Жиынды ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Сергей Громов 13-ші отырыстың қорытындысы өзінің нәтижесін көрсеткенін еске түсіріп өтті. Біздердің елдеріміз арасындағы парламентаралық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, қолданыстағы кейбір заңдарды үйлестіру саласында біраз нәтижеге қол жетіпті.
– Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі – уран өндіру саласында еңбек өнімділігі 10 пайызға өсті. Бұл нәтижеге біз бір жыл ішінде қол жеткіздік. Цифрлы экономика жобалары Қазақстан экономикасының барлық саласында таралып жатыр. «Қазіргі уақытта көптеген елде цифрландыру дамудың стратегиялық басымдығы болып табылады. Әлемдік жетекші сарапшылардың болжамдарына сәйкес, 2020 жылға қарай әлемдік экономиканың төрттен бір бөлігі цифрлы болмақ және мемлекетке, бизнес пен қоғамға тиімді өзара әрекеттесуге мүмкіндік беретін экономиканы цифрландыру технологияларын енгізу ауқымды және динамикалық үдеріске айналып келеді. Біздің елдеріміз цифрлы экономикада сұранысты қалыптастыру стратегиясынан ұсыныстар қалыптастыру стратегиясына көшуі және мұны бірлескен күш-жігермен жасауы тиіс», деп атап өтті С.Громов.
Сондай-ақ ол бұл жиынға Сенат пен Федерация Кеңесінің екі бейінді комитет мүшелері қатысып отырғанын қаперге салды.
Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов басқосудың күн тәртібіндегі мәселе – цифрлы экономикаға көшуді ешбір ел жеке-дара жүргізе және нәтижеге жете алмайтынына тоқталды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жаңа технологиялық серпіліс біздің мемлекеттерімізге ХХІ ғасырдағы жоғары тиімді экономиканы құруға және әлемдегі ең дамыған елдің біріне айналуға мүмкіндік береді. «Цифрлы экономика енгізілген соң басқару моделі жаңа стандартының тиімділігі артады және шығындардың азаюынан экономикаға үлкен пайда түседі», деп атап өтті И.Умаханов.
Жиынның мақсаты халықаралық цифрлы технологияларды өмірге дендеп енгізіп, оның әлеуметтік топтар сатысындағы халықтың өміріне елеулі түрде тигізетін әсерін айғақтау екені биік мінберге шыққан сөйлеушілердің алғашқы сөздерінен-ақ анық байқалды. Айта кетейік, бұдан бұрын танымал экономист-сарапшы Сергей Перапечка еліміздің экономикасын одан әрі цифрландыру көптеген саланың дамуына басты фактор боларын айтқан еді. Ол келтірген мәліметке қарағанда, цифрландыру саласы бойынша еліміз жыл өткен сайын алға жылжып келеді. Ал цифрлы экономикаға тартылу деңгейі бойынша Қазақстан Ресей, БАӘ, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар тұр екен әрі цифрландыру индексі бойынша 0,72 (БҰҰ-ның 2018 жылғы мәліметі), жаһандық орта деңгейлі көрсеткіштен (0,49) жоғары тұр. Ал еліміздегі ең ірі деген компаниялар арасында кең жолақты интернетке кіру көрсеткіші 45 пайызды құрайды.