«Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған президенттікке кандидат Дания Еспаева мен сайлауалды республикалық штаб жетекшісі Азат Перуашев Нұр-Сұлтан қаласындағы гуманитарлық-заң колледжінде жас сайлаушылармен кездесті. Колледжде заңгер, аудармашы, мұғалім мамандықтары бойынша шамамен 500 студент тәлім алады. Оқу орны былтырдан бастап бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерін оқыта бастаған. Оған мемлекет 200-дей шәкіртақы бөлген. Кандидатқа кадр жетіспеушілігін шешу үшін шәкіртақы санын 270-ке арттыру көзделгені айтылды. Студенттер арасында басқа қаладан келіп оқитындар саны көп болғанымен, хостелдегі тегін орындар саны 30 адамға ғана шақталған екен. Алдағы жылдары өңірлерден келгендер үшін жатақхана салу жоспарланып отыр.
Жиында Д.Еспаева өзінің сайлауалды бағдарламасын кеңінен таныстырды. Жастар жағы тұрғын үймен қамтамасыз ету, жолақының қымбаттығы, жұмыспен қамтамасыз ету сияқты өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді. «Маған жастардың ойларын ашық жеткізетіні ұнады. Саяси сауатты екендері көрініп тұр. Олар менен не себепті сайлауға қатысып отырғанымды және әйел адамның президент болуы қаншалықты мүмкін екенін сұрады. Әрине оған менің жауабым дайын. Бірақ жастардың, студенттердің елдегі саяси ахуалға, келе жатқан президенттік сайлауға көңіл бөлуі – қуантарлық», деді Д.Еспаева.
«Ақ жол» партиясының үміткері болашақ заңгерлерге заңгерлік мамандыққа қоса экономикалық білім алуға кеңес берді. Студенттер мен оқытушыларды бағдарламадағы бизнесті қолдау бастамалары қызықтырды. Онда кандидат өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қосымша құн салығы мөлшерлемесін төмендетіп, несиені қолжетімді етуді ұсынып отыр. Д.Еспаеваның республикалық штабы жақын арада Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарына жол тартпақ.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбеков Батыс Қазақстан облысына атбасын бұрып, өңірдегі шаруа қожалықтарын аралады. Кандидат ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Теректі ауданына қарасты «Ақас» шаруа қожалығында 1400-ден аса ақбас сиыр бар. Бұл – жергілікті климатқа әбден бейімделген етті тұқым. Яғни, мұндағы ірі қаралардың орташа салмағы 550 кило тартады. Ешқандай химия қолданылмайды. Жайылымда жүріп салмақ жинайды. Президенттіктен үміткер Т.Рақымбеков қыруар қаржыға шеттен мал сатып алғанша, осы бағыттағы шаруа қожалықтарына қолдауды күшейту керектігін жиі айтады. «Осындай шаруа қожалықтары айналадағы елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл түтінін өшірмей отыр. Бірақ соның өзінде екі қолға бір күрек таппай, қалаға қарай сабылып жатқан жастар көп. Сондықтан ауылдың тыныс-тіршілігін дамытуға тың серпін керек. Қазір еліміздегі 7 миллионнан аса адам ауылдық жерлерде тұрып жатыр. Олардың мәселесіне бейжай қарауға болмайды. Керісінше, ауыл шаруашылығын қолдау арқылы ел экономикасын ілгерілету керек», деді кандидат.
Кездесу барысында кандидат ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, шопандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, шопан балаларына терең білім беретін мектеп-интернаттар ашу, шопан әйелдеріне атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, лайықты еңбекақы төлеу мәселелері көтерілді. Т.Рақымбеков малды бағып, қарай білетін азаматтарға тиісті жағдай жасайтын болсақ, ірі қараның басы өсіп қана қоймай, осы бағытта елімізде еңбек өнімділігі артатынын айтады. Мал басының артуы – сол ауылдың, ауданның, облыстың, айналып келгенде тұтас ел экономикасының қарқынды дамуына жарқын жол ашады.
* * *
Кәсіподақтар федерациясы атынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Амангелді Таспиховтың республикалық сайлауалды штабының өкілдері Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Штабтың тең-жетекшісі, Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация үгіт-насихат шараларын облыстың жаңа орталығы Түркістан қаласынан бастады.
Киелі шаһардағы жергілікті халықты тіршілік нәрімен қамтып отырған «Түркістан-су» мемлекеттік кәсіпорнында сайлауалды кездесу өтті. Жиынға 85 адам қатысты. Басқосуда сөз сөйлеген аймақтық штаб басшысы Берік Бекжанов елімізде өтетін сайлаудың маңыздылығына тоқталды. Тағдыршешті кезеңде енжар қалмай, белсенді болып, тұрғындарды сайлауда өз таңдауларын жасауға шақырды.
Ал С.Дәулеталин жиналған қауымға абыройлы ұйым кәсіподақ бірлестіктерінің рөлін, қызметін байыптап түсіндірді. Еңбеккерлердің мүддесі мен құқығын қорғайтын маңызды қоғамдық институттың атқарып жатқан қыруар жұмысына тоқталды. Кандидат А.Таспиховтың еңбек жолын, жетістіктерін баяндап берді. Сондай-ақ үміткердің сайлауалды тұғырнамасындағы жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, еткен еңбекке лайықты жалақының төленуіне, жұмыскерлерге қауіпсіз жағдай жасауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында «Түркістан-су» мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері Сейілбек Дайрабай штаб мүшелеріне алғысын айтып, кәсіподақ туралы оң көзқараста екендерін жеткізді.
Сонымен қатар республикалық сайлауалды штабы бүкіл түркі жұртының әулиесі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, тағзым жасады. Сенім білдірілген адамдар «Келешек» жастар кеңесі мүшелерімен және еріктілермен кездесіп, емен-жарқын сұхбат құрды. Сайлауалды үгіт-насихат шараларының қақ ортасында жүріп, белсенділік танытып отырған қыз-жігіттерге алғыс білдірді.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің Жамбыл облыстық сайлауалды штабы Талас ауданына қарасты Қаратау кентіндегі Мәдениет үйінде еңбек ұжымдарымен кездесті.
Жиында кандидаттың облыстық штабының жетекшісі Жарылқасын Нұралиев партияның интернационализм мен әлеуметтік әділдік сияқты басты ұстанымдарына тоқталды. Ол қоғамның дамуы этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімге байланысты екенін айтып, сайлауалды тұғырнаманы жан-жақты таныстырып шықты. «Адал еңбек қоғам мүддесі үшін!» деп ұрандатқан коммунистердің әділетсіздікке қарсы белсенді күрес жүргізетіні айтылды.
Сайлаушылар президенттіктен үміткердің сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген бағыттарды жақсы қабылдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың дені жұмыссыздық, төмен жалақы, қаладағы су мәселесіне қатысты болды. Соңында насихатшылар тобы көпшілікті 9 маусым күні өтетін сайлауға белсене қатысып, лайықты үміткерге дауыс беруге шақырды.
Сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде Ж.Ахметбековтің кандидатурасын қолдауға үндеген түрлі іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі Нұр-Сұлтан қаласында елордалық штабтың жетекшісі Нұрдәулет Оразхановтың Гуманитарлық колледждің профессорлық-оқытушылар құрамымен кездесуі болды. Онда жастар тәрбиесіне интернеттің кейбір контенті кері әсер ететіні, бұл мәселені шешуде білім беру саласын дамыту маңызды рөл атқаратындығы айтылып, кедейлік жалақының төмендігімен байланысты екені сөз болды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында еріктілер тобы қала тұрғындарына үгіт-насихат материалдарын таратты. Олар бір күнде кандидат ұстанымдары басылған 3500-ден аса парақшаны үлестірді.
* * *
Nur Otan партиясы ұсынған президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Шымкент қаласына келді. Қала активімен, шаһар тұрғындарымен өткен алғашқы кездесуде штаб мүшелері Шымкент қаласының даму әлеуетіне тоқтала келе, әрі қарай өркендеу бағытындағы Қ.Тоқаевтың бағдарламасындағы басымдықтар жайын сөз етті.
«Тәуелсіздік жылдарында Шымкенттің даму қарқыны жоғары болды. Енді тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азия мен ТМД аймағындағы ең ірі қалаға айналады деп сенеміз. Ол үшін кандидатымыздың бағдарламасында айтылғандай бір орында тұрмай өрлеу қажет. Ал өрлеу ауылды жерлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу, үш ауысымды мектептерді заманауи білім ошақтарымен ауыстыру, апатты жағдайдағы мектептерді жабу сияқты нақты істерден басталады», деді штаб жетекшісі М.Әшімбаев.
Сондай-ақ кездесуде Мәжіліс депутаты, Халық Қаһарманы Б.Ертаев, тележүргізуші Д.Нұржігіт, белгілі қаламгер Н.Оразалин, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Д.Қыдырәлі, қоғам қайраткерлері Қ.Сұлтанов пен З.Тұрысбеков, «Достық» қауымдастығының төрағасы И.Хакимжанов сөз алып, кандидаттың бағдарламасындағы негізгі басымдықтар мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұстанымдарға назар аударды.
Бұдан кейін насихатшылар тобы «Көрме» орталығында Шымкент қаласының жастарымен кездесті. Белсенді жастардан құралған «Team Qazaqstan» форумына 3 мыңнан аса жас қатысты. Жиналған жастардың алдында сөз алып, елдің ертеңіне бейжай қарамай, сайлауға шақырғандардың қатарында Қ.Тоқаевтың жақтастары Мәдина Сәдуақасова, Айқын Төлепберген, «Алашұлы» тобының әншілері, белгілі блогерлер Асхат Садырбай, Ерғазы Әзімханұлы және танымал актриса Құралай Анарбекова, тележүргізуші Дәулет Бижанов сияқты белсенді жастар болды.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген Әміржан Қосановтың сенім білдірілген адамдары Атырау қаласындағы «Ақжелкен» шығармашылық орталығының қызметкерлерімен кездесті. Жиында кандидаттың облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Ғалымжан Өтебаев сөз тізгінін ұстады. Насихатшылар тобы сайлауалды тұғырнаманы кеңінен таныстырып, кандидаттың түрлі мәселеге көзқарасы жайлы баяндап берді. Ал қатысушылар болса, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды.
Өңір-өңірде кандидаттың басты ұстанымдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп жатыр. Оның бағдарламасындағы «Жемқорлыққа жол жоқ» атты тарауында жемқорлықпен ымырасыз күрес халықаралық стандарттар бойынша жүргізілуі қажет екені, жемқорлардың мүлкін тәркілеп, оларға рақымшылық қолданбау, өмір бойы мемлекеттік қызметке жолатпау керек екені айтылған.
Сонымен қатар елордада Ә.Қосановтың республикалық сайлауалды штабында сайлау күні учаскелерде дауыс беру процесін қадағалайтын байқаушылар үшін семинар өткізілді. Шарада Дос Көшім байқаушылардың құқықтары мен міндеттері, сайлау кезінде орын алуы ықтимал түрлі жағдайлардағы әрекеттері жайлы түсіндірді. Қатысушылар қызығушылық танытқан тақырыптарын көтеріп, барлық өзекті сұрақтар төңірегінде мазмұнды пікір алмасты.
Ал «Аманат» азаматтық платформасы тәуелсіз байқаушылар бірлестігінің белсенділері президенттіктен үміткер Ә.Қосановтың Қарағанды облыстық сайлауалды штабына барды. Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға байқау жүргізу жұмысында тәжірибе алмасу мақсатында ұйым өкілдері штабтың жұмысымен танысты. Тараптар сайлауалды кезеңде жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісті.
* * *
«Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелді қолдауға арналған үгіт-насихат жұмыстарының аясында Жезқазғанда концерт өтті. С.Қожамқұлов атындағы музыкалық драма театрда өткен іс-шарада мысты шаһарға арнайы атбасын бұрған сайлауалды қоғамдық штаб өкілдері жиналған қауымға кандидаттың бағдарламасын жан-жақты түсіндірді.
«Жерінің асты кенге толы, үсті өнерлі жандармен ерекшеленетін, қадасын Қаныш Сәтбаевтай xалқымыздың біртуар ғалымы қадаған Жезқазған қаласына биыл 65 жыл толмақ. Алдымызда ел өміріндегі ерекше маңызды саяси оқиға тұр. Осы додаға түсіп отырған қоғам қайраткері, жазушы С.Түгелдің сайлауалды бағдарламасындағы төрт тұғыр – тіл, діл, жер, ар-намыс бір-бірінен ажырамас ұлттық құндылықтар. Оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің басты бағыттары бағдарламада айқын көрсетілген. Әділдікті ту етіп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жұмыссыздықты жойып, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, демографияға көңіл бөлу кандидаттың баса назар аударатын басым бағыттары», деді кандидаттың сенім білдірілген адамы, журналист Базаргүл Үмбетова.
Қазақ радиосының ардагері, диктор Күләш Молдаxметова президенттіктен үміткердің мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетудегі ерекше еңбегі жайлы айтып, тіл құдіреті жайлы Кәкімбек Салықовтың өлеңін оқып берді. Ал көрермендер арасынан сөз алған Жезқазған индустриялық-гуманитарлық колледжінің оқытушысы Ақгүлше Ибраева қоғам қайраткері С.Түгелдің бағдарламасын жүрегіне жақын қабылдағанын тілге тиек етті. Концертте Т.Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері Ардақ Мұқышев, Зәуреш Омарова, Ләйла Бекбалақова, Асxат Сағындықов, Зәуре Елбаева, Перизат Несіпбаева және Айзада Әбдіxалықова өнер көрсетті.
ҚР сайлау учаскелерінен тыс жерде дауыс беру
1. Қазақстанның барлық азамат дауыс беру күні сайлау учаскесіне келуге мүмкіндіктері болмаған жағдайда – сайлаушылар келесі себептер бойынша учаскеден тыс жерде дауыс бере алады: денсаулық жағдайына; отбасының сырқат мүшесіне күтім жасау себебіне; шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда болуына байланысты.
2. Сайлаушы тұрған жері бойынша дауыс беру туралы жазбаша өтінішін бере алады. Өтініш берудің соңғы мерзімі – жергілікті уақыт бойынша 9 маусым, сағат 12:00.
3. Учаскеге өтініш келіп түскен жағдайда, сайлау комиссиясының төрағасы сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қояды.
4. Комиссия мүшелері байқаушыларды, сенім білдірілген адамдарды және БАҚ өкілдерін сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс беру туралы хабардар етеді. Комиссия мүшелерінің шығу кезінде байқаушылар мен кандидаттардың сенім білдірілген адамдары ілесіп жүруге құқылы.
5. Үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшікке сайлау комиссиясының екі мүшесі ілесіп жүреді, олар бүлінуі мүмкін екендігі ескеріле отырып, бюллетеньдердің қажетті мөлшерімен қамтамасыз етілуге тиіс.
6. Бюллетень сайлаушыға жазбаша өтінішімен жеке басын куәландыратын құжат негізінде беріледі.
7. Бюллетень берген комиссия мүшесі оған өз қолын қояды, сондай-ақ сайлаушының өтінішіне қол қояды. Сайлаушының дауыс беру құпиясы міндетті түрде сақталады.
8. Сайлаушылардың бюллетеньдері бар тасымалданатын урна аумақтық сайлау учаскесіне қайтарылады.
Дайындағандар
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»