Одан кейінгі орынды Google бренді иеленді – 167 миллиард доллар. 125,3 миллиардқа бағаланған Microsoft үштікті қорытындылап тұрcа, TOP-10-ның соңына McDonalds орналасты. Алғашқы 5 орынның бесеуі де IT компания екенін айта кетейік.
Apple-дің негізгі табыс әкеліп жатқан өнімі iPhone екені түсінікті. Дегенмен, соңғы бірнеше тоқсанда оның сатылым көлемі айтарлықтай төмендеп кетіпті. Әсіресе, қытайлық арзан смартфондар оған басты бәсекелеске айнала бастағаны байқалады. Соның салдарынан соңғы 3 айда америкалық техногиганттың негізгі өнімінің сатылым көлемі 17 пайызға төмендеп кеткен. Алайда, App Store, Apple Pay, iTunes, бұлтты сервис сияқты қызмет түрлерінің сатылымы қарқын алуына байланысты компанияның жалпы табысы соңғы тоқсанда 5 пайызға өсті.
Бренд бағасы былтырғыдан 27 пайызға көтерілген Google осы қарқынынан таймаса Apple-ді өкшелеп қалуы әбден мүмкін дейді мамандар. Төрт-ақ жыл бұрын ол Apple-ден екі есе арзанға бағаланған екен.
Алғашқы бестіктегі 5 IT компанияның ішінде бағасы құлдырағаны Facebook қана. Оны белсенді қолданатындардың саны 2,4 миллиард адамнан асып жығылғанына қарамастан, былтыр дербес деректердің сақталуына, бейтараптылық саясатына, жалған жаңалықтарға қатысты туындаған дау компанияның брендіне айтарлықтай нұқсан келтіріпті.
IT-ден бөлек нарықтағы ең қымбат бренд атағын Coca-Cola кезекті мәрте қорғап қалды. Былтырғыдан 3 пайызға қымбаттап, 59,2 миллиардқа бағаланған компания алтыншы орынға жайғасты.
Forbes-тің хабарлауынша, әлемдегі ең қымбат 100 брендтің жалпы құны 2,33 триллион доллардан асып түседі. Бұл компаниялардың 56-сы АҚШ-қа тиесілі екенін айта кету керек. 11 компания – Германияға, 7 компания – Францияға, 6 компания – Жапонияға тиесілі.