Аймақтар • 28 Мамыр, 2019

Қызылорда облысында іскер әйелдердің форумы өтті

964 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында шағын және орта кәсіптен 93 мыңнан астам адам өз нәпақасын айырып жүр. Оның ішінде әйелдердің үлесі мол. Аймақта екінші рет өткізілген іскер әйелдер форумына өңірлік қаржы ұйымының басшылары мен бизнесте табысқа жеткен әйелдер қауымы қатысты.

Қызылорда облысында іскер әйелдердің форумы өтті


Форумда сөз алған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев республикада кәсіпкер әйелдердің үлесі елу пайызға жеткендігін айтты.

– Бұған, әрине, мемлекеттің кәсіпкерлікті дамытудағы жан-жақты қолдаулары, яғни мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламалардың, сондай-ақ қаржы институттары мен «Даму» қорының түрлі бағдарламалары өз септігін тигізуде. Оның ішінде, 5 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталуда. Айта кету қажет, біз жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қаражатын күтпей-ақ, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы микрокредиттер беру үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлдік. Қазірдің өзінде орталықпен жалпы құны 522 млн теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландыру үшін мақұлданды. Оның ішінде, әйелдердің үлесіне жалпы құны 112 млн теңгені құрайтын 26 жоба тиесілі, - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі биылғы жылы ауыл жастары мен көп балалы аналардың бизнес-жобаларына басымдық берілгенін атап өтті.

«Жобаларды қаржыландыру бойынша қолдау ғана емес, әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмыстар да жалғасуда. Нәтижесінде кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың үлесі 22-ден 26%-ке дейін артты. Ал шағын және орта бизнес саласында 93 мыңнан астам облыс тұрғыны жұмыс істейді», – деді ол.

Форум барысында іскер әйелдер өз бизнесіндегі табысқа жету жолдарымен бөлісті. Кәсіпкер болу оңай емес. Ол нарықтың елге керекті тұстарын тап басумен қатар алған бағытынан айнымайтын табандылықты қажет етеді. Жиында іскер әйелдер тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Озаттар марапатталды.


Қызылорда облысы