Сайлау • 29 Мамыр, 2019

Сайлау – конституциялық түсінік

1741 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңға сай Орталық сайлау комиссиясы барлық құқықтық талаптар сүзгісінен өткізіп, үгіт-насихат жолына түсірген жеті кандидат бүгінде өз мүмкіндіктерін жіті пайдалануда. Еркін елдің ертеңін ойлаған олардың әрқайсысынан ел зор үміт күтеді. Ал сол ақ үміттің ақталуы сайлаудың әділ де заңды өтуі болмақ. Міне, осы талаптың толық сақталуы үшін заңмен нақты кепілдік берілген.

Сайлау – конституциялық түсінік

Бұл жөнінде саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Абыханқызы үлкен сеніммен айта келіп, алдымен сайлаудың құқықтық негізіне те­рең мән берді. – Сайлау – кон­ст­иту­циялық түсінік – деді ол. – Бұл түсінік Конституциямыздың 17-ба­бында жазылған. Соған сай еліміз­дің жоғары басқару және консти­туциялық билік органдарының басым бөлігі үш топқа сәйкес электорал­ды қағидат негізінде сайланады. Бұған барлық азаматтардың теңдігі, жал­пылық, еркін сайлау, сайлаудың баламалық, мерзімділік, шынайылық, cайлау заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тарту және т.б. қағидаттар жатады. Қазіргі таңда осы конституциялық түсініктердің және жоғары заңдарымыздан туындай­тын талаптардың сақталуы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайта түседі. Бұл мақсатта «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау тура­лы» Заңға көз жүгіртсек, осы заңды бұз­ғаны үшін жауаптылық нақты ай­қындалған. Мәселен, сайлау комиссиясының жұмысына араласып, дауыс беруге кедергi келтiрген, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға, дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланыс­ты мiндеттердi атқаруға, кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланып, сайлау құжаттарын қолдан жасаған, дауыстарды көпе-көрiнеу қате санап, сайлау нәтижесін қате айқындаған, дауыс беру құпиясын бұзған және Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасап, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылық белгіленеді.

Ал профессор В.Абыханқызы осы Конституциялық заңның бұзылуы анық­талған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы дейді. Ол еліміздің үш сайлауын бастан-аяқ әзірлеуі мен өткізілуіне толық қатысып келе жатқан Орталық сайлау комиссиясының білікті де тәжі­рибелі маманы ретінде сайлау заң­дылығының бұзылмауы алғышарт деп есептейді. Дегенмен заңның бұзыл­ғаны жөнінде арыз түсіп жатса, ол дереу қаралады. Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссия­лары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды сайлау туралы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйым­дастырады. Жергiлiктi мемле­кеттiк басқару және өзiн өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңнаманы бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады. Сайлау комиссияларына сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңінде түскен сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерді сайлау комиссиялары, Сайлау туралы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, өтініш түскен күннен бастап 5 күннiң ішінде қарайды.

Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп таныса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады. Ал Конституциялық заңда шағым жасаудың өзге мерзімдері белгіленбесе, сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бас­тап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды. Сайлау комиссиясының және оның мү­шелерiнiң шешімдеріне және (немесе) әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жа­салған шағымдарды жоғары тұрған сай­лау комиссиясы, егер Сайлау туралы Конституциялық заңда өзгеше көз­делмесе, шағым түскен күннен бас­тап үш күн ішінде қарайды. Жоғары тұр­ған сайлау комиссиясы өтініштің мәні бо­йынша, бұл ретте, қажет болған жағ­дайда, төмен тұрған комиссия ше­ші­­мінің күшін жоя немесе тоқтата тұрып, дербес шешім қабылдауға құ­қы­лы.

Тиісті сайлау комиссиясы сайлау заңнамасын бұзушылықты жоймаған жағдайда, жеке немесе заңды тұлғалар жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа жүгiнуге құқылы. Сөйтіп одан жоғары тұрған сайлау комиссиясы өтініште көрсетілген фактілерді тексеруді жүргізеді. Сайлау комиссияларының шешімдері мен іс-әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдануға болады. Жоғары тұрған сайлау комиссиясына алдын ала жүгіну сотқа арыздану үшін міндетті шарт болып табылмайды. Өтініштер сайлау комиссиясы мен сотта бір мезгілде қаралған кезде сайлау комиссиясы сот шешімі күшіне енгенге дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Сот түскен өтініш туралы және оны қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің заңды күшіне енгені жөнінде сайлау комиссиясын хабардар етеді. Сайлау комиссияларында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу журналдары болуы тиіс.