Аймақтар • 29 Мамыр, 2019

Әлем чемпионының сыйы

793 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейдегі №8 балалар үйінің тәрбиеленушілері шахматтан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан, 15 жастағы әлем чемпионы Арыстан Исанжуловпен кездесті.

Әлем чемпионының сыйы

Арыстан Исанжулов көптеген рес­публикалық, облыстық жарыстарда топ жарып, бүгінде FIDE (ұлттық шахмат федерацияларын біріктіруші халықаралық спорт ұйымының) шебері дәрежесіне жеткен әлем чемпионы. Кездесу барысында Арыстан елордада наурыздың 4-15 күндері «Қазақстан шахмат федерациясының» ұйымдастыруымен классикалық шахматтан өткен әлем чемпио­наты­ның командалық қызықты тартысы жайлы әңгімелеп берді.

Чемпионаттың бас демеушісі – ERG Еуразиялық тобы, ал турнирдің бас серіктесі Samruk Kazyna болса, осы шараға 50 ноутбук, 4 принтер және 2 МФУ ұсыныпты. ERG Еура­зиялық тобы мен Samruk Kazyna өтініші бойынша жоғарыда аталған барлық жабдықтар Қазақстанның он бір өңіріндегі балалар мекемелеріне шахмат спортын дамыту үшін табысталуы қажет екен. Семейдегі №8 Балалар үйіне бөлінген төрт ноутбукты тапсыру міндеті Арыстан Исанжуловқа тапсырылған.

 – Арыстан төрт ноутбукты тап­­сырғанда балаларымыз бір жадырап қалды, – деді директордың тәр­бие ісі жөніндегі орынбасары Рым­хан Нұрғалиева, – халқымыз «Жетім көр­сең жебей жүр» деп бекер айт­паған. Арыстанға қарап балаларымыз үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.

 Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Еgemen Qаzaqstan»

 СЕМЕЙ