Руханият • 28 Мамыр, 2019

7 шілдеде елордада Домбыра күні тойланады

1057 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

7 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтеді. Бұл туралы қалалық мәдениет және спорт басқармасы хабарлады.

7 шілдеде елордада Домбыра күні тойланады

Осыған орай Қазақ елі монументінің алдындағы алаң былтырғыдай үлкен сахнаға айналады. Шараға жас ерекшелігіне қарамастан ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Олар «Сарыарқа», «Адай», «Әлқисса», «Көңіл толқыны», «Балбырауын» және «Көрұғлы» күйлерін жатқа білуге тиіс. Шараға қатысу үшін 1 маусымнан 5 шілдеге дейін asyldombyra.kz сайтында онлайн тіркелу керек. Концерт сағат 12:00-де басталады. 

«Биыл Ұлттық Домбыра күніне орайластырылған жаппай концертте орындалатын алты күй таңдалды. Әрине, қатысушылардың алты күйді де білгені жөн Дегенмен ұсынылған композициялардың біреуін ғана білетіндер де концертке үлес қоса алады», деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласының мәдениет және спорт басқармасынан. 

7 шілдеде мереке барысында күмбірлеген күйден басқа, жиналғандар назарына «Жастар» театрының актерлері тарихи қойылым ұсынады, елордалық музыка мектептерінің шәкірттері өз өнерлерін ортаға салады, ақындар айтысы өтеді. Суырып салма өлеңге ысылған жандар ұлттық музыкалық аспабымыз - домбыраны жырға қосады. Сонымен қатар, «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақ ауылы орын тебеді. Келушілер домбыраның және басқа да ұлттық аспаптардың түр-түрімен таныса алады. 

Сонымен қатар, мереке кешке Есіл өзенінің жағасындағы Амфитеатрда «Нағыз қазақ - домбыра» концертімен жалғасын табады. Сахна төрінде Қазақ оркестрі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен вокалистері өнер көрсетеді. Концерттің басталуы сағат 18.00-де. Кіру - тегін.