Қазақстан • 29 Мамыр, 2019

АҚШ елшісін қабылдады

736 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозерді қабылдады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

АҚШ елшісін қабылдады

Кездесу барысында екіжақты ынты­мақ­тастықты, оның ішінде пар­ламент­аралық үнқатысуды тереңдету мәсе­лелері талқыланды. Тараптар Қазақстан Сенаты мен АҚШ Конгресінің аппарат қызметкерлері арасындағы байланыс­тарды одан әрі дамыту жайында айтты.

Сауда-экономикалық, атап айт­қанда, шикізаттық емес сектордағы ынты­мақ­тастықтың келешегі талқыланды. Өткен жылы біздің елдеріміз арасындағы та­уар айналымы 37 пайызға өсіп, 2,24 млрд долларды құрады. Бұл ретте Қазақ­­станның АҚШ-қа экспорты 2,5 есе­ге өсті. «Біз осы жетістіктерді мақтан тұта­мыз», деді Уильям Мозер.

АҚШ елшісі америкалық компаниялар ет өнімдерін ЕАЭО және Қытай нарығына экспорттау жөніндегі бірлескен жобаларға мүдделі екенін атап өтті. Сенат басшысы агроөнеркәсіп секторында жүргізілген реформалар, басқа да өзекті мәселелер туралы айтып, америкалық әріптестерін өздерінің озық тәжірибелерімен алмасуға шақырды.

Қазақстан мен АҚШ-тың аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету сала­сындағы ынтымақтастығы туралы айта келіп, тараптар Ауғанстандағы қақ­тығысты реттеудегі өзара іс-қимыл­дың маңызды мәселелерін атап өт­ті. Д.Назарбаева Қазақстанда өткен «Ауғанстандағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» конференциясы туралы, ауған қыздарын дәрі­герлік мамандықтарға оқыту жөнін­дегі Қазақстан, Өзбекстан және ЕО-мен үшжақты бағдарламаның іске қо­сыл­ғаны туралы хабардар етті.

Осыған байланысты әйелдердің жаһандық дамуы мен өркендеуі жөнін­дегі Иванка Трамп бас­тама­сы­ның маңызы атап өтілді. Жоба даму­шы елдердегі 50 млн әйелге өзі­нің экономикалық әлеуетін жүзеге асы­руға көмектесуге арналған. «Біз өңір әйел­деріне өздерінің экономикалық әлеуе­тін жүзеге асыруға мүмкіндік беру үшін осы бастаманы Орталық Азия мен Ауғанстанда жүзеге асыру мақсатында ынтымақтасуға дайынбыз», деп атап өтті Д.Назарбаева.