Сайлау • 29 Мамыр, 2019

Ашық жұмыс істеуге шақырды

848 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігінде Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров пен президенттіктен үміткерлер штаб жетекшілерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиын барысында аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері сайлау заңнамасындағы өзгерістермен танысып, «Сайлау күні» оқу-әдістемелік семинарына қатысты.

Ашық жұмыс істеуге шақырды

Константин Петров «Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңға енгізіл­ген өзгерістер мен толық­тыруларды таныстырды.

– Бұл жаңалық биліктің өкілдік органдарын қа­лып­тастыруға қатысты, – деді Константин Петров. – Еліміздің өңірлеріндегі мәслихаттардың құра­мы сайлаушылар дауыс­тарының пропорционалды үлесіне сәйкес саяси партиялар ұсынған ті­зімдер бойынша құры­лады. Ал пропорционал­ды жүйе Норвегия, Фин­ляндия, Дания, Болгария және Литва секілді елдер­дегі сайлау кезінде қолда­нылуда.

Бұл күндері сайлаушы­лардың тізімін нақтылау ісі жүйеленуде. Елімізде 2020 жылдың соңына дейін сайлаушылар тізімі бірыңғай ақпараттық жү­йеге келтірілмек. Заң­на­маға енгізілген өзге­ріс­терге сәйкес аумақтық сайлау комиссияларының да құзыреті артуда.

Константин Петров кезектен тыс президенттік сайлаудың өткізілу тәрті­біне де тоқталды. Кезектен тыс сайлау да заңнамаға сәйкес кезекті сайлау сияқ­ты өткізіледі, тек оның мерзімін Орталық сай­­лау комиссиясы белгі­леуге құқылы, дей келіп, ол сайлау комиссияларын ашық жұмыс істеуге шақырды.

Сонымен қатар облыс әкімінің аппарат басшысы Ағыбай Әмірин өңіріміздің сайлауға да­­йындығы туралы баян­дады. Бұл күндері өңірде 543 учаскелік сайлау ко­миссиясы жұмыс іс­теу­де. Шағын ауылдарды оңтайландыруға орай 33 учаске қысқартылған. Сайлау комиссиясы жұ­мысына 3567 адам қаты­суда. Әр учаске мате­риал­дық-техникалық тұр­ғыдан толық қамтылыпты.

Сондай-ақ учаскеге бара алмайтын аза­ма­ттардың консти­ту­циялық таңдау жаса­уын қамтамасыз ету үшін көшпелі жәшіктер сай­лау­­шылардың үйле­ріне жеткізілмек. Мүм­кіндігі шектеулі жан­дар­ға көмекшілер қарас­тырылады. Инватаксилер мемлекеттік тапсырыс негізінде қызмет көрсете алады.

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнәр Аман­жолованың айтуынша, өңірдегі барлық сайлау учаскесі пандустармен қам­тылған. Арнайы кабиналар да жабдықталған. Ал сайлаушылар тізімі сайлау учаскелеріне бе­рілген. Жалпы тізім бо­йынша 551 мың облыс тұрғыны дауыс беруге құқылы. Қазір сайлаудың әр кезеңіне байқау жүргі­зетін ЕҚЫҰ-дан ұзақ мер­зімге келген екі өкіл өңірімізде жұмыс істеуде.

Павлодар облысында саяси науқанға дайындық барысы белсенді жүргі­зілуде, әр кандидат үгіт-насихат жұмыстарын жал­ғастырып, аумақтық сайлау комиссиялары әзір­ліктерін пысықтауда.


Суретті түсірген Валерий Бугаев

Павлодар облысы