Қоғам • 29 Мамыр, 2019

Мамандық ауыстыру: қорқыныш па, мүмкіндік пе?

1504 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мектеп бітіріп шыққан мыңдаған тү­лектің алдында сан тарам жол, бір ғана мамандық таңдауы тұр. Кім болады? Же­тіс­тіктерге жеткен, ішкі тегершігі мық­ты­лардың өзі айналып өте алмайтын сан қилы рухани дағдарыстар туғанда таң­­даған мамандығы тастап кетпей, ақы­ры­на дейін азық болуға жарай ма? Ең үл­кен сұ­рақ – осы.

Мамандық ауыстыру: қорқыныш па, мүмкіндік пе?

Соңғы зерттеулерге қарағанда, орта білімді америкалықтар өз өмірінде он бір рет жұмыс ауыс­тыратын көрінеді. Отбасыны ғана емес, оқуды да «мәңгілікке» таңдап, игеріп шық­қан мамандығын тағдырына айналдырып, тір­шілігінің негізгі көзі ету деген кешегі ой­дың бүгінгі жаңа кезеңмен үйлесе алмайты­нына күн өткен сайын біз де көз жеткізіп ке­леміз. Жасы егде тарт­қандардың жұмыс ауыстыруының әртүр­лі себебі болуы мүмкін. Жұмыс беруші мекемелердің жұ­мыскерлерімен ұзақ мерзімді шарт жаса­майтыны, жалақының аздығы, еңбек өнім­ділігінің азаюы, денсаулығының сыр беруі секілді себептер аталады.

Қалыптасқан қағидаларын бұзып, өз өмі­рінің ережесін қайта қарау «не жоғалттым, не таптым?» деген сұрақ туғанда, көкейге ора­латын көп жауаптың түйіні негізінен кәсіп­пен байланысты екен. Егер кәсібінің арқасында белгілі бір белесті ба­ғындырып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, зор табысқа кенелген болса, әңгіме басқа. Ал бір кездері жүрек қалауымен емес, ата-ана­сының ақы­­­лымен таңдаған, достарының кеу-кеулеуімен келісім берген, адам аз баратын мамандыққа құжат тапсыра салып, оқып шыққан оқуынан не өзі рахат таба алмай, не табысқа қол жет­кізе алмай, жиырма-жиыр­ма бес жылдан соң жарамсыздығын та­нытып жатса, оған тіпті де таңқалудың қа­жеті жоқ. Бұрынғыдай ата-анасының нұс­қауымен емес, өмірді кө­ріп, өз ақылымен ой түйген адам бұдан әрі өзін өзі алдап өмір сүруге дәті шыдамай, ма­мандығымен тап сол түсінген күнінен бастап қоштасуға мәжбүр. Бұл – ең дұрыс шешім. Сол кезде тек кәсібі ғана көңілін құлазытса жөн, бұған енді жұмысы жоқ ұлының, 25-тен ас­қанша тұр­мыс құруға асықпаған қызының қо­ғамды өз кезеңінің құндылықтарымен та­нуға талпынып, мұның ақылын керек қыл­майтыны қосылып, қай­ғысын одан бетер қалыңдата тү­се­тіні де қосымша соққы. Жа­қыннан да, жат­тан да қолдау таба алмай, елуге аяқ басқан адамның жан-жақтан қау­малаған қиындықтардан ес жия алмай, елсіз аралда жалғыз қалғандай, аяғын қалай басарын білмей дағдарғаны жасөспірімнің өтпелі кезе­ңінен де ауыр, шын дағдарыс болуымен де қатерлі.

Жұмыстың – уақытша, ал кәсіп пен өнердің өзіне мәңгі серік екені осын­дайда байқалады. Бүгінгі ата-аналар баласына өнер үйретпейді, тіпті қажет сана­майды да. Олақ баланың обал-сауабы әкесінде. Бота тірсек кезінен бастап «іс­тегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақ­сы» деп отырса, шаруаның жайын біліп өс­кені баласына пайда ғана әкелер еді. «Төс­ке темірді былай салып, балғаны былай ұстайды», «бақшаны баптағанда мынау есің­де болсын», «су құбырын былай тазалап, кір­пішті осылай қалайды» дейтін әкелердің жоқ­тығынан жалқау балалардың тұтас буы­ны өсіп ке­леді. Ал қалада тұратын ата-аналардың бойын­ қорқыныш құрсап алған, көзіне көше толы педофил ғана елестейді... Сөйтіп өнер үйретпек түгілі, өз бетінше әрекет етуге қорқатын, ой-санасы өспеген инфантилдерді тәрбиелеп, қоғамға тоғытып жатыр. Қазақ­стандық ғалымдардың еңбек нарығына жа­­саған болжамы бойынша, алдағы елу жылда жиыр­­маға жуық мамандық түбегейлі жойылады. Бәрін компьютер есептеп, керегі болмай бара жатқан статистика мамандығының май­талманы күндердің күнінде сантехник болып шыға келемін деп ешқашан ойламайды. Ендеше ешкім сақтандырылмаған өмір­дің сынағын адам өзі мойындағысы кел­мегенімен, бар қиындыққа бойындағы қара­пайым өнері мен мінезі ғана қарсы тұра ала­тыны бәрібір оны іштей иландырмай қой­майды. Мамандығына мығымдық таныта алмаған, өнер игермеген, моральдық жағынан мү­гедек, рухани мүгедек, әлеуметтік мүгедек адам­дар жиырма жылдан кейін міндетті түр­де жолығысатын орта жас дағдарысымен бет­пе-бет келгенде қорқынышын қандай құн­­­дылықпен алмастырады? Өткеннен са­бақ ала отырып, орта тұстан өз өмірін қай­­та бастау кімге қорқыныш, кім үшін қай­та­ланбас мүмкіндік – мектеп бітіретін бала бас­­ты дағдарыстың дайындығына бүгін қам­­­данбаса, ертең бәрінің кеш болуы әбден мүм­кін.