Қоғам • 28 Мамыр, 2019

Жазғы лагерьлерді жаңаша ұйымдастыру қажет

2403 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кезекті оқу жылы аяқталып, балалар жазғы демалысқа шықты. Сәйкесінше, балаларды демалыс лагерьлерімен қамту мәселесі де күн тәртібіне шығып отыр. Осы орайда, лагерь деп алып-ұшып келген балалардың көңілінен шығатын лайықты да мазмұнды демалыс ұйымдастырылып жүр ме?

Жазғы лагерьлерді жаңаша ұйымдастыру қажет
Бұл бір өңірге ғана емес, барша елі­міздегі балалар демалысын ұйым­дастыру­шыларға ортақ мәселе. Қалыптасқан жүйені жаңғыр­тып, балалар демалысын зама­науи дең­гейде, естен кетпестей қызықты әрі тағылымды етіп өт­кізудің жолдарын қарастыру қажет-ақ. 

Өйткені еліміздің әр түкпірінен жаз­ғы демалысқа барып келген балалар тұрмақ, жауапты ұстаздар­дың жы­лар­­­ман күйде оралғанын кө­ріп жүрміз. Бөлмелердегі мате­риал­­дық жағдайдың жұтаң­дығы, тамақ сапа­сының және әр алуан­дығы­ның мардым­сыз­дығы, демалыс шара­лары­ның қызықты болмауы алыстан ат арытып бар­­ғандардың көңілін су сепкен­дей басады. Өт­кен жы­лы бас­тауышты бітіре сала ал­дыңғы ке­зекте лагерьге аттан­ған оқу­шы­ның «Мұндай лагерьге бар­ғанша, ауыл­да, үйде болға­ным жақсы еді», дегені көп ойларға жетелейді. 

Балалардың жазғы демалысын, лагерьлерді ұйым­дас­тыруда жаңа­шыл­­дық қажет-ақ. Әйтпесе бөлінген қыруар қаржы саны бар сапасы жоқ демалыс орындары мен лагерьлерге жұмсалып, балаларымыз жылтырақ есептер мен «бәрі жақсы» деген оң белгінің құрбаны болып кететін жайт кездеспей тұрмайды. Ла­герь­лердің санымен бірге де­м­алыс­тың сапасы да артуы тиіс. 

Маңғыстауда жазғы демалыс мәселесі өз көкжиегін кеңейтіп ке­леді деуге болады. Лагерьлер са­ны артып, балаларды көңілді де­­малыспен қамтуға құлшыныс бар. 

Әлбетте, демалысты ұйым­дастыру­дың жолдары көп. Бұл іске елімізде жүзе­ге асырылып жатқан туристік әле­ует­ті арттырудың әсер-ық­палы тию­де. 

Балаларды еліміздің жә­не шет­елдердің демалыс лагерь­лерінде, туристік орындарында демалту, ел мен жер таныту мақсатында қыдырту мемлекет тарапынан, сондай-ақ ірі компаниялар, ұжымдар қолдауымен ұйым­дас­тырылса, екіншіден, отбасылық демалыс түрінде ата-ана өз есе­бінен жүзеге асырып келеді. 

Облыстық білім басқар­масы­ның басшысы А.Сейдалиев маң­ғыс­­таулық балалар жазғы демалыспен толық қамтылатынын айтады. 

Қазіргі таңда облыс мектеп­терінде 1-10 сынып аралығында 133 317 бала білім алуда. Үрдіс бо­йынша жазғы сауықтыру жұ­мыстары «лагерьлерде демалыс» және «балалардың бос уа­қытын тиімді пайдалану» сынды екі бағытта жүзеге асырылады. То­лық қамтылады деп сенімді сөй­леуге қала сыр­тындағы 4 лагерь, 89 мектеп жанындағы және қосымша ұйымдарда өтетін лагерьлер, жалпы өңірдегі 319 са­уық­­тыру орталығы негіз бо­ла алады. Балалар мектеп жа­­нындағы лагерьлерде та­ным­дық, шығармашылық, спорттық шараларға қатысып, таңертеңнен кешке дейін демалады. Сонымен қатар қосым­ша 102 кәсіптік, 124 туризм, спорт, палаталық бағыттағы лагерь­лері өз жұмысын бастайды деп жоспарланған. Балаларды жазғы демалыспен толық қамту үшін аудандық, қалалық бюджеттен 429 млн теңге қаражат бөлінді. Мектеп жанындағы, қала сыртындағы лагерьлерден бөлек, балалар үшін күніне 2-3 сағаттық сауықтыру шаралары да ойластырылған. Туристік, спорттық, танымдық шаралары аясында балалар екі-үш күндік саяхаттарға шығатын болады. 

– Аймақта аз қамтылған от­басынан шыққан 11700 ба­ла бар. Барлығы тегін демалыс­пен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 40 бала «Аджип Кас­пиан» мекемесінің демеу­шілігімен тамыз айында Ита­лия еліне жолдама алады. Со­нымен қатар балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін де Алма­ты, Астана қалаларында демалыс жоспарланған, – дейді облыстық білім бас­қармасының басшысы А.Сей­далиев. 


Маңғыстау облысы