30 Наурыз, 2013

Туберкулезден түңілмеңіз

709 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Туберкулезден түңілмеңіз

Сенбі, 30 наурыз 2013 1:55

Сырқаттану деңгейі төмендеп, өлім көрсеткіші азаюда

Туберкулез – жұқпалы қатерлі дерт. Оны жұқтырып алу үшін аз мөлшердегі микобактерияның өзі жеткілікті. Ортаға төзімді, өсімтал, қараңғы, жарық түспейтін жерде айлап, жылдап сақталатын бактериялар ауа арқылы таралуына байланысты кез келген адамның жұқтырып алуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамдарына қарағанда,

Сенбі, 30 наурыз 2013 1:55

Сырқаттану деңгейі төмендеп, өлім көрсеткіші азаюда

Туберкулез – жұқпалы қатерлі дерт. Оны жұқтырып алу үшін аз мөлшердегі микобактерияның өзі жеткілікті. Ортаға төзімді, өсімтал, қараңғы, жарық түспейтін жерде айлап, жылдап сақталатын бактериялар ауа арқылы таралуына байланысты кез келген адамның жұқтырып алуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамдарына қарағанда, алдағы 10 жылда құрт ауруы бүкіл әлемде сырқаттану мен өлім-жітімге әкелетін 10 негізгі себептердің бірі ретінде қалып отырғанын ескерсек – оның әкелер қасіреті зор болмақ. Ендеше, егер жүрегіңіз, болмаса аяғыңыз ауырып дәрігерге қаралмасаңыз – ол сіздің жеке басыңыздың шаруасы, ал сіз жұқпалы туберкулез дертіне шалдығып, емделмесеңіз басқаларға да қауіп төндіретініңіз анық. Өйткені, құрт ауруының ашық түрімен ауырған бір науқас жылына 10-20 адамға дейін туберкулез таяқшасын жұқтырады.

Қандай да бір атқарылған істің, жемісті еңбектің нәтижесі өткенмен салыстырылып бағамдалып жатады емес пе? Қазаққа қырын келген құрт ауруы, әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған жылдары нарық тұзақ тастаған әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық кезінде ауыздықтауға көнбей, эпидемияға айналып кете жаздағаны жасырын емес. Сол жылдары дәрі тапшылығы, мамандардың жетіспеушілігі белең алды. Кох таяқшасының бірден бір өршіп, қауіп төндіріп отырған ортасы қылмыстық атқару жүйесі болғаны да ақиқат. Мәселен, 1997 жылы жаңадан жұқтырған 5954 адам тіркеліп, құрт ауруы 65 есеге өскен. Ел аумағындағы түрмелерде 12060 адам туберкулездің ашық түрімен ауырып, 1997 жылы 1358-і қайтыс болған.

Міне, еліміздегі жоғарыдағыдай эпидемиологиялық жағдай Мемлекет басшысы араласқаннан кейін ғана оңала бастады. Қазақстанда қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар ауруларға қарсы күрес жүргізу стратегиясының негізін құрайтын бірнеше маңызды құжаттар қабылданды, туберкулезге қарсы күрес күшейтілді. Осылайша, соңғы бес жылда сырқаттану деңгейін 34,9, өлім көрсеткішін 57,4 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Мәселен, 2011 жылы сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға 86,6, 2012 жылы 81,7 құраса, өлім көрсеткіші соңғы екі жылда 8,4-тен 7,2-ге азайған.

Елімізде денсаулық сақтау саласын қаржыландыруда, соның ішінде фтизиатрлық қызметте үлкен өзгерістерге қол жеткізілді. Соңғы үш-төрт жылда барлық емдеу мекемелері қазіргі заманғы соңғы диагностикалық аппаратуралармен жабдықталды. 2000 жылдан бері 46 жаңа типтік туберкулезбен күрес ауруханалары іске қосылды.

Қазақстанда жұқпалы құрт ауруын анықтау, емдеу толықтай тегін. Былтыр республика бойынша дәрі-дәрмек сатып алуға 4 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биыл 5 млрд. теңгеден астам көлемде тапсырыс берген. Ал, мемлекет туберкулезге қарсы іс-шараларға былтыр 34 млрд. теңге, ал биыл ол сомма 10 пайызға өсіп, 36 млрд. теңге бөлініп отыр.

Туберкулезге қарсы бағ­дар­ламаның маңызды бағыт­тарының бірі – бірнеше дәріге төзімді туберкулезге қарсы күрес болып табылса, осы мақсатта заманауи зертханалық «Bactec-Mgit-960» қондырғысы кеңірек пайдаланылуда. Оның көмегімен науқаста туберкулездің бар-жоқтығын, қандай дәріге төзімді екендігін 7-28 күн аралы­ғында анықтауға болады. 2010 жылдан Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталығы мен барлық облыстарда молекулярлық генотиптік зертханалық әдісі (HAIN-test) енгізілді. Ол ту­бер­ку­лездің қандай дәріге төзімді екендігін екі күнде анықтай алады. Еліміздегі туберкулезге қарсы күрес қызметін үйлестіріп отырған Туберкулез мәселелері жөніндегі ұлттық орталығы десек, ол емдеу мекемесінің басшысы, білікті ұйымдастырушы, профессор Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, былтырдан бастап екі сағаттың айналасында қақырықта құрт ауруының бар-жоғын, әрі кох таяқшасының дәріге қарсылығын анықтап беретін GeneXpert диагностикалық заманауи аппараты алынған. Ең бас­тысы, туберкулезді емдейтін ең негізгі дәрі «R-рифампицинге» инфекцияның төзімділін анықтауға 95-98 пайыз мүмкіндік алып отырмыз. Бұл деген науқасты алғашқы күннен-ақ тиімді емдеуге, сондай-ақ, аурудың тарап кетпеуіне мүм­кіндік береді. Келешекте барлық аудан орталығында осындай жыл­дамдатылған анықтау тәсілін ен­гізіп, қамту жоспарымызда бар. Егер туберкулезбен күрес бағытында осындай игі шаралар жиі атқарылатын болса, онда 2015 жылға дейін біз туберкулездің негізгі эпидемиологиялық көр­сеткіштерін жалпы қоғамға қауіпсіз деңгейге дейін түсіре аламыз, деді Тілеухан Шілдебайұлы.

Осы ретте USAID «Сапалы ден­саулық сақтау» жобасының туберкулез жөніндегі аймақтық кеңесшісі Г.Цогт мырзаның «Қа­зақстан 2012 жылдың соңында ДДҰ-ның мақсаттарына қол жеткізді, 2015 жылға дейін КДТ ТБ науқастарын 85 пайызға еммен қамту мен табысты емдеу деңгейі бойынша әлемде бірінші орын алып отыр. Бұл біріншіден, туберкулезге қарсы күресте Қазақстанда атқарылып жатқан бағдарламалық шаралардың тиімділігін көрсетсе, сонымен бірге, мемлекеттің көмегі мен фти­зиатрлардың ерен еңбегінің арқасында жеткен жетістік деп есептеймін», деп атап көрсетуі еліміздегі тыңғылықты да қарқынды атқарылған еңбекке берілген әділ баға деп білеміз.

Осы саладағы проблемаларға келсек, Ұлттық орталық басшысы Т.Әбілдаевтың айтуынша, бүгінде туберкулезге қарсы күрес жағдайындағы басты мәселенің бірі маман кадрлардың жетіспеуі. Республикада туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде 14 мың 87 фтизиатр, басқа да арнаулы маман дәрігер жұмыс істесе, әлі де 114 фтизиатр жетіспейді. Сондай-ақ, 114 фтизиатрдан бөлек 20-ға жуық рентгологқа зәру екенбіз.

Баршаға аян, 1882 жылы неміс ғалымы Роберт Кох туберкулез ауруының қоздырғышы туберкулез микробактериясын ашқан күнді бүкіл әлем 1982 жылдың 24 наурызынан бастап Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні деп жариялап, жыл сайын атап өтуде. Бұл шара елімізде жақсы жолға қойылып, дәстүрге айналған. Міне, осы ретте туберкулездің ал­дын алуда, кеселдің кесапаты жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, сөйтіп, халықпен жақын араласуға мүмкіндік жасауда қашанда қоғамдық, үкіметтік емес халықаралық ұйымдардың, әсіресе, USAID қаржылай қолдауын аямайды. Сонымен қатар, Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығымен де бірлесіп түрлі іс-шаралар, жалпыхалықтық акциялар өткізу ортақ іске айналған. Биыл да сондай ауқымды шараның куәсі болдық.

Біз сөз етіп отырған ауруға шалдығу мен оның салдарынан қай­тыс болудың 95 пайыздан астамы дамып келе жатқан елдер­де тіркелсе керек. Ал, құрт ауруына аз шалдығатын елдер қатарындағы АҚШ-та 100 мың адамға 9, Голландияда 4 адамнан келетінін ескерсек, Қазақстан да осы деңгейде тұрып қалмай, болашақта дамыған, туберкулезді түбегейлі ауыздықтаған мемлекеттер қатарына қосылуға ұмтылуы керек. Ал, оған бізде мүмкіндіктер бар.

Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.