазақ қызының спорттағы жетістігін сырттай ба­қылап келеміз. Арасында спорт­тың осы түрінен аға жат­тықтырушы Нұрхат Дүйсен­баев­тан сыр тартып қоямыз. Сондай кездесудің бірінде Нұр­хат бауырымыздың «Гүлнафис Айтмұхамбетова оңай шағыла­тын осал жаңғақ емес, қазақ­тың мерейін тасытатын нағыз қайсар қыз. Болашақта қазақ елінің намысын қорғайтын санаулы таэквондошының біреуі атанады» дегені ұмытылмай жүр­генде, жас та болса, осы спортты дамытсам деп, ыстық-суығына төзіп жүрген жетекші жаттықтырушы қателес­пегені­не көз жетті.
Дұрысында, таэквондошы қарындасымыз Гүлнафис Айт­мұ­хамбетова Қазақстанға орал­ған соң әлемдік додаларда би­іктен көріне бастады. Бабы да, бағы да бар екенін дәлелдеді. 2009 жылы Әлем чемпионатына қатысып, қарсыластарын жойқын соққының астына алды. Сөйтіп, жеңістің биік тұғы­рында Гүлнафис тұрды. Сол сәт­те Қазақстанның Әнұраны шырқалып, Қазақ елінің көк­байрағы биікке көтеріліп бара жатты. Гүлнафистің жанарына мөлдіреп жас тұнды. Елдің абы­ройын асқақтатқан қазақ­тың қайсар қызының қуаны­шы­ның жасы. Қуанғаннан жү­регі аттай тулап тұрды. Сондай жүрек толқытқан қуанышты сәтті Лондондағы Олимпиада ойындарына қатысуға берілетін жолдамаға ие болғанда тағы да сезінді. Бұл жолғы қуаныш тіптен бөлек еді.
– Әр сайыстың өзіндік орны ерекше, – деп еске алады сол бір қуанышты сәтін Гүлнафис, – бірақ Олимпиаданың жөні тіптен бөлек. Оған қатысу екінің біріне бұйыра бермейді. Елімнің бағы бар екен, Олим­пиадаға қатысу жолдамасы ма­ған бұйырды. Елімнің дейтін себебім, Ресейде жүргенде же­ңісімді Қазақстанға арнасам деу­ші едім, енді еліме оралған­нан кейін өзімнің спорттағы жетістігімнің бәрін елімнің жеңісі дейтін болдым. Өйткені, әр қазақтың абыройы –Қазақ­станның абыройы, жетістігі –Қазақстанның жетістігі. Елден бөлініп, жеке абыройға бөлену, жеке жетістікке жету мүмкін емес. Сол себептен, тұтас бір елдің намысын қорғау үшін додаға түскен екенмін, жеңі­сімді де елімнің жеңісі деу орын­ды болмай ма?!
Спорттық сайыстардың бә­рінде жеңіске жету қажет десек, үстірт пікір қалыптастырар едік. Спортшылар жақсы бі­леді, бір сайыста спортшының жұлдызы жанар, енді бірде сәтсіздік алдын орап тұрады. Азия ойындарының қола жүл­де­гері атанғанда, Гүлнафистің жігері мұқалған жоқ. Керісін­ше, сол сайыстан соң қайрат­тана, қайсарлана түсті, шебер­лігін ұштай түсті. Лондон Олим­пиадасында топ жаруды мақсат тұтты. Сол мақсатқа жету үшін халықаралық додалардан қалмады. Өзін Олимпиа­даға дайындаған жоғары санатты жаттықтырушы, халықара­лық дәрежедегі төреші Асқар Тоқтабаевтың кеңесіне молынан қанықты. Өйткені, өзін ұдайы жігерлендіретін, қайсар­лы­ғына тәнті болатын білгір жаттықтырушы Гүлнафистен жақсы нәтиже күтетін еді. Бірақ, неге екені белгісіз, Гүл­нафис Лондон Олимпиадасына жаттықтырушысыз аттанды. Бұл әрине, Гүлнафистің жігерін құм қылмаса да, елдің намысы сынға түскен бәсекеге жаттық­тырушысыз шығудың қиынды­ғын сезіндірді.
– Қазақтың Олимпиада ойындарында абыройын қорғап, көкбайрағымызды биікте жел­біретуді мақсат тұтып едім. Ән­ұранымыз шырқалса деуші едім. Бұл жолы мақсатыма жете ал­мадым. Бірақ, ерте ме, кеш пе, Қазақ елінің Олимпиада ой­ын­да­рындағы мерейін тасыту жолын­дағы арманыма қол жет­кіземін, – дейді жанарында жасын ойнаған қайсар қарында­сымыз Гүлна­фис. – Менің жал­ғыз арманым – Қазақстанға Олим­­­пиаданың бір медалін әке­лу!
Елінің, ұлтының намысын ойлаған, қанында қазақы қай­сар­лығы басым қарында­сымыз­дың ұлтжандылығына қалай риза болмайсың?!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау.

Суретте: тарихи Отанына оралған қазақтың қайсар қызы Гүлнафис Айтмұхамбетова.
Суретті түсірген 
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.