Руханият • 28 Мамыр, 2019

Қарағандылық жас шеберлердің туындылары көпшіліктің көңілінен шықты

1299 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы бейнелеу өнері мұражайында өткен «Шығармашылықтың ғажайып әлемі» атты көрме келген жұрттың көңілінен шықты. Өйткені, мұражай төрінен жас шеберлер барын салған туындылардың ең үздіктері орын алған еді.

Қарағандылық жас шеберлердің туындылары көпшіліктің көңілінен шықты

Көрмеде «Ала гүлдер» бейнелеу өнері, «Творчество» сәндік-қолданбалы өнер және «Алтын маржан» балалар шығармашылығы студияларындағы талант иелерінің қолынан шыққан 790 картина, сонымен қатар мүсіндер мен сәндік-қолданбалы жұмыстар келушілер назарына ұсынылды.

Құрылғанына биыл 75 жыл толған «Ала гүлдер» бейнелеу өнерінің үлгілі студиясы балаларға кескіндеме, сурет, графика, мүсін, станоктағы және қолданбалы композициялар сияқты өнер түрлерінен бағыт-бағдар  береді. Қазіргі уақытта аталған студияда 4 жастан 18 жасқа дейінгі 290 бала өздеріне ұнаған іспен айналысып жүр. 

«Творчество» сәндік-қолданбалы өнер студиясында балалар фитодизайн, аппликация жасау, сабан тоқу, тоқу, кесте тігу, ши тоқыма және жасанды гүлдер дайындаумен шұғылданады. Бұл шығармашылық ұйым  республика көлемінде жақсы танымал ұжымдардың бірі. Студия облыстық, республикалық конкурстарды былай қойғанда, бірнеше мәрте халықаралық байқауларда топ жарған.

Осыдан сегіз жыл бұрын негізі қаланған «Алтын маржан» студиясы балаларды сурет негіздері, сюжеттік сурет салу, квиллинг, витраж, папье-маше, ағашқа сурет салу, батик, панно, карнавалдық маскалар, кәдесыйлар жасау сияқты пайдалы істердің қыр-сырын үйренуге баулиды. Бұл жерде өнер игеріп жүрген жеткіншектердің қол жеткізген табысы да айтарлықтай. Олар облыстық және республикалық деңгейдегі шығармашылық конкурстарда талай мәрте жеңімпаз болған, жүлдегер атанған.

«Мұндай көрме ұйымдастыру игі дәстүрге айналып келеді. Бұл игі шара болашақтағы жаңа жұлдыздарды шеберліктің биік шыңына шығаруға зор ықпалын тигізеді», деген сенімді пікір айтады ұйымдастырушылар. 


Қарағанды облысы