Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

Өскеменнің тарихы бағзыдан басталады

1092 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Газетіміздің 23 мамырдағы санында «Мыңжылдық тарихы бар қала» (авторы – А.Қасым) атты мақала жарияланған еді. Мақалаға, онда көтерілген мәселеге байланысты жергілікті зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, ғалымдар мен зерттеушілер өз пікірлерін білдіріп жатыр. Осы ретте семейлік археолог, Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Амантай Исиннің шағын мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

Өскеменнің тарихы бағзыдан басталады

Ертіс бойында әсі­­ресе қо­ла дәуірінен бастап ха­лық тығыз қоныстанған. Оны дәлел­дей­тін ірі қоныстар ар­хеолог С.Черниковтың зерт­теу­­лерінен, XX ғасыр ортасынан бері табылып жатыр.

Бүгінде керекулік археолог Виктор Мерц Ертістің оң жаға­лауын­дағы, Бесқарағай ауда­нының Жетіжар ауылының ірге­сіндегі протоқаланы зерттеп жатыр. Бұл осы өлкеде қала мәде­ниеті ерте кезеңде қалып­тас­­қанын, Ертіс алқабында қола дәуірінің өзінде протоқала бол­­ғандығын көрсетеді. Ерте темір дәуірінде де осы өзеннің жағасында қуатты мемлекеттің орда­лары тұрды. Одан бергі түркі заманында бекіністер салынды. Бұл туралы араб саяхатшылары кезінде сипаттап жазып кеткен. Қимақ қағандығы өте қуатты мемлекет болған. Жер аумағы да үлкен, батыста оңтүстік Оралға, оңтүстік-шығыста Алакөл көліне дейін жеткен. Барлығы осы мем­ле­кеттің құрамында болған. Осы далада ірі халықаралық сауда қатынастары жақсы дамы­ды. Бір сөзбен айтқанда, саяси орталықтар да, сауда орта­лықтары да Ертіс бойында бол­ған. Сондай орталықтың бірі Қимақия, Қимақ қағандығының 16 қаласы жайында араб гео­графтары X-XII ғасырларда жазған. Мұны қимақтанушы ғалым Болат Көмеков 1971 жылы жарияланған монография­сын­да талдап шыққан. Осы орта­ға­сыр­лық қалалардан әл-Қимақи секілді үлкен білімпаз адамдар шыққан. Бұл Әбсаттар Дербісәлі зерттеулерінде де айтылған.

Қазіргі Өскемен, Семей, Пав­­лодар қалаларының орны ежел­­­ден адамдарға құтты қоныс және қалалық мәдениетке жа­қын болған. Қоныстардың көле­мін анықтау, сипаттау арнайы зерт­теу­лерді қажет етеді. 2017 жылы Семейде 1718 жылы тұр­ғы­зылған әскери бекіністің 300 жылдығын тойлау керек деген әңгімелер айтыла бастағанда семейлік бір топ тарихшылар мен ғалымдар ортағасырлық жазба деректерге сілтеме жасады. 2016 жылы бұл тарапта «Ертіс бойындағы қала мә­де­ниетіне – 1000 жыл» деген өзі­міздің тұжырымымызды ха­лық­қа жеткіздік. Біз дәл 1000 жылды шартты түрде алдық. Өйткені шындыққа сәйкес келеді. Семейдің, Өскеменнің, Павло­дар­дың орнында қала мәдениетін айғақтайтын қоныстар болған. Бұл ешқандай күмән туғызбайды. Археология мұны растайды. Деректер өте көп. Қола, ерте темір дәуіріне, орта ғасырларға қатысты мағлұматтар сан алуан. «Ертіс бойындағы қала мәде­ниетіне – 1000 жыл» деген формулаға бәрі сыйып тұр. Ертіс бойынан әлі талай қаланың орындары табылуы ықтимал. Тек Ер­тіс емес, басқа да аймақтардан анық­­­талуы мүмкін. Ұлан-ға­йыр жерімізде, соның үлкен бір бөлігі Шығыс Қазақстанда әлі талай қала мәдениетіне қа­тыс­ты жаңалықтар болады. Сон­дық­тан «Ертіс бойындағы қала мәдениетіне – 1000 жыл» деп атап өтсек тарихқа ешқандай қиянат жасамаймыз.

 

СЕМЕЙ